Газет тарихын кейде шыққан жылынан, алғашқы нөмірінен немесе бас редакторларының тізімінен бастаймыз. Ал «Орталық Қазақстанның» тоқсан бес жылдық жолына келгенде, тарихты бір датадан бастау жеткіліксіз секілді. Өйткені бұл – Қарағанды өңірінің ғана емес, қазақ қоғамының талай белесті кезеңін бірге өткерген, уақыттың тамыр соғысын тап басып отырған басылым.
Оның тарихында газет үшін ғана емес, тұтас журналистика үшін азаматтық ұстанымның өлшеміне айналған сәттер бар. Соның бірі – Нұрмахан Оразбеков басқарған кезең.
1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап газет маңдайшасындағы кеңестік дәуірдің «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұраны алынып, оның орнына «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қазақтың қанатты сөзі жазылды. Бұл сырт көзге бір ғана сөйлемнің ауысуы болып көрінуі мүмкін. Ал сол кезеңнің саяси ахуалын ескерсек, оның астарында үлкен қоғамдық мән жатты. Газет маңдайшасындағы бірауыз сөздің өзі уақыттың өзгеріп келе жатқанын аңғартты.
Ал сол жылдың тамызында бұл ұстаным сөз жүзінде емес, нақты азаматтық әрекетпен көрінді.
Кеңес Одағында билікті күшпен сақтап қалуға ұмтылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет құрылып, елде саяси дағдарыс басталған кезде көптеген ресми басылым оның мәлімдемелерін жариялауға асықты. Ал «Орталық Қазақстан» 20 тамыздағы нөмірінде болған оқиғаны бүкпесіз «төңкеріс» деп атады. Бас редактор Нұрмахан Оразбековтің «Иә, бұл – төңкеріс!» деген мақаласы сол күнгі газетке ғана емес, қазақ баспасөзінің тарихына жазылған батыл қадам болды.
Бұл жерде мәселе – баспасөздің өз миссиясын қалай түсінгенінде.
Оразбеков мақаласының соңында жауапкершілікті өз мойнына алатынын ашық білдірді. Яғни бас редактор үшін газет – кез келген ақпаратты жеткізетін құрал ғана емес, қоғамдық ұстаным қалыптастыратын, шындықты айтуға тиіс мінбер болды.
Сол себепті «Орталық Қазақстанның» тоқсан бес жылдық тарихына үңілгенде, оның ең басты миссияларының бірі – ұлттық сананың қалыптасуына қызмет ету болды деуге негіз бар. Бұл миссия бір күнде пайда болған жоқ. Газет талай жыл бойы елдің мұңын, жердің мәселесін, тілдің жайын, мәдениеттің тағдырын, тарихтың ақтаңдақтарын сөз етіп келді. Қоғамдағы өзгерістерді сырттай бақылап қана қоймай, оның ішінде жүріп, оқырманның ойына ықпал етті. Уақыт өзгерген сайын газеттің көтерген мәселелері де жаңарды. Бірақ елдік мүдде, жергілікті жұрттың сөзіне құлақ түру, ұлттық құндылықтарды қорғау секілді өзекті бағыттар сабақтастығын үзген жоқ.
Сондықтан «Орталық Қазақстанның» тоқсан бес жылдығын тек «газет тоқсан бес жыл бойы шығып келеді» деген дерекпен өлшеу аздық етеді. Оның ғұмыры – өңірдің қоғамдық ойының, журналистік ізденістің, ұлттық сананың өсу жолының бір бөлігі.
Осы ұстаным «Орталық Қазақстанның» кейінгі тарихында да жалғасын тапты. Газет талай буын журналисті тәрбиеледі, талай қаламгердің қанатын қатайтты, талай азаматтың сөзін елге жеткізді. Бір кездері өзі қалыптастырған журналистік мектеп кейінгі буынға жалғасты.
Сөйтіп, тоқсан бес жыл ішінде бір газет қана емес, тұтас дәстүр қалыптасты. Ол – өңірдің сөзін сөйлеу, елдің жоғын жоқтау, ұлттың рухани құндылығын ұлықтау және ең бастысы, сөздің жауапкершілігін сезіну дәстүрі.
Бүгін «Орталық Қазақстан» өзінің тоқсан бес жылдығына жеткенде, оның алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Ол – өткеннің шежіресін сақтау ғана емес, бүгінгі күннің үнін ертеңге жеткізу. Өйткені бүгінгі газет бетіне түскен әрбір мәселе, әрбір тағдыр, әрбір пікір – ертеңгі тарихтың дерегіне айналады.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
