Айтары мол «Айналайын 2»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында инклюзивті білім беру мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселесіне айрықша тоқталғаны мәлім. «Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет. Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек» деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қарағандыдағы №1 арнайы мектеп-интернатында мейірім мен жылуға толы тағылымды іс-шара өтті. Өңірдегі зағип және нашар көретін балаларға базарлық ретінде бедерлі-нүктелі қаріппен жарық көрген «Айналайын 2» жинағының тұсауы кесілді. Бұл – тағдыр сынына мойымаған бүлдіршіндердің рухани көкжиегін кеңейтіп, әдебиеттің тұңғиық әлеміне жетелейтін бірегей жоба.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, оларға кедергісіз орта қалыптастырып, қоғам өміріне етене араласуына тең мүмкіндік жасау мәселесін әрдайым назарда ұстап келеді. Осы орайда «Айналайын» кітабының Брайль жүйесімен оқырманға жол тартуы – Президенттің «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы мен инклюзивті қоғам құру бағдарының нақты көрінісі іспетті.
Игілікті іс Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен арнайы кітапхананың ұйытқы болуымен жүзеге асты. Салтанатты рәсімде кітаптың тұсауын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен белгілі ақын, «Білте» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мыса кесті. Жүрекке жылылық ұялатқан жиынға жергілікті билік өкілдерінен бөлек, «Қамқор плюс», «Жалын», «Шырақ» сынды бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен жанашыр азаматтар қатысып, балалардың қуанышына ортақтасты.
Жаңа жинаққа Арқа өңіріндегі 15 автордың әңгімелері мен өлеңдері топтастырылған. Шығармалардың алтын арқауы – туған өлкенің тамырлы тарихы, тұнық табиғаты, абзал адамдары мен ұлттық құндылықтары. Көру қабілеті шектеулі балалар ендігі жерде бұл туындыларды Брайль қарпінің көмегімен өз бетінше оқып, сөз өнерінің сұлулығын саусақ ұшымен сезіне алады. Бұл олардың қиялына қанат бітіріп, туған жерге деген перзенттік махаббатын оятатыны сөзсіз.
Кітаптың маңыздылығы тек әдеби туындыларды жинақтауында ғана емес, оның зияткерлік әлеуетті көтеруге қосар үлесінде. Осы тұрғыда сөз алған облыстыш ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов жобаның жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына арнайы тоқталды.
– Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру, кітап оқу мәдениетін дамыту және өскелең ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бастамаларын өңірде жүзеге асыруға бағытталған. Көру қабілеті бұзылған балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттырып, олардың кітап оқуы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға жол ашатын «Айналайын» кітабы балалардың рухани дүниесін байытып, әдебиет әлеміне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деді ол.
Шын мәнінде, «Айналайын» секілді ізгілікті жобалар өңірдегі инклюзивті ортаның іргесін бекітіп, жас өскіндердің өмірге деген құштарлығын арттыра түседі.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ