Қазақтың Чеховы

Қарағанды медицина университетінде ғалым дәрігер Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаровтың қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған «Шәкәрім» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.  Аталмыш еңбекте Шәкәрім әлемі сурет жанрында бейнеленіп, сөз өнерінде үйлесім тапқан.

Кітап авторы: Мақаш Тыныштықпайұлы Әлиакпаров – медицина ғылымдарының докторы, 1989 – 2001 жылдар аралығында Қарағанды медицина университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының академигі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, абайтанушы, шәкәрімтанушы, Астана қаласындағы «Отан қорғаушылары», Теміртаудағы «Металлургтар», Қарағандыдағы «Тәуелсіздік» және «Абай» монументтері  авторларының бірі.

Мақаш Тыныштықпайұлы Абай мен Шәкәрімнің өмірі мен дүниетанымын зерттеу мақсатында Семей өңіріне «Шәкәрім жүрген ізбенен» атты экспедициямен төрт рет табан тіреген.

Экспедиция жұмысын өз қаржысына жүргізген. 2023 жылы жүзеге асқан экспедиция Шәкәрім кітабының жарық көруіне бірден бір септігін тигізген  нәтиже.

Мақаш Тыныштыкпайұлы –  Шәкәрім бейнесіне  алғаш қалам тартушылардың бірі ғана емес, ұлы ойшылдың жан дүниесі мен пәлсапасын суреткерлік сезіммен жеткізе алған бірегей дарын иесі.

Мақаш Әлиакпаров –  Шәкәрімнің ұлы Ахат ақынмен үздіксіз рухани байланыста болған жан. Құнанбай әулетінен тараған қос ұлы тұлға жайлы бейнелеуді өтінген Ахат ақсақал, онымен табыстырған тағдыр – суретші шығармашылығына жаңа дем берген, асқақ арнаға бұрған тарихи байланыс еді.

1975 жылдан бүгінгі күнге дейін Мақаш Әлиакпаровтың 200-ден аса туындысы жарық көрген, солардың ішіндегі 60-тан астамы бір ғана Шәкәрімге арналған.

Бұл суреттер Мақаш Тыныштықпайұлының Абай мен Шәкәрім әлемін айшықтайтын персонаждық сипаттағы жеке дара сурет галлереясында бой көтерген.

Аңыз адамның шығармашылық кешін тамашалауға Қарағанды қаласындағы барлық жоғары оқу орындары мен облыстық, қалалық кітапхана өкілдері, Қарағанды облысы Суретшілер Одағының Басқарма төрағасы, Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресурстық тіл орталығы, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы гимназия директоры мен оқушылары, медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты.

Университтеттің тілдерді дамыту орталығымен ұйымдастырылған керемет кештің алғысөзін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын алып, Мақаш Әлиакпаровқа облыс әкімі атынан «Құрмет грамотасын» табыс етті.

Кештің құрметті қонақтары ретінде шақырылған  Мақаш Тыныштыкпайұлымен бірге оқыған замандастары,  университетте қызметтес болған әріптестері әдемі естеліктерімен бөлісті.

Кеш барысын Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әншісі Сержан Мұсайын, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің 2-курс студенті Абай Шойманов, Қарағанды қаласының ЮНЕСКО музыкалық мектебі оқушысы Зере Қалкен және ҚМУ-дың 2-курс студенті Ерболат Орынбасар әнмен көмкерсе, университеттің «Қаракөз» халықтық шығыс билері ансамблі бимен әсемдеді.

Мақаш Әлиакпаров өзінің бала кезден бергі хоббиі – суретшілікті жылдар бойы негізгі мамандығымен қоса дамытып,  1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі болды. Кеш қонағы Қарағанды облысы Суретшілер Одағының Басқарма төрағасы Айдархан Сейтмаханұлы Қалмаханов Мақаш Тыныштықбайұлын «ҚР Суретшілер Одағына 90 жыл» Құрмет орденімен марапаттады.

Мақаш Тыныштықбайұлы – ғалым  дәрігер, дарынды суретші, өз елінің патриоты, әдебиет әлемін зерттеуші. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі өскелең ұрпаққа үлгі болатын аңыз адам, қазақтың Чеховы!

Бағлан КАУКЕРБЕКОВА,

«Қарағанды медицина университеті» КеАҚ

тілдерді дамыту орталығының

ауымдастырылған профессоры

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *