Абай поэзиясы арқылы тілге деген сүйіспеншілікті арттыру

Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – ұлттық руханиятымыздың баға жетпес қазынасы. Абай поэзиясы адамды білімге, еңбекке, ізгілікке, адамгершілікке үндеп қана қоймай, қазақ тілінің көркемдігін, байлығын және тереңдігін танытады. Сондықтан ақын шығармаларын тіл үйрету үдерісінде тиімді пайдалану білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі білім беру үдерісінде білім алушының тек дайын ақпаратты қабылдауы емес, өздігінен ізденуі, ой қорытуы және өз пікірін еркін жеткізе білуі маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың өлеңдері – тілдік дағдыларды дамытудың тиімді құралы.

Абай өлеңдері – тіл үйретудің тағылымды құралы. Абай шығармаларында қазақ тілінің сөздік қоры молынан көрініс табады. Ақынның өлеңдерін оқу арқылы білім алушылар жаңа сөздермен танысып, олардың мағынасын түсінеді, синонимдер мен антонимдерді ажыратады, тұрақты тіркестердің қолданылу ерекшелігін байқайды. Мысалы, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін талдау барысында білім алушылар ақын көтерген білім, ғылым, еңбек, талап, адамгершілік мәселелері туралы пікір алмасады. Өлеңдегі сөздердің мағынасын ашып, көркемдік ерекшеліктерін анықтау арқылы олардың сөздік қоры молаяды.

Ал «Әсемпаз болма әрнеге» шығармасы мамандық таңдау, еңбек ету, қоғамға пайда келтіру тақырыптарымен байланыстыра талқылауға өте қолайлы. Мұндай жұмыстар білім алушының тілдік білімін өмірлік тәжірибесімен ұштастыруына жол ашады.

Оқытушымен өздік жұмыс сабағында қолдану. Абай шығармаларын білім алушының оқытушымен өздік жұмысы (БАОӨЖ) сабақтарында пайдалану ерекше тиімді. Бұл сабақтарда білім алушының ізденуіне, шығармашылық қабілетін көрсетуіне және өз ойын дәлелді жеткізуіне жағдай жасауға болады. Мәселен, сабақ барысында білім алушыларға Абайдың белгілі бір өлеңін алдын ала зерттеп келу тапсырмасы беріледі. Олар шығарманың негізгі идеясын анықтап, түсініксіз сөздерге түсіндірме жасайды, көркемдегіш құралдарды табады және өлең мазмұны бойынша өз пікірлерін дайындайды.

Оқытушымен өздік жұмыс кезінде мынадай тапсырмаларды ұйымдастыруға болады:

  • Абай өлеңінен жаңа сөздерді теріп жазып, олардың мағынасын анықтау;
  • өлеңдегі синоним, антоним, омоним сөздерді табу;
  • тұрақты сөз тіркестерін анықтап, сөйлем құрастыру;
  • өлеңнің негізгі идеясын өз сөзімен баяндау;
  • белгілі бір шумаққа тілдік және көркемдік талдау жасау;
  • өлең мазмұны бойынша пікірталас ұйымдастыру;
  • Абайдың сөздерін қазіргі өмірмен байланыстырып, шағын эссе жазу;
  • шығармашылық тапсырма ретінде ақын өлеңіндегі ойды постер, презентация немесе жоба түрінде қорғау.

Мұндай тапсырмалар білім алушыны дайын жауапты іздеуге емес, өздігінен ойлануға, зерттеуге және қорытынды жасауға бағыттайды.

Тілдік дағды мен ұлттық құндылықты қатар дамыту. Абай поэзиясының тағы бір ерекшелігі – тіл үйретумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беруі. Ақынның шығармаларында білім, еңбек, ар-ұят, адамгершілік, талап, әділдік секілді ұғымдар кеңінен қозғалады.

Сабақ барысында білім алушылар өлеңнің тілдік ерекшелігін талдай отырып, оның тәрбиелік мәнін де түсінеді. Мысалы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген ойды талқылау арқылы мамандық таңдау, қоғамдағы адамның орны және жауапкершілігі туралы пікір алмасуға болады.

Бұл тәсіл білім алушының қазақ тілінде еркін сөйлеуіне ғана емес, өз ойын мәдениетті түрде жеткізуіне, пікірін дәлелдеуге және ұлттық мұраға құрметпен қарауына ықпал етеді.

Заманауи сабақ – шығармашылыққа негізделген сабақ. Бүгінгі білім алушыға тек мәтінді оқытып, сұраққа жауап беру жеткіліксіз. Абай шығармаларын заманауи әдістермен ұштастыру сабақтың мазмұнын жандандырады. Мысалы, білім алушылар Абай өлеңдерінен қанатты сөздер жинағын құрастырып, олардың мағынасын түсіндіре алады немесе өлең мазмұнына байланысты қысқа бейнеролик, презентация, инфографика дайындай алады.

Сонымен қатар топтық жұмыс барысында әр білім алушыға жеке рөл беру арқылы олардың белсенділігін арттыруға болады. Бір білім алушы мәтіннің тілдік ерекшелігін зерттесе, екіншісі көркемдік құралдарды анықтайды, үшіншісі өлеңнің тәрбиелік мәнін ашады. Соңында топ мүшелері өз жұмыстарын ортаға салып, ортақ қорытынды жасайды.

Абай поэзиясы – қазақ тілін оқытудың ғана емес, ұлттық дүниетанымды қалыптастырудың да қуатты құралы. Ұлы ақынның әрбір өлеңі білім алушыға тілдің байлығын танытып, сөзді дұрыс қолдануға, ойды көркем әрі нақты жеткізуге үйретеді.

Оқытушымен өздік жұмыс сабақтарында Абай шығармаларын жүйелі түрде пайдалану білім алушылардың зерттеушілік, шығармашылық және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – білім алушы Абай сөзінің мағынасын түсініп қана қоймай, оның өмірлік мәнін сезіне бастайды.

Абай поэзиясы – ана тілін үйретудің ғана емес, ана тілін сүюге тәрбиелеудің де алтын көпірі. Ұлы ақынның мұрасын сабақта тиімді пайдалану арқылы біз сауатты сөйлейтін, ойы терең, ұлттық құндылықтарды бағалайтын білімді ұрпақ қалыптастыруға өз үлесімізді қоса аламыз.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ