МЫС БҰЛАҒЫН АҒЫЗҒАН БОЛАТ

Мыс бұлағын ағызған металлургтер – ел мақтанышы. Сондай-ақ, бүгінде Балқаш мыс балқыту зауыты ел экономикасының күретамырына айналып, республикадағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды. Бұл орайда сол жерде күні-түні тынбай еңбек етіп жүрген жандардың үлесі орасан. Жерлестерінің мақтанышына айналған майталмандардың қатарында «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс зауыты балқыту цехының №5 ауысымның балқытушысы Болат БЕКЕЕВ те бар.

Металлургтер арасында «мықтының мықтысы ғана металлург бола алады» деген сөз бар. Өйткені, мыңдаған градусты көрсететін ыстық пештің қасында мыс балқыту оңай шаруа емес. Бұл жерде тәжiрибелi металлургтер қаншама. Сол мықтылардың сапында Болат Төлеуқұлұлының да еңбегі ерен екенін атап өту керек.

Болат 2002 жылдан бастап өмірін өндіріспен байланыстырды. Ол бүгінде ауысым бригадирі Ерлан Айтбаевпен бірге бір жылда еңбек жолын бастады.

Кейіпкеріміз еңбек ететін аталған ауысым жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, әрдайым еңбек майданының алдында келеді. Болат бірден металлургия саласының майталманына айналған жоқ. Ыстық пештің жанында ұзақ жылдар бойы жүріп, балқытушы кәсібінің қыр-сырына қанықты. Сөйтіп, тынымсыз еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілді. Кез келген табыстың артында өлшеусіз еңбек жатқанын өз мамандығын ерекше сүйетін жандар Саян Ақторғаев, Алмаз Шайкежанов, Алмас Аманжолов, өзінің шәкірті Жалғас Кәукерхан сияқты осы салада табан аудармай жұмыс жасаған азаматтар жақсы біледі.

Балқытушы Болат Шет ауданында 1977 жылы дүние есігін ашты. Айтулы аймақтың Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебін тәмамдады. 1995-1996 жылдары Отан алдындағы асыл борышын өтеді. Ал, өндіріске келгенше ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Жиырма жылдан астам өмірін ел байлығын еселеумен етене байланыстырған балқытушы бүгінде өзінің жүрген ортасына дән разы.

Балқаш мысының ел экономикасындағы үлесі қомақты. Мұнда мыс балқытқан мамандар еселі еңбек етіп келеді. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, мінсіз еңбек еткендер елеусіз қалған емес. №5 ауысымның жұмысы қызып жатыр. Ауысым шебері Айбол Асылбеков бастаған 25 адам, бір үйдің баласындай бірлесе жұмыс жасаймыз. Бір ауысымда 12 шөміш штейнді игереміз. Өндіріс бастауында тұрған, күндіз-түні от бүріккен пештердің жанында өткізген, қиын тұрмыстық жағдайда өмір сүрген адамдар еңбектің қадірін біледі. Мені осы салаға баулыған ұстазым, бригадир болған Мұрат Төлеубеков ағама ризашылығым шексіз. Өндірісті қалаға көшіп келгенде «балқытушы болсам» деген арман жүрегіме ұялады. Сол арманға жеттім де. 2002 жылдан бері осы өндірістемін. Мен үшін мыс балқытатындардың осалы жоқ. Біздің ұжым – кәсіби металлургтердің-балқытушылардың, өз жұмысын шебер атқаратын мамандардың тұтас командасы. Жұмыс – өте қауіпті. Маңызы жоғары. Технологиялық және техникалық мыс балқыту процесінің экономикалық көрсеткіштерінде әріптестерімнің маңдайы тері бар, – дейді Болат Бекеев.

Әңгіме барысында қоңыр мінезді, қазақтың қара торы жігіті Болаттың жақсы мінездерін байқадық. Әсіресе, сыпайылығы, мәдениеттілігі, жауапкершілігі оның негізгі қасиеті. Отбасында жақсы тәрбие көріп, онысын өзінің отбасына сіңдіре білген. Ахат, Санжар, Ғибрат есімді балаларына қамқор әке, Гүлмирадай асыл жарына адал жар болы өмір кешуде.

Бүгінде Болаттай білімі мен біліктілігін өндіріспен байланыстырып, әрдайым ізденіп жүретін мамандық иелері мыс балқыту цехының тасын өрге домалатып, өнімді еңбек етуде. Түсті металлургия флагманының жақсы дәстүрлерін бүгінгі күнге дейін сақтап қалған жұмысшылар белі қайыса өндірісті алға сүйреп келеді.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *