Сабақтан қалған кім – Қожа, сөмкеге бақа салған кім – Қожа, лагерьден қалған кім, тағы Қожа… Бұл жерде жалғыз Қожа емес, оның орнына мінез-құлқы тура сол тақілеттес басқа кейіпкерді қойсақ та ауажайылып кете қоймаймыз. Шын мәнінде бұлар қиғаш та, қисық та емес, еркіндік сүйгіш, бірбеткейдің өзі еді де, адамның бәрін қалыптан шықпайтын етіп қалыптастыруды көздеген жүйенің өзі сорақы емес пе еді?
Қазақ заманды күн дейді ғой. Заманына қарай адамдық та, ар-намыс та емес, амалы жүреді. Сөйте-сөйте ол қалып пен қағидатқа айналады да, тәуелсіз тұрпатты кісі өзгеше ойлайтындар қатарына кіреді де, жолы ауырлай береді.
Қожа сабақ арасындағы үзілісте Жантастың бетінен жасыл сиямен тартып салады. Қос саусақты «мүйізатар» (рогатка) орнына аша қылып, резеңкемен көздеп тартқанда, сия сіңген қағаз бетіне былш етіп, ана байқұс еңіреп ала жөнеледі. Сонда именуді білмейтін азат рух иесі сыныптасының емес, көлгірсіген жасандылықтың бетіне былш еткізгендей әсерге көмеді. Өнер құдіретінің бір тіні сол, қаптаған жасандылық атаулының күл-талқанын шығарып, адамды табиғатына үңілдіріп, жүрекке жүгініп өмір сүруге үндейді. Анығында, адамзат жаралғалы бірге жасап келе жатқан өнердің қызметін ешкім өз мәнінде бағалап бере алмайды. Биіктік те, тереңдік те емес, жүректің көзін ашып өмір сүруге жетелейтін секілді, енді бір қарасаң басқа сияқты деген сыңайда.
Кейде бір дүниені түсіндіру үшін оған екінші туындының сәулесін түсіргенде, алғашқының жұмбағы өзінен-өзі шешіліп қалады. Мәселен, жақында «Неуместный человек» атты фильм көрдім де, Қожаның шындығына жақындай түскендей әсер алдым. Сөйтіп, Соқпақбаев пен Қарсақбаевтың құдіретіне қайта бір бас игендей болдым. Балалар фильмінің астарына үңілген сайын ұшпағынан ұлы айдындар ашылып сала береді. Меніңше әлгі екі туынды алыстан туысады. Екеуінің түйісетін жері – «қалыпты адам» мәселесі. Алғашқысы соған («қалыпты адам») дайындықты күйретуді көздейді. Егер өмірде Қожаның қарсылығы мен тентектігі болмаса, қалып бұзылмайды. Шындығында адам қоғамды қалыптастыру керек емес пе? Кейде керісінше қоғам адамды өзіне ыңғайлап шығарады. Бұл – өте қауіпті құбылыс.
Йенс Лиеннің 2006 жылы шыққан норвегиялық «Ыңғайсыз адам» фильмінің басында айдалада аялдама тұрады. Автокөлікпен келген бір жолаушы оның маңдайшасына әкеліп, «қош келдіңіздер» деген плакат іледі де, аялдамадан тиісті кісі түскен соң, әлгі плакатты жинап алып кетеді… Автобустан түскен кейіпкер бәрі мінсіз, жайлы, тәртіпті болып көрінетін қалаға орнығып, сонда күнелтеді. Бірақ әлгі қоғамда адамның ішкі сезіміне, қуанышы мен қайғысына орын жоқ. Дәм жоқ, не мән жоқ, бәрі жып-жылмағай, тап-тұйнақтай, алайда шынайылықтың қылтанын таппайсыз. Ең қауіптісі, күліп-ойнаған бала, өскен бақша, ескен самал, біреу біреуді байқаусыз ұнатып қалуды ырымға таппайсыз. Кісі табиғатымен ашылып өмір сүрмейді. Әрине, тұрмыстық тұрғыда бәрі жеткілікті. Бұл бірақ кісі көңілін көншіте ме? Әуелі жан жүру керек емес пе?
Қожа болса, қоғамға «тәртіпсіз бала» болып көрінеді. Бірақ фильм көрерменді біртіндеп: «Қожа шынымен тентек пе, әлде біз оның табиғи мінезін дұрыс қабылдай алмай отырмыз ба?» – деген сұраққа жетелейді. Баланың еркіндігі мен мектеп, мұғалімдер, үлкендер талап ететін тәртіп арасында қайшылық бар. Қожа сияқтылар тыныштықты бұзбаса, жоғарыда біз мысал еткендей жып-жылмағай қоғам қалыптасып кетпей ме? Қоғам адам болмысына жол ашпаса, біздің адамдығымыз қайда қалады?
Тентектеу баланы ересектер «түзегісі» келеді. Сөйтсе де фильмнен біз бұзық жеткіншекті емес, өзін іздеп жүрген адамның еркіндік әлемін көреміз. Өнердің адамға жасайтын ең үлкен әсері – оны дайын жауапқа көндіру емес, өз болмысына үңілуге мәжбүр етуі шығар. «Менің атым Қожада» біз қоғамға сыймай жүрген баланың ішкі әлеміне үңілеміз. Ал «Ыңғайсыз адамда» қоғамға әбден сыйып кеткен кісінің көпшілік ішінде өзін жоғалта бастағанын аңғарамыз. Бірінде адамды қалыпқа салғысы келген орта бар, екіншісінде қалыптың өзі адамды іштей кеміріп, барынан айырады. Айналып келгенде, адам болып қалу үшін қоғамға бейімделу керек пе? Өнер адам табиғатына үңілдіріп, жүрекке жүгіндіреді деген ойымыз да осы жерден айқұлақтанады. Шындап келгенде коммунистік қоғам құру идеясы, жайлы өмір қалыптастыру кісі баласының рухын тұйыққа тірейтінін әлеуметтанушылар да айтады. Аталған туындылар оған өнер жағынан көз тігеді. Өмір «мінсіз», бірақ ең керекті құндылықтар жоғалса қайткен жөн? Қолайлы қоғамның қоламтасын үрлеп тұру үшін Қожалар керек!
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
