Балқашты сақтау жолында

Балқашта трансшекаралық су ресурстарын сақтау мәселелері талқыланды.  Мұнда екі күндік «Балқаш-2024: сын-қатерлер мен шешімдер» халықаралық су-климаттық форумы өтті. Шара екі министрліктің: су және ирригация, экология және табиғи ресурстар, сондай-ақ ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Бас демеуші – «Қазақмыс» корпорациясы.

Форумға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Өңір басшысы Балқаш көлінің экожүйесін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қалалық жағалауда ауқымды қайта құру жүріп жатыр, жағажайды абаттандыру, көл аумағын ескі шығанақтардан тазарту және табиғи су қабылдауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

– Балқаш көлін сақтау және жағалау бойын көгалдандыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық міндеттер. Балқаш – бұл өңірдің бірегей табиғи нысаны ғана емес, сонымен қатар туристік әлеуеті жоғары аумақ. Біз туристік инфрақұрылымды дамыта отырып, көлдің экожүйесін барынша сақтау үшін тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз сондай-ақ көлдің тозуына жол бермеуге және оның жағдайын жақсартуға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіп жатырмыз.

Қоршаған ортаны жақсартуда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы да өз жемісін беріп жатыр. Облыс бойынша екі айда ол 112 мың адамды біріктірді, 367 рұқсат етілмеген полигон жойылды, 127 мыңға жуық ағаш егілді. Оның ішінде Балқашта да белсенді жұмыс жүргізілуде. Қоршаған ортаға жанашыр азаматтар «Таза су айдындары» акциясына қатыса отырып, көлдің жағасын қоқыс пен лайдан тазартты.

Көлді сақтап қалу бойынша өз ұсыныстарын Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесінің мүшесі, Қазақстанның су серіктестігі төрағасының орынбасары Анар Тілеулесова да ортаға салды.

– Бүгінгі таңда Балқаш көлінің жағдайы жақсы, ал оны сақтау біздің міндетіміз. Ол үшін Балқашқа келіп құйылатын су мен экожүйені бұзуға болмайды. Бізде су ресурстарын реттеу мен қорғауға қатысты жүзден астам нормативтік-құқықтық құжат бар. Мен оларды жүйелеп, жалпыға қол жетімді бірыңғай сайт құруды ұсынамын, – деді спикер.

Ол сондай-ақ Балқаш су қорғау аймағының жобасы туралы еске салды. Онда су қорының жерлері ерекше жағдайларда: су жинау құрылыстары, рекреация үшін ғана берілуі мүмкін екендігі айтылған.

Форумда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС сыртқы стейкхолдерлермен жұмыс департаментінің директоры Тельман Шуриев сөз сөйледі.

– «Қазақмыс» корпорациясы, ең алдымен, барлық тау-кен металлургиялық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға өңірлік және республикалық проблемаларды шешуде жұмыла кірісу қажет екенін еске салып, үлгі болғысы келеді. Осылайша, азаматтық қозғалыстың дамуына ықпал етпекшіміз. Бұл біздің миссиямыз, мақсатымыз және біз барлық айтылған іс-шараларды мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде жүзеге асыру үшін барлық адами және физикалық ресурстарымызды жұмсайтын боламыз, – деді ол.

Форум аясында М.Хамзин атындағы Балқаш Мәдениет сарайының фойесінде жергілікті суретшілер мен қолөнершілердің «Климат, Су және Қоғамдастық сабақтастығы» атты көрмесі ұйымдастырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *