Салдармен емес, себеппен күресейік

Биылғы наурыз айы күннің күрт ысып, қарғын судың әлекке салуымен есте қалатын болды. Қарағанды облысында қазір жағдай тұрақталғанымен, сақтық шаралары саябырсыған емес. Өткен бір аптаның ішінде бірнеше ауылға су кірді.

Қарағанды облысы Шет ауданы аумағында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жалпы 40 үйді су басып, Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал елді-мекендерінде 292 адам эвакуацияланды, оның 114-і балалар.

Қазіргі уақытта барлық эвакуацияланғандар қауіпсіз жерлерде, қауіп-қатер мен су деңгейі төмендеген уақытта тұрғындарды тұрғылықты жерлеріне қайтару мәселесі қарастырылатын болады.

– Ауданымыздың кейбір ауылдық елді мекендеріне су кіру фактісі тіркеліп, тұрғындар қауіпсіз орындарға эвакуацияланған болатын.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен және жергілікті атқарушы органдардың үзіліссіз жасаған жұмыстарының нәтижесінде көптеген елді мекендерді су басудан сақтап қалдық.

Бүгін Нұраталды округіне қарасты Ақсу ауылында болып тұрғындармен жүздесіп, ондағы жағдайды тағы бір мәрте өз көзіммен көріп қайттым.

Сондай-ақ, Ақсу-Аюлы округіне қарасты Қайрақты ауылының бірнеше тұрғынын жеке қабылдап, өтініштерін тыңдадым.

Қазіргі уақытта ағын судың деңгейі едәуір төмендеді. Барлық бағытта автокөлік қозғалысы ашық, –  дейді Шет ауданы әкімі Мұхит Мұхтаров.

Қарағанды облысында қарғын судан республикалық маңызы бар жолдар да жабылып қалған күндер болды. «Алматы – Екатеринбург» тас жолының 1610 шақырымында еріген қар суы көп мөлшерде келуіне байланысты жол бойынан су асып кетті (ені 90-100 м, тереңдігі 10-20 см).

Бұқар жырау ауданында «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» жолының 44 шақырымында еріген судың қарқынды ағыны салдарынан су тасқыны болды.

Ақтоғай ауданында «Ақтоғай – Нұркен» облыстық маңызы бар жолдың бойында жол учаскесі жабылды бар. Қарқаралы ауданында облыстық маңызы бар «Егіндібұлақ-Қоянды-Бүркіті» автожолының 67 шақырымында еріген қар суының қарқынды ағысы жол жамылғысын шайып кетті.

Шет ауданы, Нұраталды ауылдық округі, Шопа ауылына кіреберіс жолында қар еріп, Шерубай-Нұра өзені деңгейінің көтерілуі нәтижесінде су тасқыны кесірінен Шопа ауылына жол жүру шектелді.

Осының өзінен аймақта қаншалықты қарғын судың әбігерге салғаның білуге болады.

Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Самарқанд су қоймасында 73 млн текше метр көлемде бос орын дайындалса, бүгінгі күні су қоймасы 83%-ға толған.

Осы уақыт аралығында 3 елді мекенде 34 үйді су басты. Шерубай-Нұра өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты Төтенше жағдайлар бөлімі мен Қайрақты кентінде 67 адамды, оның ішінде 32 баланы эвакуациялады. Олар Ақсу-Аюлы ауылындағы туыстарына орналастырылды. Мал биік жерге айдалды. Ауылда 9 үйді су басып, тағы 15 үйді су басу қаупі төніп тұр.

Красная поляна ауылдық округіне қарасты Деріпсал ауылындағы Шерубай-Нұра өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты 1 үйді су басып, үй иесі көрші үйге көшірілді.

Нұраталды ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылындағы Шерубай-Нұра өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты 24 үйді су басты. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жолдың сол жағынан оң жағына 119 адамды (40 бала) эвакуациялады, олардың барлығы туыстарына орналастырылды.

Бір айта кетерлігі қазіргі кезеңде себеппен емес салдармен күрес белең алып тұр. Төтеншеге иек артып алғанымыз сол, жылда айналып қайта соғар көктемге дайындығымыз да шамалы.

Дегенмен, бір ауылды, оның әкімі туралы осы жерде айта кетуді жөн санадық. Өйткені, ол көпке үлгі боларлық тұлға. Әңгіме Шет ауданы Талды аулының әкімі Нұрлан Әбжанов болмақ.

«3 күн, 3 түн арпалыспен өтті! Дүлей тасқын сабасына түсті.  Бірі етек бірі жең болған,  ежелден маған ел болған  ауылдастарыма ырзамын! Қолда бар техника мен жастар бір адамдай жұмылды. Тонналаған инертті материалдар аулалар мен су бұзу қаупі бар өзен қылталарына төгілді. Су бұзып кеткен жерлер сол мезетінде жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары сеңді бұзуға жәрдемдесті. Аудан басшылары жанар-жағармай, қап, қосымша техникамен қамтамасыз етті. Астанадан 4 камазбен әскерилер жетті. Әкімдік мамандары қалтқысыз қызмет етті . Осындай Жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық арқасында Талды ауылы тұрақты қалпын сақтап қалды. Мал-жан шығыны жоқ. Су кірген үйлер жоқ. Алапат тасқын бәсеңсіп, су өз арнасына оралды», – деп ауыл әкімі әлеуметтік желіге шығып, жағдайды жеткізіп отырды.

Ауыл әкімінің бір жаңашылдығы әрі ауылға деген жанашырлығы  – былтыр күзде ауылға жақын өтетін өзеннің арнасын кенейтіп, жаңадан үш су арнасын салуы еді. «Осы үш арна көп көмек болды», – дейді ол.

Иә, себеппен емес, салдармен күресейік. Бұл көктем бізді бәлкім осыған үйретер.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *