26 қыркүйекте Теміртауда қала күні атап өтіледі. Қала тұрғындары мен қонақтарын концерттер мен спорттық жарыстар, көрмелер мен жәрмеңке, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды музыкалық кешті қамтитын мерекелік бағдарлама күтеді.
Мерекелік шаралар қаланың алты тақырыптық алаңында ұйымдастырылады.
Мәдениет сарайының алдындағы алаңда кішкентай теміртаулықтарға арналған «Бақытты бала» балалар алаңы жұмыс істейді. Мұнда аниматорлар, клоундар мен ертегі кейіпкерлері балаларға арнап көңілді әрі қызықты бағдарлама ұсынады.
Мәдениет сарайының аллеясында «Шығармашыл Теміртау» шығармашылық алаңы ашылады. Мұнда жергілікті суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, музыканттардың өнерін көруге болады. Сонымен қатар тарихи-өлкетану мұражайының экспозициясы таныстырылып, буккроссинг ұйымдастырылады және басқа да танымдық әрі көңіл көтеруге арналған іс-шаралар өтеді.
«Астана» алаңындағы металлургтер монументі маңында «Жастармен бірге» жастар алаңы орналасады. Мұнда еріктілер мен студенттер белсенділік танытып, жас кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынады. Жастар үшін түрлі ойындар мен қызықты белсенділіктер ұйымдастырылады.
Спорт жанкүйерлері «Бірлік» гүлзарындағы «Жігерлі Теміртау» алаңына жиналады. Мұнда спорттың 11 түрінен қалалық жарыстар өтеді.
Мерекелік күннің сәнін гастрономиялық шаралар да кіргізеді. Фудкорт пен қала кәсіпкерлерінің жәрмеңкесінде келушілер түрлі тағамдардан дәм татып, жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатып ала алады.
Қала күнінің негізгі мерекелік шаралары «Бірлік» алаңында өтеді. Мұндағы бағдарлама сағат 12:00-ден 22:00-ге дейін жалғасады.
Күндіз сахнада қаланың үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, «Ретроперформанс» қалалық байқауы өтеді. Сағат 17:00-де кешкі бағдарлама «Жауыртау – бабалар жолы» театрландырылған прологымен басталады. Одан кейін Теміртаудың шығармашылық ұжымдары мен Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арай» ансамблі өнер көрсетеді.
Ал сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін сахна Қазақстан эстрадасының танымал орындаушылары мен арнайы қонақтарға беріледі. Кештің хедлайнері – AMRE. Сондай-ақ көрермендер «Мираж» тобының бұрынғы солисі Наталия Гулькинаның, ALTAIR x ABBI, ADIL’, DAKELOT, AFRO TROPICANA, ZHENIS және GULMIRA IZBASKHAN сынды орындаушылардың өнерін тамашалай алады.
Кешті Әлішер Самарбаев пен Нұргүл Өміртаева жүргізеді.
Мерекелік кеш әсерлі отшашумен қорытындыланады.
