Ғалымға көше аты берілсе…

Академик Әлкей Марғұланның қазақ халқының әдет ғұрыптары, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, қолданбалы өнері, архиология, сәулет өнері туралы жазылған еңбектері халқымыз үшін өте құнды. Ол – Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы. Қазақстан ғылым академиясының академигі. Қазақ КССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Менің айтайын дегенім мына бір тарихи естілік. Әлкейдің жездесі – Жаман, апасы – Жақсипа, шын аты Жақима, кейін білдік, Жаманның ұлы – Әнуар, жұбайы – Мәкен, Әруанның ұлы – Құрақ Екібастұз қаласынан 60 шақырым бұрынғы «Екібастұз» кеңес шаруашылығы, қазіргі «Төртүй» ауылында бірге тұрдық. Біздер сол ауылда ата-әженің қолында өстік.

Рулас болғандықтан ата-әжеміз ол кісілермен өте жақсы араласты. Жаман ата жүз жастан аса өмір сүрді. Бойы кішірек, өте ширақ болды, үнемі жаяу жүретін.

Тоқсан жастан асқанда атпен қасқыр соғып алған. Жақсипа апа қолы өте ісмер, он саусағынан өнер тамған адам болды. Ауыл әжелері кимешектерін сол кісіге тіктіретін. Тоқсан жасқа жақындап қайтты.

Әнуар аға Ұлы Отан соғысына қатысқан, ауылдағы ауруханада дәрігер болды. Зейнеткерлікке шыққасын Екібастұз қаласына көшіп келіп 95 жасында қайтыс болды. Мәкен жеңгей – біздің  бала кезімізден бастап дүкенде сатушы болды. Бір қалыпты, мінезі жайлы, адамды жақын тартып тұратын адам еді.

Құрақ менің Совет ағаммен он жыл мектепте бірге оқыды. Спортқа өте жақын болды. Футбол, зіл темір көтерумен шұғылданды. Екібастұз қаласында 50 жастан асқанда дүниеден озды. Құдайға шүкір бала-немерелері қалды.

Енді қазір ойлаймын, «біздің бала кезімізде, мектепте жүргенде Әлкей туыстарына ауылға келген шығар, жас болып ескермедік пе?» –  деп.

Әлкей  Марғұлан  ғылымдағы өмірінің 40 жылын Орталық Қазақстанға арнады.

Оны бүкіл Қазақстан біледі, әсіресе Қарағанды, Жезқазған және Ұлытау өңірі. Айтып жату қажет емес деп ойлаймын.

Қарағанды облысы, Шет ауданындағы қола дәуірге тән Беғазы-Дәндібай мәдениетін алғаш ашып, зерттеуші – Әлкей Марғұлан.

Бұл жерлердің бәрін еңбектерінде көрсетіп, белгілеп кеткен екен. Дала пирамидасын ашқан, «Бұғылы-3» қорғанын да алғаш қазған – Әлкей Марғұлан. Бұлардың бәрі қола дәуірге жатады, үш мыңжылдық тарихы бар. Пирамида құрылысымен ерекше. Пирамидадан басқа отыз шақты қорым анықталған. Мұндай құрылыс еліміздің еш жерінде кездеспеген. Тастары түп-түзу, төрт бұрышты.

2019 жылдың қараша айында Екібастұздан Қарағандыға балаларға көшіп келгесін Әлкейдің інісі, Адаштың баласы, яғни немере інісі Мырзакәрім Қаханов ағамен тіпті жақын араластым.

Мырзакәрім аға көп жыл Қарағанды өңірінде ветеринария саласында аудандық, облыстық деңгейде қызметте болған. Зейнеткер.

Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы – Мырзакәрім аға тұнып тұрған тарих.

Әлкей Марғұлан – он сан орта жүзге ұран болған, Олжабай батырдың төртінші ұрпағы. Абылайдың тұсында туын ұстап, ерлігімен ел құрметіне бөленген. «Олжабай есен болса, ел  аман»  деген сөз содан қалған. Жасыбай батыр – Олжабайдың жиені.                         Академик Әлкей Марғұлан Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин, Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров сынды Алаш азаматтарын жақсы білген.

Олар туралы тамаша әңгімелеп, есімдерін мақтанышпен атаған. Мәшhүр-Жүсіп Көпейұлымен жақсы араласқан.

Әлкейдің қызы – Дәнел апамыз Алматыда, әкесінің үйінде тұрады.

Мырзакәрім аға мен Рая жеңгей ұл-қыздарынан немере, жиен сүйген абзал жандар. Балалары Астана қаласында әр салада қызметте. Жастары келгесін, Астана қаласына балаларының қастарына көшуге дайындалып отыр. Үйінде болып әңгімелескенде, осы күнге дейін белгісіз себептермен шешімін таппаған бір мәселені айтты.

Қарағанды қаласында Әлкей Марғұланға ескерткіш қоймақ түгілі, көшеге аты да берілмеген.

«Әлкей – академик  емес, академияның  өзі» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, осындай халқымыздың ұлы перзентіне қаламызда ескерткіш қойылып, көшеге, мектепке атын берсе артық болмас еді. Мамыр айында Әлкей Марғұланның 120 жылдық тойына орай осы мәселе шешімін табады деп сенеміз.

Сәкен КЕЛДІБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *