Қаламгерден қалған із…

Қадыр ағамыз өмірге қарапайым болып келді де, сол күйі, сол қалпында дүниеден өтті… Атақ пен даңққа, байлық пен мансапқа қызықпады. Еңбегін емді. Қалтасы жұқа жорналшы болып ғұмыр бойы жортты. Ашқұрсақ күндері де көп болған шығар… Өйткені, 1936 жылы жарық дүние есігін ашқан сәбидің тоққұрсақ-толық болуы да мүмкін емес.

Сол бір аласапыран жылдарда өмірге енген барлық балалардың балалық балдәурені болған жоқ десек, артық айтқандық емес. Қуғын-сүргін, сұм соғыс, тың көтеру науқаны — олардың балалық шағы түгілі, жастық дәуренін де жалмады. Осындай ойын-күлкісіз өскен тағдырлы ұрпақтың бірі — біздің Қадыр Жұмыш ағамыз.

Бұл кісінің балалық шағы мен жастық кезеңі өте қиын жағдайда, ауыртпалықта өткен екен. Бірге де толмаған кезінде əкесі «халық жауы» деген желеумен жазықсыз сотталып, он жылдай Сібірдің қалың ормандарында азапты күй кешкен. Анасы жесірліктің, əпкесі екеуі жетімдіктің тауқыметін тартқан. Кейін анасы басқа біреуге тұрмысқа шығып, онан өгей əкенің құрығына ілігеді. Туысқан ағайындарын жағалап, құнсыз ғұмыр сүргенін өз аузымен айтып беріп еді (Ол туралы мақаламды 2006 жылы күз айында Қадыр ағамыздың 70 жылдық мерейтойына орай «Азия Транзит» журналына шығарып едім). Туғаннан бастап ат жалын тартып мінгенше, белі бекіп, азамат болғанша көп қиындық көріп, қамкөңіл болып өскен Қадекеңнің бағына қарай əкесі Иманғали Сібірдегі айдаудан аман келіп, баласын іздеп табады. Əкесі көзі ашық, көкірегі ояу, бұрын қызмет істеген сауатты жан болса керек. Жазусызудан да хабары бар болғандықтан ел ішіндегі оқиғаларды, күнделікті ақпараттарды газет-журналдарға жариялап тұрады екен. Мерзімді басылымда жұмыс істеген кездері де бар. Жас Қадырды жанына ерте жүріп, көп нəрсеге көзін ашады… Осындай үлкен өмір мектебінен өткен елгезек жас журналистиканың қыр-сырын жақсы меңгеріп, кəсібилігін шыңдайды. Бір айта кетерлігі, Қадырдың өзі мектепте де, жоғары оқу орнында да орысша оқығанымен, қазақша-орысша екі тілге бірдей сауаттылық танытып, қос тілде мақалалар жазып жүреді. Қазақ тілді жəне орыс тілді басылымдарда да бірдей жұмыс істеген. Аудармамен де өте жақсы айналысқан.

Менің ойымша, Қадыр аға тумысынан қаламгер болып жаратылған жан сияқты. Сол зейіні мен бейіміне əкесі Иманғали алғашқы болып ұстаздық етті. Сосын Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика мамандығын сырттай оқығаны жəне қайнаған өмірдің өзі қалыптастырып-дамытты. Өзін қаламгерлікке баулыған, Қазақстан Журналистер одағына мүшелік дəрежесіне дейін көтерген əкесі Иманғали Жұмыштың ит жеккен жерде он жыл азап құрсауында болғаны жайында қазақша-орысша қос тілде «Азап пен азат», «В неволе и на воле» деген естелік кітап жазды. Осы естелігінің ішінде: «Журналистикада қандай да бір жетістіктерім болып жатса, соның бəріне əкем Иманғалидың арқасында жеттім», — деп əкесіне үлкен құрметін білдіреді.

Қадыр ағамызбен менің таныстығым — 1990 жылдардың басында басталды. Ол кезде мен «Замандас» жастар апталығында жұмыс істейтінмін. Сол уақытта Қадекеңнің «Құтты мекен — Қарағаш» дейтін экологиялық очеркі газетіміздің бірнеше нөміріне шығып еді (Кейін кітап та болып жарық көрді). Мұнан соң да «Орталық Қазақстан», «Азия Транзит», тағы басқа газет-журналдардан ол кісінің жазбаларын оқып жүрдім. Күнделікті газеттің қым-қуыт жұмыстарымен жүрсек те, араарасында уақыт тауып, Қадыр ағамызбен əңгімелесетінбіз. Қадекеңнің ең ғажап қасиеті — қарапайымдылығында жатыр. Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет көрсетіп жүрді. Əзіл-қалжыңы да бір басына жетерлік болатын. Кездескен сəтте ашық-жарқын амандасып, бəрімізді күлдіріп алатын. Сондай позитивті адам болды

Ағамызбен жақын, етене араласқаным — 2000 жылдардың басында «Азия Транзит» дейтін журналда істеп жүрген кезде еді. Ай сайын шығатын республикалық журналға жан-жақтан материалдар түсіп жататын. Дегенмен, Қадыр ағаның жазғандары жиі жарық көретін. Себебі ол, сол «Азия Транзитті» өте жақсы көрді. Əр нөмірін асыға күтті. Бір нөмірге екі-үш материалдан беріп тұрды. Біздің редакцияда жартылай штатта жұмыс істеді, меншікті тілшісі болды. Сол тұста бір байқағаным, Қадекең бұрқыратып жазады, бірақ осы еңбегіне ақы сұрамайды. Журналда қаламақы болмаса да, редакциядағы жартылай жұмыс орнына аз да болса айлық талап етуіне болатын еді. Қадекең қарапайымдылығына салып, өз нəпəқасын да іздемеді. Бірнеше жылдың жүзінде ерікті (волонтер) есебінде қызмет етті. Өте еңбекқор адам екендігін осындай шағын детальдардан да аңғаруға болады. Менің алдымда «Азия Транзит» журналына редактор болған Салауат Кəрімов, Сағатбек Мұғалімжан есімді азаматтар да Қадекеңді «өнімді журналист» деп үнемі мақтап отыратын. Сағатбек марқұм маңайына кілең қарт қаламгерлерді жинап алып, солардан ақыл-кеңес тыңдап отырушы еді. «Азия Транзиттің» ақсақалдары!» деп, ол кісілерді қадірлеп, төрге оздыратын. Осы қарттардың ішінде Қадыр ағамызды ерекше айтып жүрді. Шындығында аталмыш журналға журналист Қадыр Жұмыштың зор еңбегі болғанын бəрі растайды. Бүгінгі күні əр-əр жердегі мұрағаттарда «мұңайып» жатқан «Азия Транзиттің» кез келген нөмірін тауып алып, ашып қалсаңыз: Қадекеңнің материалдары жарқ ете қалады. Қаламгердің қаламына сол кездегі қоғамдағы барлық оқиғалар, барлық ақпараттар мен түрлі құбылыстар ілінгені сөзсіз. Өндірісті де, өнерді де өндірте жазды. Əлеуметтік саланы да, спортты да қаузады. Қысқасы, қаламгер Қадыр Жұмыштың қанатты қаламы барлық саланы қамтыды (Осының өзі ғылыми айналымға сұранып тұрғандай…).

2006 жылы ағамыз жетпіс жасқа толғанда, мерейтойын балалары жасап берді. Сол тойда «Азия Транзит» ұжымы авторымыздың арқасына шапан жауып, ақ тілегіміз бен арнау өлеңімізді оқығаным есімде қалыпты. Сонымен қатар журналдың бір нөмірінің мұқабасына портреттік суретін беріп, ағамыз жайында арнайы материал жазғанбыз. Сол күнгі ағамыздың қатты қуанғаны, балаша мəз болғаны да көз алдымызда…

Сөз басында Қадыр ағамызды — тағдырлы жан дедік. Оның мəні — бала күнгі, жастық шағындағы көп қиындық қана емес, қартайған кезінде де сол қиындықтан, ауыртпалықтан арыла алмады. Үміт артқан ұлы Марат 42 жасында көз алдында жүректен кетті… Онан кейін қызы Айгүл ауырып, өмірден өтті… Сосын өмірлік жары Бағаш тəте дүниеден қайтты… Осы қабатқабат қайғының бəрі Қадекеңнің нəзік жүрегіне инедей қадалып, жалғыздықтың мұңзарын кешті… Бірақ, жасынан қиындыққа қақталып, шермен шынығып өскен Қадағамыз соның бəрін екі иықпен көтерді. Тосыннан келген қайғы-қасіретке қарсы тұрып, өзін-өзі ұстап-сақтап қалды. Езілмеді, сынып кетпеді. Қарапайымдылығы мен қайсарлығы қосылып, сабырлылыққа жол ашты. Сөйтіп, тағдырлы ғұмырының биік белесінде, былтырғы, яғни 2023 жылдың маусым айының соңында фəни-жалғаннан мəңгілік-бақиға аттанды… Осыдан тура бір жыл бұрын. Сондағы «Орталық Қазақстан» газетіндегі қазанамадан сəл үзінді келтірсек: «88 жасқа қараған шағында қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қадыр Иманғалиұлы Жұмыш өмірден өтті. Ол АлматыдағыС.Киров атындағы ҚазМУ журналистика факультетін бітірген соң еңбек жолын «Орталық Қазақстан» газетінде корректордың көмекшісі болып бастап, одан əрі Қарағанды облыстық телевидениесінің «Жаңалықтар» редакциясының редакторы, Саран қалалық радиосының жауапты редакторы, облыстық С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының əдебиет бөлімінің меңгерушісі жəне облыстық «Индустриальная Караганда», аудандық «Шұғыла-Восход», «Городская газета», «Азия Транзит» жəне тағы басқа басылымдарда тілші, бөлім меңгерушісі, аудармашы қызметтерін атқарды. Журналистика саласына 58 жыл өмірін арнаған қаламгердің экология тақырыбына арнап жазған очерктері «Аялы алақан», «Табиғатым — тағдырым» жинақтарында жарық көрді…» — делінген.

Қаламгер Қадыр Жұмыш өмірден өткенімен артында із қалды. Рухани із! Қай кезеңде де ұрпақтан ұрпаққа керегі — осынау рухани уыз ғой! Уақытпен жарыса, бар саналы ғұмырын журналистикаға арнаған, шығармашылыққа бағыштаған қайран Қадеке, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

Рухыңыз шат болсын!!!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *