Қарағанды облысының тұрғындары күзгі ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінен өнімді тікелей шаруалардың өзінен нарықтағы құнынан 10-15 пайызға төмен бағамен сатып ала алады. Дәстүрлі жәрмеңкелердің алғашқысы Қарағандыда 3 қазанда өтеді.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жәрмеңкелерге өңірдің жеті ауданынан 90-нан астам ауылшаруашылығы тауарын өндіруші мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысады. Тұтынушыларға ұсынылатын өнімдердің бағасы орташа нарықтық құнынан 10-15 пайызға төмен болады.
Алғашқы жәрмеңкеге Қарағандыға 450 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі. Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі және 9 тонна балық өнімдері бар. Сондай-ақ сауда сөрелеріне 170 мыңға жуық тауық жұмыртқасы мен өзге де 20 тонна өнім қойылады.
Қарағандыдағы келесі жәрмеңкелер 10, 17 және 31 қазанда ұйымдастырылады. Ал 7 қарашада осындай сауда-саттық Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш және Приозерск қалаларында өтеді.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
