Ғылымға адалдық, ұстаздыққа жауапкершілік және ел болашағына қызмет ету – академик Арстан Мәуленұлы Ғазалиевтің өмір жолын айқындайтын басты құндылықтар. Саналы ғұмырын ғылыми ізденіске, жас мамандарды тәрбиелеуге және жоғары техникалық білім беруді дамытуға арнаған көрнекті ғалымның 75 жылдық мерейтойы Қарағандыда кеңінен аталып өтті.
2026 жылғы 6 қарашада Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Ғазалиевтің мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы ұйымдастырылды.
«Ғалым, ұстаз, жасампаз жолы» атты мерейтойлық жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, әріптестері, шәкірттері мен жақындары жиналды. Басқосудың басты мақсаты – ғалымның отандық ғылым мен білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесін дәріптеу, оның ғылыми және ұстаздық мұрасына құрмет көрсету.
Салтанатты жиынды университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Саветовна Сагинтаева ашып, мерейтой иесінің оқу орны тарихындағы ерекше орнына тоқталды. Ол Арстан Мәуленұлының университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, өндіріс пен білім арасындағы байланысты нығайтуға және білікті инженер мамандар даярлауға сіңірген еңбегін атап өтті.
Арстан Ғазалиевтің ғылымдағы жолы химия саласындағы іргелі зерттеулермен тығыз байланысты. Оның ғылыми ізденістері органикалық синтез, табиғи қосылыстар химиясы, фармакология және кванттық химия бағыттарын қамтиды. Ғалым биологиялық белсенділігі жоғары жаңа қосылыстарды зерттеу арқылы отандық химия ғылымының дамуына өзіндік үлес қосты.
Академиктің ғылыми мұрасы ауқымды. Оның қаламынан 950-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек жарық көрген. Ғылыми жетекшілігімен 13 ғылым докторы мен 46 ғылым кандидаты даярланған. Бұл көрсеткіштер оның зерттеуші ретіндегі жетістігін ғана емес, ғылымға жаңа буын қалыптастырған ұстаздық еңбегін де айғақтайды. 2003 жылы ғалымның еңбегі Қазақстан Республикасының білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен бағаланды.
Арстан Мәуленұлының кәсіби өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін басқарған жылдармен байланысты. 2008–2016 жылдары ректор қызметін атқарған ол университеттің ғылыми инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және білім беру үдерісін өндіріс талаптарына жақындатуға күш салды.
Оның басшылығы кезеңінде Орталық және Солтүстік Қазақстанның 80-нен астам кәсіпорнын біріктірген «Корпоративтік университет» моделі дамыды. Өндіріс орындарында кафедра филиалдары ашылып, дуалды білім беру жүйесі кеңейтілді. Болашақ инженерлердің теориялық білімін нақты өндірістік жағдайда бекітуіне мүмкіндік жасалды.
Университеттің ғылыми-зерттеу базасы да жаңа деңгейге көтерілді. Инновациялық ғылыми-техникалық кешен қалыптасып, заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар құрылды. 2013 жылы университеттің инженерлік бейіндегі сынақ зертханасы халықаралық грантқа ие болып, Халықаралық материалтану орталығын құруға жол ашты. Ал Қазақстандық дәнекерлеу институтының ашылуы өндіріс үшін білікті мамандар даярлаудағы маңызды бастамалардың біріне айналды.
Ғалымның еңбегі тек зертханалар мен ғылыми еңбектерде ғана емес, өзі тәрбиелеген шәкірттердің жетістіктерінде де жалғасын тауып келеді. Оның ғылыми мектебінен шыққан зерттеушілер бүгінде отандық ғылымның түрлі бағыттарында еңбек етіп, ұстаз қалыптастырған дәстүрді жалғастыруда.
Мерейтойлық жиында Арстан Ғазалиевтің ғылыми, педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметіне жоғары баға берілді. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков, ҚР Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік даму бөлімі басшысының орынбасары Асқар Тұрарұлы Шериязданов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан және басқа да құрметті қонақтар мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі, профессор Төлеутай Сқақұлы Сүлейменов те құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне құрмет білдірді.
Жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері де қатысты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Пажарбекұлы Сапарходжаев пен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректор міндетін атқарушы Еркеблан Мұратұлы Тәжбаев академикке құттықтауларын арнады.
Мерейтой иесінің атына еліміздің жоғары оқу орындарынан, ғылыми және білім беру ұйымдарынан көптеген құттықтау хаттары келіп түсті. Шетелдік әріптестері де назардан тыс қалдырмай, Мәскеудегі Компьютерлік ғылымдар академиясының президенті Михаил Карпенко мен вице-президенті Ольга Карпенко бейнеқұттықтау жолдады.
Ғылыми қауымдастық атынан академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Төлеуов сөз сөйлеп, әріптесіне жылы лебізін білдірді.
Салтанатты отырыста Арстан Ғазалиевтің өмірі мен ғылыми қызметіне арналған бейнеролик көрсетіліп, «ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиевтің өмір жолы» атты кітаптың толықтырылған басылымы таныстырылды. Мерейтойлық бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерлан Көкеев қатысып, жиынның салтанатын арттырды.
Іс-шараның әсерлі сәттерінің бірі – Ғазалиевтер отбасы атынан айтылған алғыс сөз болды. Мерейтой иесінің ұлы, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев жиналған қауымға ризашылығын білдірді.
Мерейтойлық бағдарламаның жалғасы ретінде «Ғылым, білім және инновациялық технологиялар: даму дәстүрлері мен перспективалары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланды. Ғылыми басқосуда білім мен ғылымның өзекті мәселелерін, инновациялық технологиялардың даму бағыттарын және ғылыми зерттеулердің келешегін талқылау көзделді.
Арстан Ғазалиевтің 75 жылдық мерейтойы – бір ғалымның өмір жолын атап өтумен ғана шектелмейтін маңызды оқиға. Бұл – отандық ғылымның дамуына, жоғары техникалық білім беру жүйесінің қалыптасуына және бірнеше буын мамандардың кәсіби өсуіне үлес қосқан тұлғаның еңбегіне көрсетілген құрмет.
Ғылымдағы жетістік жылдар бойғы табанды ізденіспен, ал ұстаздық мұра шәкірттердің еңбегімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, академик Арстан Ғазалиевтің өмір жолы жас зерттеушілер мен болашақ инженерлер үшін ғылымға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала бермек.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
