Балқаш қаласында қараусыз қалған жылыжайды қайта қалыпқа келтіруге ниет білдірген кәсіпкер табылды. Ол көкөністер мен гүл өсіруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық жоба Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың назарына ұсынылды.
Кәсіпкер Аян Тілеухановтың айтуынша, ол бұрынғы жылыжай аумағында топырақты ауыстырып, құнарландырмақ. Содан кейін ол жерде қияр, қызанақ, бұрыш, баялды, сондай-ақ шырайгүл, раушан және қызғалдақ гүлдерін өсірмекші. Кәсіпкер жобаны биыл бастап кетуге ниетті.
Билік кәсіпкердің бастамаларын қолдап отыр. Инфрақұрылымды өткізуде көмек көрсетуге уәде берді.
Балқаш қаласында коммуникацияларды жаңарту жалғасуда. Өңір басшысы сумен жабдықтау жүйесін қайта құрудың екінші және үшінші кезегі қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Жоба магистральдық және орамдық желілерді қамтиды. Биыл 14 км құбырды ауыстыру жоспарланған. Қаржыландыру мен материалдар бойынша кідірістер жоқ.
Жылу желілерін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Отандық өндіруші өндірген алдын-ала оқшауланған құбырлар қолданылады.
Жолдарды жөндеу құбырлар төселген жерде ғана жүргізіледі. Осы маусымда 16 көшеде жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның бесеуі аяқталды.
Әр келген сайын облыс әкімі жағалауды абаттандырудың қалай жүріп жатқанын міндетті түрде тексереді. Жағалау аймағы қамыстан тазартылып, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары аяқталды. Маусым айында субұрқақ орнатыла бастайды. Жақын арада жағалау аумағында жаңа гүлзарлар, балалар ойын және спорт алаңдары, ыңғайлы тротуарлар және т.б. пайда болады.
Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш медициналық колледжінде де болып қайтты. Оқу корпусы арнайы дизайн жобасы бойынша күрделі жөндеуден өтуде. Облыс әкімі аумақты абаттандыру және көгалдандыруды тапсырды.
– Мен негізгі нысандарды аралап қайтуға тырыстым. Жағалауды тексеру кезінде заңсыз салынған шығанақтарды тазалауды тапсырдым. Бұл жағажай адамдар үшін өте жайлы болуы тиіс. Барлық желіні қайта құруды жалғастыру қажет. Қаланың айналасында жақсы су желісін салу міндеті тұр. Судың қысымын арттырамыз және апаттылықты азайтамыз. Қазір құбырларын ауыстыруды жеке бақылауыма алдым. Абаттандыруға назар аудардым, біраз жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қалада жасыл желек көп болуы үшін ағаштарды өздігінен суаруды – тамшылатып суаруды орнату керек. Өз аумақтарын таза әрі ұқыпты ұстайтын азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.