«Жасыл аймақ» апталығы аясында

Қарағанды облысында  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аулаларды тазалау, тал егу, бұлақ көзін ашу, құстарға ұя ілу жұмыстары жүргізілді. Бір күн ішінде аймағымыздың ауыл, қаласынан мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, жүздеген түп тал егілді. Бұл жеті күн  «Жасыл аймақ» апталығы атауымен өтуде.

 

«Таза бұлақ» экологиялық акциясы

Қарағандыда «Таза бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Оған 200-ден астам адам қатысты. Еріктілер, ардагерлер, депутаттар, оқушылар мен табиғатқа жанашыр қарағандылықтар Бұқпа өзені және Федоров су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартты.

Сонымен қатар, Майқұдықтағы бұлақ та тазартылды.

Білім беру саласының ардагері Өзбек Бимедин № 76 және 8 жалпы білім беретін мектеп оқушыларын осы науқанға жұмылдырды. Қария бұл акция қоршаған ортаны болашақ ұрпақ үшін сақтауға деген ұмтылыс. Сондай-ақ қала тұрғындарының басын біріктіретін бірегей жоба дейді.

Қаланың жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов тұрғындарды жауаптылық танытуға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды. Ол қаланың тазалығы мен жайлылығы әрқайсымызға байланысты екенін атап өтті.

 

«Менің үйім, менің аулам, менің көшем, менің қалам, менің елім»

Қарағандыда «Менің үйім, менің аулам, менің көшем, менің қалам, менің елім» деген ұранмен «Үздік аула» экологиялық акциясы өтті. Қаланың 500-ге жуық тұрғыны ПИК-пен бірлесіп аула аумақтарын тазалауға шықты.

«Карагандинец» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Людмила Давыдова жұмыла жасаған жұмыс ауызбірлікті нығайтып қана қоймай, өз аулаңды көріктендіруге көмектесетінін атап өтті.

Қалалық мәслихат депутаты Александр Бочаров қарағандылықтарды «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға және шаһарымызды баршаға ыңғайлы әрі көрікті ету үшін тазалық шараларына үлес қосуға шақырды.

– Балалар ата-аналарына аула мен алаңдарды тазалауға көмектесті. Менің ойымша, бұл өскелең ұрпақ үшін тамаша үлгі, – деп атап өтті Александр Бочаров.

Экоакция аясында 1000 қап қоқыс жиналды.

«Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері барлығы 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

 

Құстар  ұясыз қалмайды

Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында құстарға арналып жаңа 100 ұя салынды. Бұл игі шараға еріктілер мен ардагерлер, депутаттар және белсенді тұрғындар қатысты.

– Біз қазір өз қаламыз бен бүкіл ел бойынша өтіп жатқан экологиялық акцияны қолдауға шешім қабылдадық. Қаламызда құстар ән айтып, шаһарымыз жайлы және әдемі болғанын қалаймыз. Бұл балалар табиғатты сақтау керек екенін түсінуі үшін қажет. Құстарға арналған ұяшықтарды балалар өз қолдарымен жасады, бұған тіпті бірінші сынып оқушылары да қатысты. Кейбіреулеріне ата-аналар көмектесті, – дейді Мартбек Мамраев атындағы мектеп-интернатының биология пәнінің мұғалімі Айжан Оспанова.

№2 лицейдің 5-сынып оқушысы Азалия Қадырова ерекше құс ұясын жасапты.

– Шаңырақ түріндегі құс ұясын жасадым. Оны құстарға әдемі және жайлы болу үшін жасанды гүлдермен безендірдім. Мен бәрін өзім жасадым, анам тек қалай жақсырақ жасау керектігін айтты. Мен құстарға ұнайтынына сенімдімін, – дейді Азалия.

Қарағандыда құстар мен жануарлар үшін қолайлы орта құрудың маңыздылығын қалалық мәслихат депутаты Мейіржан Сыздықов та атап өтті. Ол сондай-ақ орнатылған құс ұялары табиғатты аялайтынымыздың белгісі ғана емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін, құстарды қаламызға көптеп тартуға жақсы тәсіл болады деген пікір білдірді.

Акцияны ұйымдастырушылар қатарында Қарағанды Жастар ресурстық орталығы да бар.

– Біздің акцияға 150-ге жуық адам қатысады: кішкентай балалар да, жоғары сынып оқушылары да. Мақсат – қоршаған ортаға қамқорлық жасау. Орталық саябақта құстарға ыңғайлы болу үшін жүзге жуық құс ұяшығы ілінді, – дейді Қарағанды Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.

Құстарға арналған ұялар саябақтағы үшінші көлдің жанында ілінді.

Қалада барлығы 1000 құс үйі орнатылған.

 

«Жастар Аллеясы» ашылды

Қарағанды облысының бірнеше қаласы мен аудандарында жаппай ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Еріктілердің, ардагерлердің, депутаттардың және жұртшылықтың қатысуымен бірнеше жүз көшет егу акциясы ұйымластырылды.

Қарағанды қаласындағы Кирзавод ауданында өртенген орман алқабына тоқсан мың жас қарағай егілді.

Ормандарды  жаппай қалпына келтіру жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп, Қарағандының 90 жылдығына арналған.

Қарағандыда белсенділер Майқұдық саябағында «Жастар Аллеясы» атты жаңа аллея ашты. Мұнда 500 көшет отырғызылды.

Акцияға қалалық мәслихаттың хатшысы Алтынтөре Бөкенов қатысып, тұрғындарды қалалық аумақтарды көгалдандыру мен тазалауда белсенді болуға шақырды.

–  Ағаш егу – бұл тек экологияға қамқорлық жасау ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортамызды қорғау мүмкіндігі, өз есіміңізді есиелік ретінде қалдыру, –  деп атап өтті ол.

Өтемдік ағаш егу аясында Қарағандыда барлығы 3 мың көшет егіледі.

 

Теміртаулықтар да тыс қалмады

Теміртау қаласының саябағында да жас көшеттер пайда болды. Жасыл желектерді қаланың саябақтар және гүлзарлар басқармасы күтетін болады.

Экологиялық акцияға «Отражение» қоғамдық эко қозғалысының өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындар қатысты.

– Бүгін жастармен бірге Теміртау экологиясын жақсартуға өз үлесімізді қостық. Қаланы көгалдандырумен төртінші жыл қатарынан айналысып келеміз. Біз ағаштарға күтім жасау жауапкершілігін өз мойнына алатын тұрғындарға көшет таратамыз. Үш жылдың қорытындысына сай, желектердің жерсіну деңгейі 90% құрағанын көріп отырмыз. Демек, біздің тұрғындар ағаштарды күтуге жауапкершілікпен қарайды, – дейді эко-белсенділердің жетекшісі Елена Варганова.

Барлығы Теміртауда 5 мыңнан астам ағаш егу жоспарлануда, бүгін 670 ағаш егілді.

Теректер Абай даңғылында да егілді. Қала көшелеріне 150 көшет егілді. Эко шараға тұрғындар белсенді қатысты.

 

Балқаштықтар да белсенді

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындаБалқаш қаласында экологиялық науқан жалғасуда. Жақында Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайының аумағында орналасқан «Жастар» скверінде көктемгі ағаш отырғызу акциясы басталды. Бұл акция өткен жылғы басталған іс-шаралардың бірі. Бұдан жарты жыл бұрын, Республика күні қарсаңында бұл саябаққа 335 жас тал шыбықтары егілген болатын.

Көктемгі тал егу акциясына «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-нің өндірістік директоры Марат Аубакиров, Балқаш қаласы әкімі Сапар Сатаев пен қалалық мәслихаттың төрағасы Ахат Мүслімов, ҚР Құрметті металлургі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Дүйсенғали Байқуатов, қала әкімінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшысы, корпорацияның еңбек ұжымдары, экологтар мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Бұл жолы «Жастар» скверіне 24 шырша көшеті егілді.

– Былтырдан бері тал егу жұмыстары суару жүйесі бар жерлерде ғана жүргізіліп отыр. Қаладағы суару жүйесі мамыр айында көлден су соратын сорап іске қосылғаннан кейін жұмысын бастайды. Оған дейін отырғызылған көшеттерді суара тұру коммуналдық кәсіпорындарға жүктелді. Бұғанмектептер, тағы да басқамекемелеркөмектеспек.Биыл көктемгі тал егу науқанына «Қазақмыс» Корпорациясы 1800 түп ағаш көшетін әкеліп берді. Олардың ішінде жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар бар. Көбісін қаладағы мекемелерге таратып бердік. Қала кәсіпкерлері өз нысандарының алдына егу үшін 200-ден аса көшет алды. ПИК-тер өздеріне қарайтын, суару жүйесі жұмыс істейтін көпқабатты үйлердің маңайына тұрғындармен бірлесіп керегінше ағаш егеді, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Экологтардың айтуынша, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың өңір тазалығына қосқан үлесі. Қалада тал егужұмыстарыкүзде де жалғасады.

Сонымен қатар, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының үшінші аптасы «Киелі мекен» тақырыбымен өтті.Бұл апта халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне тұспа-тұс келгендіктен, тазалық іс-шаралары тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмысына арналды.

Қалалық білім бөлімінің жалпы білім беретін мектептері экологиялық акция аясында ұйымдастырылған тарихи-мәдени ескерткіштерді тазалау және маңайын абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты. Атап айтқанда, №2 Абай атындағы лицей, №7 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы, №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейі, №25 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі өз аулаларындағы тарихи тұлғаларға арнап қойылған ескерткіш мүсіндерді жуып тазалап, маңайын ретке келтірді. Ал, №4 жалпы білім беретін мектеп оқушылары Қараменде би көшесі бойындағы скверде орналасқан Қараменде би ескерткішінің маңайын қоқыстан тазалап, акцияға ерекше атсалысты.

Қаламыздағы бірқатар мектептер «Жасыл мектеп» жобасы бойынша жұмыс атқарады. Осы жоба аясында олар өз мектептерінің аулаларындағы тарихи тұлғалардың ескерткіштерінің алдына гүл егіп, оны баптап-күтіп, жаз бойы суарып өсіреді. Атап айтар болсақ, саябақтар, алаңдар, мәдени орындарға сенбілік жұмыстарын жүргізумен қатар ондағы тал дарақтарға күтім жасалды.

 

Қарқаралы да қарап қалмады

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Қарқаралы қаласында 23 сәуір күні «Жасыл аймақ» апталығы басталды.

Осы күні аудандық орталық аурухана алаңында және қала көшелерінде ағаш көшеттері отырғызылды. Іс-шараға қала тұрғындары мен жастар белсене қатысып,  200 түп терек, акация, қарағаш көшеттері егілді. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен қосымша 200 түп қарағай көшеттері қала бойынша отырғызылды.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қарқаралы Мемлекеттік Ұлттық паркінің аумағында «Таза орман» акциясы өтті. Акцияға ұлттық парк қызметкерлері мен орманшылары, ерікті жастар қатысты.

 

Абайлықтар да акцияға қосылды

Абай қаласының белсенді тұрғындары мен кәсіпкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды. 

Шараға қатысушылардың кейбірі ауқымды акцияны шағын істерден бастауды жөн көріп, тазалық акциясына мүмкіндігінше көп адамды тарту мақсатында «Таза кіреберіс» бастамасын ойлап тапты. 

Басқалары көшелерді рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінен тазартуды қолға алды.

Үшінші шағын ауданның № 9 үйінің тұрғындары кіреберістерін тазалауға кірісті. «Виктория» ПИК төрағасы Марина Фролкина тұрғындардың басын қосып, тазалық шарасына жұмылдырды.

– Үй тұрғындары мұндай үндеулерге әрдайым қуана жауап береді. Біз сенбілікке бірге шығамыз, үйдің ауласына гүл егеміз. Бірақ, барлық тұрғындар осындай жауапты деп айта алмаймын. Мысалы, кейбіреуі балалар алаңына қоқыс тастап кетеді, ересектер әткеншектердітбұзып тастайды. Бұл өте өкінішті. Бірақ сонда да саналы және жанашыр адамдарымыз көбірек екені қуантады, – дейді Марина Фролкина.

Қоқыс мәселесі тек ойын алаңдарында ғана емес, сонымен қатар қаланың басқа аумақтарында өткір болып тұр. Шаңырақ және Гете көшелерінің қиылысында қоқыс жылдар бойы жиналмаған. Биыл сенбіліктің арқасында аумақ тазарып қалды.

– Қаланың тазарғанын көріп, қатты қуанып отырмыз. Міне, заңсыз қоқыс үйіндісі де азайды. Біз бәріміз өз қаламызды жақсы көреміз және көгалдандыру акциялары мен сенбіліктерге қатысуға дайынбыз, – дейді кәсіпкер, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлнар Ағзамова.

«Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері Абайда 6 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Мамыр айының соңына дейін дәл осынша қалдық шығару жоспарланып отыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *