Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – телефон арқылы «тез ақша табу» деген оймен, онлайн құмар ойынға баратын жас ұрпақтың көбеюі. Сонымен қатар, бәс тігу жарнамалары уәде ететін оңай ақша түрі де құрдымға жетелейді. Жасөспірімдер мен жастар көбінесе осындай жылдам ақшаға тартылады. Сондықтан осы мәселе «Заң мен тәртіп қағидаты аясында Қарағандыда өткен «Құмар ойындарға тәуелділік: қалай анықтау және алдын алу керек» атты білім беру модулінің мақсатты аудиториясына айналды.
Жаңа Конституцияда заң үстемдігі мен тәртіп мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі ретінде айқын көрсетілген. Бұл қағидаттың мәні тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты емес. Заң мен тәртіп – қоғамның барлық мүшесіне ортақ жауапкершілік.
2026 жылдан бастап «Заң мен тәртіп» қағидаты конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа заңнамалық тетіктер де күшейтіліп келеді. Оның басты мақсаты – тек жасалған құқық бұзушылық үшін жауапкершілік белгілеу емес, оған алып келетін себептер мен жағдайларды алдын ала анықтап, болдырмау.
Кездесуді ұйымдастырушылар орта мектеп және колледж студенттеріне қауіпті ерте анықтау және құмар ойындардың тәуелділікке айналуына жол бермеу жолдарын үйретті. Ата-аналар мен мұғалімдермен бірге кездесуге кәмелетке толмағандар қатысты, Қарағанды облысының прокуратура, полиция бөлімдері және әділет департаментінің өкілдері сөз сөйлеп, құмар ойын зардабын айтты.
Полиция бөлімінің киберқылмыс бөлімінің маманы Әділет Рахим атап өткендей, одан өз бетінше құтылу қиын болуы мүмкін.
– Қазіргі кезде жылдам ақша табу арқылы табысын молайтып аламын деп құмар ойындар ойнайтындар аз емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті.
Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген.
Құмар ойындарға араласқан адамға қайтар жол табу өте қиын. Құмар ойындарға тәуелді адам өзінің барлық ақшасын ғана емес, сонымен қатар отбасы мен достарының ақшасы мен мүлкін де бәске тігіп жібереді, – деп ескертді Әділет Рахим.
Сонымен қатар, құмар ойындардың салдары қылмысқа да жетелейді. Қарыздан кейін көбінесе алаяқтық, ұрлық, алдау және басқа да құқық бұзушылықтар болады. Сондықтан мұндай «оңай пайданың» бағасы тек құмар ойыншы үшін ғана емес, сонымен қатар оның отбасы үшін де жоғары, деп атап өтті Әділет министрлігінің құқық қорғау департаментінің басшысы Гүлфайруз Саттыбаева.
– Адамдар тез қаржы табамын деп ойлап, оңай ақшаға барады. Мұның бәрі құмар ойындарға тәуелді адамның барлық жинақтарын, содан кейін туыстарының ақшасын жоғалтуымен аяқталады. Нәтижесінде отбасылар қирайды, – дейді Гүлфайруз Саттыбаева.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен мұғалімдер интернетте көп уақыт өткізетін және үнемі ойын мен құмар ойынды ажырата алмайтын мектеп оқушыларына көбірек алаңдайды. Қарағандыдағы №19 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Имашевтің айтуынша, өзінің ұзақ мерзімді педагогикалық тәжірибесінде орта мектеп оқушыларының құмар ойындарға тәуелді болып қалу жағдайларын көрген.
– Сабақ арасындағы үзілісте жасөспірімдердің телефонда ойнауға қатты беріліп кететінін байқадым. Олардан нақты не ойнап жүргенін сұрадым, сонда олар біреуге ақша аударып жатқаны белгілі болды. Біз ата-аналарды талқылауға шақырып, телефондарына бақылау орнатуға кеңес бердік. Балаларымыздың мектепте де, үйде де не ойнайтынын және кіммен қарым-қатынас жасайтынын әрқашан бақылауымыз керек, – деп атап өтті Арман Аманұлы.
Кездесуге қатысушылар құмар ойын мен бәс тігудің заңды аспектілері, сондай-ақ қолданыстағы шектеулер мен азаматтарды қорғау механизмдері туралы да білді. Кәмелетке толмағандарға мамандар құмар ойынан аулақ болуды, мәселе туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін түсіндірді.
Ата-аналардың рөлі де талқылаудың маңызды бөлігі болды. Мамандар баланың мінез-құлқындағы айқын өзгерістерге ғана емес, сонымен қатар олардың ақшаға деген көзқарасына, күдікті аударымдарға, телефонды пайдалану кезіндегі құпиялылығына және бәс тігетін сайттарға деген қызығушылығына да назар аударуды ұсынды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
