Нашақорлыққа қарсы күрес – ортақ міндет

Жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, нашақорлықтың зиянды салдарын түсіндіру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қарағанды қаласында профилактикалық кездесу өткізілді.

Шараны Қарағанды көлік прокуратурасы, Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының есірткі қылмыстарына қарсы күрес жөніндегі қызметкерлері және Дағдарыстық жағдай орталығының мамандары бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесуге Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері қатысты. Шара барысында мамандар жастарға есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар студенттерге есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекеттер жөнінде ақпарат берілді. Жастарға есірткіге тәуелділіктің алдын алу, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және қиын жағдайға тап болған кезде тиісті мамандардан көмек сұраудың маңыздылығы түсіндірілді.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Әсіресе жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіпті ұсыныстардан сақтану және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Нашақорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастырып, олардың болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал ету.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, салауатты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Жансая САДУАҚАСОВА,

ақпараттық саясат тобы