Түлектер жәрмеңкесі – болашаққа бастар жол

Бүгінгі білімді жас – ертеңгі білікті маман, ел экономикасының дамуына үлес қосатын кәсіби кадр. Осы орайда білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, жастардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беретін түлектер жәрмеңкесінің маңызы зор.

2026 жылдың қазан айында Әбілқас Cағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Түлектер жәрмеңкесі» ұйымдастырылды.

Түлектер жәрмеңкесі – жас мамандар мен жұмыс берушілерді тоғыстыратын маңызды алаң. Мұндай шаралар бітіруші түлектерге еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен танысуға, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыруға және кәсіби болашағын жоспарлауға жол ашады.

Жәрмеңке барысында түрлі мекеме мен кәсіпорын өкілдері өз ұйымдарындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, жұмысқа орналасу талаптарымен таныстырады. Сонымен қатар түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Бұл – теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, еңбек жолын бастауға жасалған алғашқы қадамдардың бірі.

Әсіресе, техникалық  мамандықтар бойынша білім алған жастар үшін мұндай кездесулердің маңызы ерекше. Өйткені өндіріс саласының дамуы білікті, ізденімпаз әрі заманауи технологияларды меңгерген мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан оқу орындары мен жұмыс берушілердің өзара ынтымақтастығы түлектердің кәсіби қалыптасуына ықпал етеді.

Түлектер жәрмеңкесі жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін арттырады. Әрбір түлек үшін бұл – алған білімін тәжірибеде қолдануға, кәсіби қабілетін көрсетуге және болашақ мансабына бағыт таңдауға берілген мүмкіндік.

Қорыта айтқанда, түлектер жәрмеңкесі – білім мен еңбекті байланыстыратын, жас мамандардың кәсіби жолына бағыт беретін маңызды шара. Білімді де білікті жастардың еңбек нарығына сәтті қадам басуы – ел болашағының жарқын болуының кепілі.

Жас маманға жол ашу – ел болашағына мүмкіндік беру!

Қарлығаш НҰРЖАНОВА