Адамзаттың азалы күйі

Адам баласының аза бойын қаза қылатын тарихтағы қасіретті таңба – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының жазықсыз тағдыры. 1920-1950 жылдар аралығындағы зұлмат пен зобалаң, нәубет пен кесапат тарих бетін жусаң кетпейтін қызыл қанға бояп, адамзат санасына ақтаңдағын қалдырып кетті. Қазақстан халықтар түрмесіне айналып, миллиондаған тағдырлар жер аударылды.

Президент Қасым-Жо­март Тоқаев Үндеуінде: «Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулат­ұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сей­­фуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфен­­дияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зия­лылары бар…

Бұл зобалаңның қасіретін үш мил­лион­ға жуық адам тартты… Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазық­сыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», деген еді. Сонымен қатар Мем­лекет басшысының 2020 жылғы 24 қара­шадағы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда бүгінде.

…Қар астынан жас сәбидің дом­быққан саусағы дәрменсіз қыбыр етті. Кезегін тапсырып, үйіне асығып бара жатқан балалар үйінің тәрбиешісі кенет аңғарып, жан-жағын абайлап барып, қайта оралды. Бала тірі. Қойнына тығып ала жөнелді. Уілдеген боранда қатар-қатар бөшкелерде көмуін күтіп қаншама үсіген жас сәбилердің тәні қалып бара­ды. Көрмек түгілі, ойлаудың өзі қорқы­нышты. Тәрбиеші қойнына тығып алып кеткен атақты жазушы Бейімбеттің қызы Гүлсім Майлина АЛЖИР-дегі анасынан ажыратылып, Осакаровтағы балалар үйі­не келгенде көп өтпей өлдіге саналып, дала­ға лақтырылған да, осылай аман қал­ға­ны айтылады. Мыңдаған балалар ара­сын­да бұлай аман қалғандары бірен-саран ғана. Анасы Гүлжамал Майлина АЛЖИР-де орыс тілін білмегендіктен, ең ауыр жұмыстарға жегілген, қой баққан. Кейін уақытын өтеп шыққанда орысша тәрбиеленген қызы Гүлсіммен тіл табысу да оңайға соқпаған. Астананың сыртын­дағы АЛЖИР-ге барғанда бұдан да бас­қа жантөзгісіз сұмдықтарды естисіз. Жан жұ­банар жалғыз-ақ жаңалық – қазақ бала­лары­ның тұтқындарға құрт лақтырғаны. Соның бірі Қиса Қырғызбай қарттың әңгі­месін өз аузынан тыңдап қайттық.

1937 жылғы 3 желтоқсандағы Ішкі істер халық комиссарының бұйрығы негізінде, Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі құрылды. Бір жастан үш жасқа дейінгі балалы әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға (АЛЖИР: Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины – Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) 1938 жылдың 6 қаңтарында келді. Мұнда түрлі кезеңде 20 мыңнан астам әйел отырған. Ал 8 мыңнан астам әйел мерзім­дерін бастан-аяқ өтеп шыққан делін­генімен, нақты санын ешкім де біл­мей­ді.

Ол баста елдің қамын жеген ерле­рін «халық жауы» ретінде қамауға алған­нан кейін әйелдерді күйеулерімен кез­десуге апарамыз деп алдаған. Сондық­тан келіншектердің көбі әдемі киініп шық­қан. Сондай сәнді киімдердің бірді-екілісі АЛЖИР мемориалдық мұражай кешенінде сақтаулы. Әшекей бұйым­дарына дейін керемет сән үлгісінде. Бірақ олар сол бетімен қапастан бір-ақ шық­ты. Алты ай қыс жұрт тон, ты­мақ­пен дірдектеп зорға шығатын Арқа­ның қысы белгілі. Оның үстіне лагерь Жалаңаш­көлдің табанында орналасса суық шыдата ма? Баракты жылытар қамыстан басқа ештеңе жоқ. Алғашқы екі жылда әйелдер қисапсыз қырылғаны туралы деректер бар. Қайсысы өліп, қайсысы қалғаны тағы белгісіз. Демек, 20 мың деген шартты меже ғана. Анығы бір Аллаға аян.

Әйелдер көрген азап пен қорлықты айтып жеткізу мүмкін емес. Музейде тергеуде отырған әйел бейнесі мен әскери­лердің мүсіні тұр. Мұнда не гәп бар деп үңілсек, әйел аяғы жерге жет­пей­тін биік орындықта, ал әскеридің орын­дығы төмен, табаны жерге тиіп отыр. Төбелерінде қарауыл бар. Күні бойы қара жұмысқа жегілген әйелдер түні бойы осылай тергеліпті. Табаны жерге тимей биік отырған соң, 4-5 сағатта аяқ қантамырлары ұйып, есінен танып құлап қалатын көрінеді. Естанды күйі қағазға қол қойдырудың бір жолы ғана бұл. Ал тергеуші мен қарауыл үш сағат сайын ауысып отырады. Зорлық-зомбылықтың кесірінен лагерьде 1 507 бала дүниеге келгенін айтуға ауыз бармайды. Олардың куәліктерінде әке есімі жоқ.

Сонысына қарамай суық барактарда тек қамыс жағып жылынған әйелдер күндіз-түні аянбай тер төгіп, киім тікті. Өте сапалы әрі сәнді киімдері Мәскеу, Петербордың өзінде жоғары сұраныста болған. Майданға киім-кешектің неше атасын жөнелтіп тұрған. Мұражайда неміс Гертруда Платайстың ине-жібі мен оймағы күні бүгінге сақтаулы. Мал бақ­қаннан бөлек тұтқын әйелдер жер жыртып, егін егіп, бау-бақша өсірген. Бірақ бұл еңбектерінің жемісінен оларға татырмаған. Қазіргі Ақмолдың бұрынғы Малиновка атауы солар сыңсытып өсір­ген таңқурайдан қалған деседі.

Қарлагтың жалғыз-ақ нүктесі АЛЖИР осылай адамзат тарихының азалы күйін шертеді. Бірақ кейде бізді 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде ғана аталатыны қынжылтатыны өтірік емес. Францияда 3 адам опат болса, аза тұтып, Эйфел мұнарасының шамдары сөн­діріледі. Ал мұндай геноцидтің ең озбыр түріне келгенде, тіпті не деріңді біл­мей­сің. «Бұл күні Мемлекеттік Туымыз төмен түсірілмейді, телевизия мен радио арна­ларында ойын-сауықтық, концерттік бағдарламалар күні-түні жүріп жатады, көңіл көтеру орындарының жұмысына да еш шектеу қойылмайды. Бірақ осымыз дұрыс па? Бұл күнді жалпыұлттық Аза тұту күні ретінде атап өтудің кешенді іс-шаралары қамтылса игі.

Аза тұту күнін қалай өткізу керек дегенге келсек, жыл сайын 27 қаңтарда атап өтілетін Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларға назар аударған абзал. Мәселен, бұл күні Еуропа кеңесіне кірген елдердегі бүкіл мектепте «Еске алу күні» өткізіледі. Ұлыбританияда Холокост қасі­ретін басынан кешкендер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысатын рәсім­дерден бөлек, шіркеулер, мектеп­тер, университеттер және қалалық кеңес­тер жұртшылыққа арналған іс-шараларды ұйымдастырады. Израильде Холокост құрбандары болған 6 миллион еврейді еске алуға арналған осы Аза тұту күні бүкіл елде екі минут бойы сирена беріліп, мей­рамханалар, кафелер, дискотекалар, театр­лар сияқты көңіл көтеру орындары жұмыс істемейді. Ұлтымыз­ға бас бол­ған зиялы азаматтарымызды түгел­дей дерлік оққа байлаған нәубет енді қайталанбауы үшін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін біз де өркениеті биік елдерше атап өтуіміз керек деп білеміз», депті Кәрібай Мұсырман бір жазбасында. Бұған біз толықтай қосыламыз.

Ең қымбат тас та, ең қымбат ас та қазақтың құрты туралы аңызды айт­қан осы АЛЖИР тұтқыны Гертруда Платайс екенін ел білетін шығар. Ғалым Жай­­лы­бай «Қара орамал» атты атақты поэмасының бір бөлімінде соны жырлай­ды. Поэма әлемнің 16 тіліне аударылып, Швецияның Стокгольм қаласында Open Eurasian халықаралық сыйлығын иеленді. Сөйтіп қазақ құртының қадір-қасиеті әлемге жайылды. Г.Платайстың айтуын­ша, балалар үлкендердің айтуымен әйелдерге қарай тас лақтыра бастайды. Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?», деп налиды. Бір әйел әлгі тастардың біріне сүрініп құлайды. Құлаған кезде алдында жат­қан тастан сүт пен ірім­шіктің исін сезіп қалады. Шетінен бір тістеп көрсе, дәмі тіл үйіреді екен. Тастар­дың бар­лығын теріп, баракқа алып келе­ді. Барак­тағы тұтқын қазақ әйелдер оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсін­діріпті.
Ақмолдағы АЛЖИР-ге сапарымызда жанындағы Жаңажол ауылынан кезінде тұтқындарға «тас» атқан балалар арасында болған қартты Еуразия ұлттық университетінің филология фа­куль­теті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқы­тушысы, PhD доктор Жанбота Тасболатұлының айтуымен іздеп таптық. «Он шақты бала жаяу барамыз. Мен есімді еміс-еміс қана білемін. Көп бала құрт лақтырғаны есімде қалыпты. Кейде жұмыртқа, айран, құртты қойып кетеміз. Ылғи балалар едік, үлкен кісілер жоқ. Стрелоктар қақпайлаған болады, бірақ кетіп қалмаймыз. Бізге қызық керек. Мен өзім 1945 жылғымын, бізді ересектеу балалар бастап баратын. Қазіргі Өтеміс, бұрынғы Радионовканың балалары келетін көрінеді. Кейінде тұтқын­дар киім-кешек, тиын-тебен бе­ріпті бала­ларға», дейді Қиса Қырғызбай ақсақал. Бұл кісі тұтқындар қоныс тепкен барак­тар бертінге дейін тұрғанын айтады. «Жанында «Жындының бәлнісі» (больница) болды, жұрт солай атаушы еді, есім­де қалғаны осылар», дейді.

Дүниенің түкпір-түкпірінен айдалған әйелдердің арасында кімдер жоқ дейсіз? Небір дарын, өз ісінің мамандары, әнші, суретші, тігінші, дәрігер, оқыған ғалым, өнертапқыш, геолог, тағысын тағылар. Барлық саланың маманы жиылып, өз­деріне қажетті нәрсені салып, жасап және Отанын мол өніммен қамтамасыз етіп отырған. Қамыс буғандардың арасында бізді әсіресе намыс буған Алаш арыстары әйелдерінің тағдыры елеңдете береді. Неткен сұлу, неткен нәзік, неткен қайсар бейнелер десеңізші?! Музейдегі сол кезден жеткен суреттерден анық байқалады. Жарларын атып тастап, үш жастан асқан балаларын жетімдер үйіне қаңғытып немесе сонда аштан өлтіріп, өздерін осылай қапасқа алғандағы бар ойы – текті тоқырату. Ұлттың бас көтерерлерін қы­рып салу Сталиннің өзі өлген соң барып толастағаны белгілі.

Қамыс буған, намыс буған, арыс туған ел жасай берсін!

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *