Қазіргі таңда адам денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және дене белсенділігін арттыру – қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі. Күнделікті күйбең тіршілік, ұзақ уақыт компьютер алдында отыру, қозғалыстың аздығы адам ағзасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Осындай жағдайда сауықтыру фитнесінің маңызы зор.
Сауықтыру фитнесі – адамның денсаулығын нығайтуға, дене бітімін қалыптастыруға, күш-қуатын арттыруға және көңіл күйін жақсартуға бағытталған дене жаттығуларының жүйесі. Оның басты мақсаты – кәсіби спорттық жетістікке жету емес, адамның денсаулығын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру.
2026 жылдың қазан айында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ «Күміс университет» бағдарламасы негізінде 50 жастан асқан қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамына «Денсаулық фитнесі» курсы ұйымдастырылды. Осындай тегін сауықтыру курсының пайдасы зор болды.
Курстың мақсаты – тек дене шынықтыру емес, адамның өмірге деген көзқарасын жақсартып, жан мен тәннің үйлесімін табу. Сондықтан спорт – саулықтың, сергектіктің және табыстың негізі деп ойлаймыз.
Сауықтыру фитнесімен айналысу үшін міндетті түрде спортзалға бару қажет емес. Күніне жаяу серуендеу, таңертең бірнеше минут жаттығу жасау немесе лифтінің орнына баспалдақпен көтерілу де пайдалы әдеттердің қатарына жатады. Маңыздысы – денені үнемі қозғалыста ұстап, белсенді өмір салтын қалыптастыру. Дегенмен жаттығу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Жаттығуды жеңіл қимылдардан бастап, жүктемені біртіндеп арттырған дұрыс. Дұрыс тамақтану, жеткілікті су ішу және уақытылы демалу да денсаулықты нығайтудың маңызды бөлігі болып саналады. Ал денсаулығында белгілі бір мәселелері бар адамдар жаттығу бағдарламасын таңдағанда дәрігердің кеңесіне жүгінгені жөн.
Қорыта айтқанда, сауықтыру фитнесі – денсаулықты сақтаудың, күш-қуатты арттырудың және ұзақ әрі белсенді өмір сүрудің тиімді жолы. Денсаулық – адамға берілген ең үлкен байлық. Сондықтан әрбір адам дене белсенділігін күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, салауатты өмір салтын ұстануы керек.
Осындай игі бастамаларға қолдау көрсетіп, оқытушылардың денсаулығы мен әл-ауқатына көңіл бөліп отырған университет басшылығы мен сапалы қызмет көрсетіп, әрбір жанға жылы қарым-қатынас танытқан мамандарға шынайы ризашылығымды жеткіземін. Еңбектеріңіз жемісті, істеріңіз берекелі болсын!
Қозғалыс бар жерде – өмір бар, ал денсаулықты күту бүгіннен басталады!
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
Қарлығаш ХАМЗИНА
