Туризмді дамыту, жер учаскелерінің қолжетімділігі, қажетті инфрақұрылымды құру – осы және басқа да мәселелерді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бизнес-қоғамдастықпен талқылады.
Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңестің кезекті отырысында Балқаш пен Қарқаралы ауданында туризмді дамыту жоспарлары таныстырылды.
– Балқаш еліміздің басым туристік бағыттарының топ-20 қатарына енді. Оның дамуына жеке инвестициялар да, мемлекеттік қаражат та салынатын болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Балқаш жағалауында туристерге арналған 54 демалыс аймағы бар, биыл тағы 7 жаңа аймақ ашу жоспарлануда. Аталған бизнеске инвестиция салғысы келетіндер үшін мүмкіндіктер бар.
– Туризмді дамыту мақсатында Бертіс шығанағы ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жұмыстары аяқталды. Біз сәуір айының соңына дейін демалыс аймақтарын салу үшін 14 жер учаскесін аукцион арқылы ойнатуды жоспарлап отырмыз. Осы аумақта қосымша түгендеу жүргізілді, 120 га бос жер учаскелері анықталды. Бүгінгі күні егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы келісіледі. Содан кейін аукционға шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді Балқаш әкімі Сапар Сатаев.
Оның айтуынша, түгендеу нәтижелері бойынша Торанғалық және Шұбартүбек курорттық кенттерінде де бос жер учаскелері анықталды. Болашақта олар да аукцион арқылы ұсынылады.
2025 жылға қарай Балқашқа туристер ағынын төрт есеге, 170 мың адамға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Демалушыларды тарту үшін биыл желкенді регата жаңартылады.
Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов этно- және агротуризмді дамыту жоспарлары туралы айтты.
Кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдірді, олар да ескерілетін болады.
Сараптамалық кеңесте өңірдегі бизнес-климаттың жақсаруына ықпал ететін басқа да мәселеге назар аударылды. Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов қаланың іскерлік жоспарлау жобаларын ұсынды.
Кәсіпкерлер өңірлік деңгейде шешуді талап ететін агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс және ТКШ, жер қойнауын пайдалану мәселелерін көтерді.