Балқаш көпсалалы ауруханасының перзентханасында жоғары сапалы кардиотокография жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи мониторлар пайда болды.
Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелердің өмірлік көрсеткіштерін бақылау үшін мониторлар сатып алынды.
Жүкті әйел мен құрсақтағы сәбидің жағдайын диагностикалау үшін арнайы мониторлар қажет. Олар жатырдың жиырылуын тиімді түсіреді және баланың қозғалыс белсенділігін, жүрек соғу жиілігінің көрсеткіштерін көрсетеді.
– Жүкті әйелдерге уақтылы көмек көрсету үшін ұрық мониторлары қажет. Олар көп деңгейлі дабыл функциясымен жабдықталған. Нақты уақыт режимінде жүкті әйелдің жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Бақылау бір ұрықты жүктілікке де, екі ұрықты жүктілікке де жүргізілуі мүмкін, – дейді перзентхана меңгерушісі Ләззат Досқараева, – Кез-келген мемлекеттің даму деңгейінің басымдығы мен индикаторы нәресте өлімінің төмендеуі болып табылады. Құрылғылар жүктілік және босану кезінде ұрықты бақылауға мүмкіндік береді.
Балқаш өңірінде жылына орта есеппен 1700-ден 2000-ға дейін сәби дүниеге келеді. Оның ішінде босанудың 35–40 пайызы әртүрлі факторлармен қиындайды.
Патологиялар аналардағы экстрагенитальды аурулардан, жасынан, дене салмағының индексінен, әйелдің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерінен, тұқым қуалаушылықтан, ұрықтың болжамды салмағынан, сондай-ақ отбасының әл-ауқаты, климат, қоршаған орта, экология сияқты сыртқы себептерден туындайды.
– Патологиялық жүктілік және босану кезінде кардиотокография – бұл әр босанған әйелге арналған тактика, ұрыққа қауіп төндіретін жағдайларды диагностикалау, оның белсенділігі, ұйқысы туралы ақпарат беретін және босану әрекетін талдайтын таптырмас аппарат, – деп атап өтті Ләззат Досқараева. – Автоматтандырылған антенатальды және интранатальды кардиотокография қазіргі уақытта алтын стандарт және зерттеудің ең тиімді әдісі болып табылады.