Жастарға жол ашқан мүмкіндік

Астанада шетелден келген қандас студенттердің басын қосқан «Жастар. Мүмкіндік. Болашақ» атты форум өтті. Жиын білім мен ғылымның маңызын насихаттап қана қоймай, жастардың кәсіби дамуына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

7 қараша күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен форумға Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қандас студенттер мен жастар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер және арнайы шақырылған спикерлер қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық адамды қамтыған шараны «Отандастар қоры» ұйымдастырды. Оның жақында сайланған «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Ырысқали Дәуренбектің еңбегін айта кеткен жөн. Сондай-ақ аталған қордың белді қызметкері Дидар Болатты да тілге тиек ете кетейік.

Форумның басты мақсаты – шетелден келген қазақ жастарының әлеуетін ашу, олардың білім алуына, кәсіби қалыптасуына және қоғамдық ортаға бейімделуіне қолдау көрсету. Сонымен қатар жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мәселелері қозғалды.

Жиынның ашылу салтанатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректордың міндетін атқарушы А.Талтенов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Е.Жетібаев және «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Ы.Дәуренбек құттықтау сөз сөйлеп, жастардың сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосуының маңызын атап өтті.

Форум аясында төрт тақырыптық сессия ұйымдастырылды. Алғашқы «Білім. Құндылық. Болашақ» сессиясында Ырысбек Мәуіт білімнің адам өміріндегі орны, кітап оқу, өзін-өзі дамыту, ұлттық құндылықтар мен жастардың бәсекеге қабілеттілігі туралы ой қозғады. Ал Сырымбек Тау «Арманнан нәтижеге дейін» тақырыбында мақсат қою, еңбек пен тәртіп, кәсіпкерлік ойлау және бастаған істі нәтижеге жеткізу жолдары жөнінде тәжірибесімен бөлісті.

Жиынның ашық пікірталас бөлімінде студенттер спикерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру және Қазақстандағы кәсіби мүмкіндіктер туралы пікір алмасты.

Форумның мазмұнына қатысты Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының орынбасары, орталық бөлімінің бастығы Клара Қондыбайқызы Садырбаева да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі – білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюы, жастардың білім алуына жасалып жатқан жағдайлар мен ортақ ғылыми бастамалар халықтар арасындағы достықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

«Қазақ пен өзбек – тарихы тамырлас, тағдыры ортақ, көршілес халықтар. Бүгінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас барлық салада қарқынды дамып келеді. Соның ішінде білім мен ғылым саласындағы байланыстың орны ерекше. Қазақстанда білім алып жатқан қандас жастар – екі ел арасындағы алтын көпір. Олар сапалы білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасып қана қоймай, өздерінің ұлттық болмысын сақтап, елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға да үлес қосады. Сондықтан жастарға жасалған мүмкіндік – болашаққа салынған инвестиция. Олардың білім алуына, ізденуіне және қабілетін жүзеге асыруына қолдау көрсету аса маңызды», – деді Клара Қондыбайқызы.

Оның пікірінше, шетелдегі қазақ жастарының тарихи Отанына келіп білім алуы олардың ұлттық тамырынан ажырамай, Қазақстанның қоғамдық және мәдени өмірімен жақынырақ танысуына жол ашады. Ал жоғары оқу орындарында алған білімі мен тәжірибесі болашақта екі елдің де дамуына қызмет ете алады.

Форум аясында жастардың тың бастамаларына да қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, шара қарсаңында ұйымдастырылған «OQ-startup» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау Қазақстанда білім алып жүрген қандас студенттердің инновациялық, әлеуметтік және шығармашылық бағыттағы идеяларын анықтап, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруді мақсат етті.

Жиын «Qandas coffee» форматындағы еркін кездесумен жалғасты. «Бір кофе. Бір таныстық. Бір мүмкіндік» ұранымен өткен басқосуда қатысушылар жаңа таныстық орнатып, кәсіби байланыстарын кеңейтіп, өз идеяларымен бөлісті.

«Жастар. Мүмкіндік. Болашақ» форумы – қандас жастарды бір ортаға топтастырып қана қоймай, олардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға арналған маңызды алаң. Білімге ұмтылған жасқа мүмкіндік беру, оның бастамасына қолдау көрсету – ұлт болашағына қызмет етудің жарқын көрінісі.

Айдын УРУМБЕТОВА