Тілдік дағдыларды дамыту жолдары

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы, ғалым, драматург Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күніне орай қазақ тілі сабағында жазушының шығармалары арқылы білім алушылардың тілдік дағдыларын дамыту жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған.

Негізгі мақсаты – жас ұрпаққа Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан мол мұрасын таныту, шығармаларын оқуға қызығушылығын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Қазақ тілі сабақтарында қолдану арқылы білім алушылардың төрт негізгі тілдік әрекетін: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын жетілдіру мәселесі қарастырылады.

Көркем мәтін негізінде жүргізілетін тапсырмалардың білім алушының сөздік қорына, ойлау қабілетіне және коммуникативтік белсенділігіне ықпалы сипатталады.

Тілді меңгерудің нәтижесі білім алушының ережені қаншалықты жаттағанымен емес, оны қарым-қатынас барысында қолдана алуымен өлшенеді. Сондықтан қазақ тілі сабағында тілдік әрекеттің барлық түрін өзара байланыстыра дамыту маңызды.

Мұхтар Әуезов шығармалары осы мақсатқа сәйкес келетін көркем материалдардың бірі.

Оқылымды дамыту: Көркем мәтінмен жұмыс білім алушының оқу сауаттылығын жетілдіреді. Мәтінді оқыту барысында негізгі және қосымша ақпаратты ажырату, автордың ойын анықтау, кейіпкер әрекетіне баға бермей, мәтін негізінде дәлел келтіру тапсырмалары орындалады.

Мысалы білім алушыға «Мәтіндегі негізгі мәселе қандай?», «Оқиғаның дамуына қандай жағдай әсер етті?» деген сұрақтар қойылады.

Тыңдалым дағдысы: Әуезов шығармаларынан алынған үзіндіні оқытушының немесе кәсіби диктордың мәнерлеп оқуы арқылы тыңдалым тапсырмасын ұйымдастыруға болады. Тыңдалған мәтіннен кейін білім алушы негізгі ақпаратты анықтап, естіген жаңа сөздерін жазып, мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.

Айтылымды қалыптастыру: Айтылымды дамыту үшін кейіпкерлер арасындағы диалогті сахналау, оқиғаға байланысты пікір білдіру, кейіпкердің әрекетін түсіндіру, мәтін мазмұнын өз сөзімен баяндау сияқты тапсырмалар тиімді.

Бұл жерде басты назар дайын жауапқа емес, білім алушының өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізуіне аударылады.

Жазылымды дамыту: Жазылым тапсырмалары мәтін мазмұнына байланысты шығармашылық бағытта ұйымдастырылғаны жөн.

Мысалы:

кейіпкерге хат жазу;

оқиғаға байланысты пікір білдіру;

мәтінді жалғастыру;

шағын эссе жазу;

мәтін бойынша сұрақ құрастыру.

Бұл жұмыстар білім алушының сөздерді дұрыс байланыстырып, ойын жүйелі түрде жеткізуіне ықпал етеді.

Қорытай айтқанда, Мұхтар Әуезов шығармаларын төрт тілдік әрекетті дамытуға бағыттап пайдалану сабақтың коммуникативтік сипатын күшейтеді. Оқылым арқылы ақпаратты түсіну, тыңдалым арқылы негізгі ойды қабылдау, айтылым арқылы пікір білдіру, жазылым арқылы ойды жүйелеу біртұтас оқу әрекетіне айналады.

Осылайша көркем шығарма қазақ тілін меңгертудің ғана емес, білім алушының толыққанды тілдік тұлғасын қалыптастырудың да құралына айналады.

Гүлмира САҒАТОВА

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ