Жақсының аты – ұрпаққа өнеге

Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде қоғам қайраткері Балапан Әбеновті еске алуға арналған футзалдан республикалық турнир өтті. 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған дәстүрлі додаға Қарағанды және Ұлытау облыстарынан 20 команда қатысып, 240 жас футболшы бақ сынады.

2018 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында спортты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және елге еңбегі сіңген азаматтың өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету.

Турнирдің ашылу салтанатында мемлекет қайраткері Құдайберген Бексұлтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Қарағанды облыстық сотының бұрынғы төрағасы Ерден Арипов, облыстық Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Мирлан Қызылов және Балапан Әбеновтің жұбайы Бота Әбенова сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жиында қоғам қайраткерінің ел алдындағы еңбегі мен азаматтық болмысы туралы естеліктер айтылды.

Төрт күнге созылған тартысты бәсекеде командалар өзара мықтыны анықтады. Қорытындысында Доскей кентінің командасы турнир жеңімпазы атанса, Теміртаудың «Спарта» командасы екінші, Абай ауданының «Жастар» командасы үшінші орынға ие болды.

Сонымен қатар, жарыста ерекше көзге түскен ойыншылар да марапатталды. «Үздік қақпашы» атағы теміртаулық Әлихан Меңдібаевқа, «Үздік шабуылшы» номинациясы Доскей кентінің ойыншысы Төкен Исламға, «Үздік қорғаушы» атағы Абай ауданының өкілі Әлішер Кенжеғалиевке бұйырды. «Көрермендер көзайымы» аталымын Бекасыл Жаңабай, ал «Ең жас ойыншы» марапатын Әлихан Курамысов иеленді.

Осылайша, дәстүрлі турнир жас футболшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, Балапан Әбеновтің жарқын бейнесін кейінгі буынның жадында жаңғыртқан тағылымды шараға айналды.

Өмір БАЙБОСЫН