Ұлы ағартушы, көрнекті педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай 2026 жылдың 29 қазанында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ, «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.С.Қалыбекова, профессор Қ.М.Хамзина, қауымдастырылған профессорлары Н.Т.Нығметова, Н.М.Әубәкіров, аға оқытушылары Г.Қ.Сағатова, Ш.А. Жетпісбай, Г.С.Байпелова, Г.М. Әбілқасов, К.К.Нуржанова, оқытушылар А.Т.Аманжолова, А.Б.Біраяқтардың ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының арасында «Даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин» тақырыбында аймақтық мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Тағылымы мол мәдени шараның басты мақсаты – қазақ халқының біртуар ағартушысының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және оқушылардың мәнерлеп оқу шеберлігін дамыту.
Байқау барысында қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері мен тәрбиелік мәні зор әңгімелерінен үзінділер оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір қатысушы ұлы ұстаздың шығармаларын жүрекпен сезініп, дауыс ырғағы мен сахналық мәдениеті арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Олардың орындауындағы «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» сынды тағылымды туындылар ағартушының білімге, өнерге және ізгілікке үндеген асыл мұрасын тағы бір мәрте жаңғыртты.
Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасы шығарманы мәнерлеп оқуына, дауыс мәнеріне, сахна мәдениетіне, мәтінді түсініп жеткізуіне және орындаушылық шеберлігіне баса назар аударды. Байқау жас дарындардың қабілетін танытып қана қоймай, олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға да ықпал етті.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында білім шырағын жаққан, ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағымен байланыстырған ұлы тұлға. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деп басталатын жалынды үндеуі бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ағартушының шығармалары жас ұрпақты білімге құштарлыққа, еңбекқорлыққа, адамгершілікке және елін сүюге тәрбиелейді.
Осындай мазмұнды шаралар ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, ұлттық әдеби мұрамызды дәріптеуге жол ашады. «Даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин» атты аймақтық мәнерлеп оқу байқауы қатысушыларға рухани шабыт сыйлап, ағартушы мұрасының мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте айшықтады.
Ұлы ұстаздың білім мен тәрбиеге негізделген тағылымды жолы жас ұрпақтың жүрегінде жалғасын таба бермек.
Қаламқас ҚАЛЫБЕКОВА,
Қарлығаш НҰРЖАНОВА
