Студенттік өмір – адам өміріне берілетін жарқын болашақ пен үлкен мүмкіндіктердің бастамасы. Ауылдан арман қуып, Қарағанды университетіне оқуға түсіп, армандарымның бірі орындалған кез. Мектепті үздікке аяқтап, ата-анам мен ұстаздарымның мақтан тұтқан жас жеткіншектің үлкен өмірге аяқ басқан сәті. Біз мектеп бітірген жылы пандемияға байланысты онлайн форматқа көшкен кезең болатын. Біз үшін де «қашықтықтан оқу» оңай болған жоқ, алайда біздің университет онлайн оқытуға дайын болғандықтан, біз тез үйрендік және бұл білім сапасына айтарлықтай әсерін тигізбеді. «Қашықтықтан оқу» қазіргі кезде өзекті және алыста тұратындарға үлкен, қол жеткізбес қолайлы формат деп ойлаймын.
1-курс ешнәрседен хабары жоқ, мүлде бейтаныс орта, жаңа адамдар, өзгеше сабақтар, талабы көп ұстаздар болды, алғашында үйренісу қиынға соқты. Дегенмен, біздің университетте білім алуға және өзінді жан-жақты дамытуға, бейімделуге әртүрлі үйірмелермен қатар, іс-шаралар қарастырылған.
Экономика және қаржы саласы қызықтырып, «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасына оқуға түстім, берілген мамандықтан басқа біздің «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасы «Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасы бойынша да студенттерді даярлайды. Бухгалтер мамандығы теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларды талап етеді, сонымен қатар маман иесі әрдайым заңнамадағы өзгерістерді игеріп, қиындықтарға төзімді болып, өз білімі мен біліктілігін әр уақытта дамыту керек. Кафедра 1974 жылдан бастап өз жұмысын қарқынды түрде атқарып келеді. Мен кафедрамыздың ең білікті, ең білімді оқытушыларымен мақтан тұтамын, әрине олар студенттерді сапалы біліммен қамтамасыз етеді.
1 және 2-курсты ақылы бөлімде оқып, 3-курсқа ауысқанда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ашылғанын естіп, құжаттарымды жинап, бағымды сынап көрдім. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры – әртүрлі санаттағы адамдарға, ауылдан шыққан жас студенттерге грант беріп, ай сайын шәкіртақымен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта менің оқуымды осы қор қаржыландырып отыр. Кез келген білім алушы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының көмегімен ақысыз білім алуға мүмкіндігі бар.
Мектеп қабырғасында білім мен өнерге құштар болдым және университет қабырғасында да оқу мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрмін. Экономика факультетінің атынан, 1 айда 30-ға жуық кітап оқу сайысына қатысып, жүлделі 1 орынды иелендім. Өзін-өзі басқару ұйымдарында, «Шабыт» шығармашылық клубында және «Біз бармыз» еріктілер орталықтарының мүшесі болдым. Оқытушылардың жетекшілігімен бухгалтерлік есеп және аудит аясында ұйымдастырылған халықаралық, республикалық және аймақтық олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім.
Университетімізде студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Осы бағдарлама арқылы Қазақстандық жоғарғы білім сапасын салыстыру және қарым-қатынас дағдыларын жетілдіру үшін Алматы қаласының Каспий қоғамдық университетінде 1 семестр қашықтықтан оқып, білімімізбен алмастық. Жалпы айтқанда, студенттік өмір – студенттердің кәсіби тұрғыдан да, сонымен қатар бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға, дамытуға үлкен жол, бастама.
Бүгінгі студент – ертеңгі маман иесі, сол себепті өмірде бір рет берілетін үлкен мүмкіндікті құр жіберіп алмауға кеңес беремін. Еліміздің ертеңгі жарқын болашағы біздің жастардың қолында. Мағжан Жұмабаев айтқандай «Мен жастарға сенемін», біз де еліміздің, ата-анамыздың, оқытушыларымыздың үмітін ақтар азамат болатынымызға сенімдімін.
Ақнұр Узбаева,
студент