Ғұмырын ғылымға арнаған әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұланның туғанына биыл мамырда 120 жыл. Қазақ археологиясының атасы атанған Әлкей Хақанұлы Марғұланның соңғы аспиранты Сағындық Жауымбаев Қарағанды қаласында тұрады.
«Әл – Фараби атындағы Қазақстан Мемлекеттік университетінің тарих факультетін 1974 жылы бітірдім. Сол жылы Қарағанды университетіне келдім. Биыл осында Қазақстан тарихы кафедрасында жұмыс істеп жатқаныма 50 жыл болады.
Студент кезімізде археолог Абдулманап Оразбаев ұстазымыз болды. Осы Оразбаев Әлкей Марғұланның шәкірттерінің бірі екен.
Ең бірінші шәкірті Кемел Ақышев қой. Ал мен академиктің соңғы аспиранты болдым», – дейді прфессор Сағындық ағамыз.
Абдулманап Оразбаев археологияға оқитындардың тізім жасап, соған адамдарды тартады. Осы 75 студенттің ішінен 9-ын тандап алады. Оның ішінде Кемел Ақышевтің ұлы Әлішер да бар еді.
«Осы тоғызымыз археология мамандығын оқып шықтық. Бірақ, археологияға барған жастар аз болды. Бізге Әлкей Марғұлан келіп арнайы курс оқитын. Ағамыз «Орталық Қазақстанның археологиялық ескерткіштері» деген тақырыпты жеткізетін», – дейді кейіпкеріміз.
Университетті бітірген жастар жан-жаққа тарады. Сағындық Ұбайұлы да Қарағандыға оралды.
«1974 жылы осында келіп оқытушы болып орналастым, 1975 жылы студенттерді алып практикаға шықтым. Солтүстік Қазақстанда Сергеевка деген аудан бар. Кейін Шал ауданы аталды. Сол жерде «Алыпқаш» деген жерді қаздық. Қазба жұмыстары жүріп жатқанда шілде айында Қарағанды университетінің ректоры Ебіней Арыстанұлы Бөкетов келді.
Сәлем берсем, «Ей, батыр не істеп жатырсың?», – дейді. «Аға, мына қола дәуірдің ескерткіштерін қазып жатырмыз», – дедім. «Ә,ә, жарайды, онда сен мынау қазақтың бейіттерін көріп тұрсың ба?», – деді. «Көріп тұрмын!». «Осының ішінде әкем мен шешем жатыр. Жылына бір рет келіп басына бір түнеп кететінім бар. Биыл сендер осы жерде екенсіңдер, сендердің лагерлерінде болайын», – деді.
Содан лагерде қонды. Мал сойып дайынап қойғанбыз. Қонақ болып кетті. Палаткада ұйықтап тұрған ғалым ағамыз: «Ой, Сағындық, әкем мен шешемнің басына бірінші ұйықтауым», – деп алды да « Егер аспирантураға бір жаққа баратын болсан, маған айтарсың», – деді.
Бір жылдан кейін Ғылым академиясына аспирантураға орын келді. Ебіней Арыстанұлына кіріп «Бізге орын бөлініпті. Мен баратын болдым», – деп едім, «Жарайды, олай болса екі-үш күннен кейін келсейші», – деді
Кетер кезде бардым. Қолыма екі конверт ұстатты. «Біреуін Әлкей Марғұланға тапсырасын», – деді.
Алматыға барып аспирантураға түстім. Орналасып алғаннан кейін Әлекеңді іздеп тауып алып, сәлемдемені бердім. Конвертті ашып қарады да «Жауымбаев Сағындық деген сенбісің?» деді. «Иә, мен боламын, аға». «Ебеке сені «аспирант қылып ал» депті ғой. Мен биыл аспирант алмаймын деп ойлап едім. Кітаптарым да бар жазылмаған, соларды қолға алуым керек. Аспиранттармен жұмыс істейтін уақытым жоқ менін. Бірақ, Ебекең айтқаннан кейін амал жоқ алайын», – деді. Бұл – 1976 жыл болатын», – деген Сағындық ағамыз ойланып қалды.
Содан үш жыл Әлкей Марғұланның аспиранты болады.
Бір жылы бірге археологиялық экседицияға да шығады. «Ол кісі Жаңаарқа ауданында ол уақытта Ақадыр ауданы болған сол кездегі Атасу қонысында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Сол қоныста шәкірті Мир Қасымұлы Қадірбаевпен бірге жұмыс істедім», – дейді Сағындық Ұбайұлы.
Қадырбаев экспедициясымен 10 жылдай қазба жұмыстарына қатысады.
«Үш жыл аспирант болдым дедім ғой, сол кезде ол кісі кейде үйіне шақырады. «Сағындық, келіп кет, маған», – деп.
Кешке қарай барамын. Сағат 4-5-те Тереңкөл көлінің бойында қыдырады.
Маған ақылын айтады. «Сен Петер Фалькті, Георг Ниман, алғашқы ресей ғылым академиктерін оқы, шырақ », – деп көп кітапты тізіп айтатын.
Соларды оқыдым, білімге қанықтым.
Көшеде жүргенде көптеген ғалымдар, тарихшылар, жазушылар Әлкей ағамызға келіп сұрақ қойып жататын, ол кісі де асықпай түсіндіріп, ақыл айтып, жөн сілтейтін.
«Мынау, Ахмед Сафи деген академик, жас жазушы Ақселеу Сейдімбек деген жігіт» деп таныстырып жататын», – дейді кейіпкеріміз.
1978 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнология институтының директоры Ақай Нүсіпбеков Сағындық Ұбайұлын шақырып алып, «Сен Әлкей Марғұланның аспирантысың ба?» деп сұрайды. «Иә». «Онда дайындал, ол кісі Новосибирскіге іссапармен барады. Еріп жүресін» дейді.
«Наурыз айында жол жүрдік. Ұшақпен ұштық. Алғаш рет Әлекеңнің құжатын берді. Билет алуға. Құжаттан көрдім. 1904 жылы 11 мамырда туған екен.
КСРО-ның ғылым академиясының Новосібірдегі филиалына бардық.
Академик Алексей Окладников қарсы алды. Ғылым академиясының арнайы қалашығындағы қонақүйіне жатқызды. Екі бөлмелі, бір бөлмесіне мен, Әлкей аға екіншісіне орналасты. Кетерінде қызы Дәнел апамыз: «Сағындық, бұл кісіге тек сүт өнімдерін ғана алып бересін» деп тапсырған болатын. Орындауға тырыстым», – дейді әңгімесін жалғастырған кейіпкеріміз.
Бір жеті сол жерде бірге болады. Екінші күні докторлық диссертация қорғау басталады. «Әлкей аға бірінші оппонент болды. Қорғаудың алдында бүкіл сібірдің ғалымдарына Окладников:«Это мой давнейший друг. Академик академий наук Казахской ССР, лауреат Ленинской премии, лауреат премий Шохана Валиханова» деп Әлкей Марғұланды таныстырды», – дейді Сағындық ағамыз.
Сол жерде Алексей Окладников Әлкей Марғұланнан он-он бес минут лекция оқуды сұрайды.
«Міңберге шығып, қоңыр дауысымен Енисейдің бойындағы түріктер туралы лекция оқыды. Сақтардан алып келді. Қандай ескерткіштер барын айтып өтті.
Сол уақытта байқадым, Әлекеңнің білімдарлығын. Он бес минут емес бір сағат сөйледі. Ешкім қарсы болмады. Ұйып тыңдады», – деді Академиктің соңғы аспиранты.
Сағындық Ұбайұлы Әлкей Марғұланның еңбектері әлі күнге дейін ғалымдар мен студенттерге азық екенін айтады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ