Ең қымбат құндылық

Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласының дамуына қатысты айтылған мәселелердің маңызы айрықша. Өйткені, әлеуметтік тұрғыда толық қамтылған дені сау ұлт қана елдің ертеңіне берік негіз қалап, қоғамның өркендеуіне елеулі үлес қоса алады.

Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде деген бұрынғының сөзі бүгінгі ахуалды дөп басқандай және медицина осы тиянаққа табан тіреп отыр. Қазіргі медицина аурудың алдын алу, оны ерте анықтау, емдеу үдерісін тиімді ұйымдастыру және әрбір азаматтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі – саланың басты міндеттері. Көрсетілген қызмет былай тұрсын, алдымен денсаулыққа берген пайдасымен өлшеу қажет.

«Біздің медициналық ұйымда дәрігердің кәсібилігі, қызмет көрсетудің қолжетімділігі, медициналық ұжымның жауапкершілігі – бәрі де бір-бірімен тығыз байланысты. Ең бастысы, пациенттің дәрігерге деген сенімі болуы керек. Ал, сол сенім сапалы қызмет пен шынайы жанашырлық арқылы қалыптасады. Заман талабына сай денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану да айрықша мәнге ие. Жаңа технологиялар ауруларды ерте анықтауға, медициналық деректерді жүйелеуге, дәрігерлердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, цифрландыруды түпкі мақсат деп қарастыруға болмайды. Ол – адамның игілігіне қызмет ететін құрал. Жасанды интеллект дәрігердің кәсіби пайымын алмастырмай, керісінше, оның жұмысын жеңілдетіп, қағазбастылықты азайтуға және науқасқа көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасауы тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – қала мен ауыл арасындағы медициналық қызметтің қолжетімділігі. Адамның қай жерде тұратыны оның сапалы ем алу мүмкіндігін шектемеуге тиіс» дейді «Archimedes Medical Group» ЖШС клиникалар желісінің Қарағанды филиалының бас дәрігері Аманжол Әбдірахманов.

Әрине, қандай заманауи қондырғы орнатылып, қаншалықты озық технология енгізілсе де, оның игілігін көрсететін – білікті маман. Сондықтан, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, жас мамандарды қолдау мәселелері үнемі назарда болуы керек. Болашақ дәрігерлерге дәріс беріп жүрген оқытушы ретінде кәсіби білім мен адамгершілік қасиеттің қатар қалыптасуын аса маңызды санаймын. Медицинаға тек білімді маман емес, адам тағдырына бейжай қарамайтын, өз ісіне адал азамат қажет. Шын мәнінде, дәрігердің алдындағы ең үлкен жауапкершілік – адам өмірі. Оның күнделікті еңбегінің өлшемі де осы қасиетті ұғыммен сабақтас. Сондықтан, саланы жаңғыртуға бағытталған әрбір бастама қарапайым азаматтың денсаулығын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысының осы Жолдауының басты мәні – белгіленген міндеттерді нақты іспен ұштастыру. Мемлекеттік деңгейдегі өзгерістердің нәтижесі әрбір медициналық ұйымның жұмысынан, әрбір маманның кәсіби жауапкершілігінен көрінуі қажет. Өйткені, адам денсаулығы – ең қымбат құндылық. Ал, оны сақтау мен қорғау – біздің кәсіби міндетіміз ғана емес, азаматтық парызымыз.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ