Қарағандылық «Тұлпар» командасы футзалдан Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Ол U15 санатындағы 2009–2010 ж. т. жасөспірімдер арасында үздік атанды.
Республикалық біріншілік үш кезеңде өтті. Біріншісі – қарашада Алматыда, екіншісі – қаңтарда Қарағандыда, үшіншісі – наурызда Ақтөбеде. Барлығы 18 команда қатысты.
– Чемпионат қызықты, қарқынды өтті. Біз 17 ойын өткіздік. Оның 15-ін жеңдік. Астанадан келген «Сайран» командасы бізден бір ұпайға артта қалды. Жаңаөзен футбол академиясының командасымен тең ойнадық. Біздің жеңісімізге қарқынды жаттығулар, балалардың күш-жігері мен тактикалық машықтары, схемалары көмектесті, – дейді команда жаттықтырушысы Юрий Филиппов.
«Тұлпар» футболшысы Расул Әкімов жарыс қорытындысы бойынша «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды.
ҚР біріншілігінің үздік бомбардирі болу үшін тұлпарлық Владимир Вольманға соңғы ойында бірнеше гол жетіспей қалды.