АҒАЛАР АЗ ЗАМАНДА ОЛАРДЫ ЖОҒАЛТУ ҚИЫН ЕКЕН

17 тамыз бәрімізге күтпеген қаралы хабарды алдымызға тартты. Ғалым, ұлт жанашыры, дара тұлға Темірғали Көкетай ағамыз бақилық болды.

Qazaq club-тың Құрметті төрағасы Темірғали Көкетай аға біздің әр бастамамызды қолдап, қуаттап жүретін еді. Алғаш танысқан сәттен бастап, оның ұлттық ұстанымға ие екенін көріп, шын көңілден қуандық. Ұлттық мінезге бай, ақжарқын, риясыз, ер көңілі оның нағыз азаматтық тұлғасы мен болмысын паш ететін.

Ол шынайы аға бола білетін, әсіресе, қазақ қоғамына қажет-ау деп барған әр жобаға қанат бітіріп, «Осы дұрыс, алған бетіңнен қайтпа, қолдаймын!» – деп ашық-жарқын жымиып, пікір бөлісетін, ойын айтатын. Академик Көкетаевтың бұл сөзінен соң, тау қопаруға болады! Артыңда Темкең тұрғанда тек алға жүру керек, талаптанып жасау керек.

Ал онымен кездескендегі жымиысы, емен-жарқын қатынасы, ағалық ілтипаты адамға деген разылығының белгісі еді. Темкеңнің бойындағы осы рухани жан жылуы, қолдауы мен ағалығы аса бір құнды естелік.

2019 жылы Күнтізбенің алғаш рет тұсауын кескенде Темкең өзі келіп, ақжол тілеп, ағалығын жасап, оны насихаттаған еді.

Араға уақыт салып барып Темкең Қазақ тілі қоғамының төрағалығынан кеткенде оны Qazaq club-тың Құрметті төрағасы қылып сайладық. Ол сайлағанымызды, алдын ала айту жоқ, «Аға, сізді осылай сайлап алдық» – деп телефоннан звондап, ескерттім.

Алдынан өтіліп, бару деген жоқ. Бары сол ғана. Шынайы жанашыр ағаға ғана өтетін еркелігіміз бұл енді. Оған Темкең «Бұл не? Ескертпейсің бе?»  демеді, «қайда бару керек, керек болса мен барам, айтам», – дейтін. Керек жерінде айтты, барды да.

Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін үлкендердің ішінен бірінші боп қолдап, ірілік танытты.

«Анау не дейді, мынау не дейді, мынау не ойлап тапқан тағы?» – деп айтады ғой деген жоқ. «Дұрыс, жасау керек, қолдаймын!» – деді. Осындай мінезді бұл күнде кей ағалардан көру неғайбыл. Шынайы ұлттық мінез осы болса керек.

Мұндай естеліктерді жинаса, біраз адам айтары сөзсіз, бір кітапқа жүк боларлық дүние. Оның осындай азаматтығы, ұлттық мінезге бай болғандығын біз – клуб  мүшелері жоғары бағалаймыз. Әрі оның біздің клубтың Құрметті төрағасы болғандығын мақтан тұтамыз.

ФЕНОМЕН ТҰЛҒА

Кеңестік дәуірде Тимуршылар бар болатын еді. Ендеше біз «Темірғали Көкетайдың ізбасарлары» боламыз! Оның ұлттық мінез байлығы, бітім-болмысы, қазақ ғылымына сіңірген еңбегі «Т.Көкетай феноменінің» негізі деуге болады. Қанша ғалым болса да, қазақтығын жоғалтпады, оны ту етіп көтеріп жүрді және көтере білді де. Ол физика саласында еңбектенсе де, түп-тамырының қазақтан бастау алатынын айқын сезетін. Ол бәрінен бұрын қазақ болды, сосын барып ғалым бола білді.

Енді бізге мұндай аға табыла ма? Ол бір қиын сауал. Бірақ әр дәуірдің өз академик Т.Көкетайы болуы керек. Шетелдің танымал университеттері мойындаған, әлемдік ғылымда өз ізін қалдырған, сондай-ақ ұлттық мінезге бай қазақ ғалымдарының көп болғаны керек-ақ бізге. Осы қасиеттердің барлығы Темкеңнің бойында болды. Қазақи бітім-болмыс пен ғалым ретіндегі үлкен әлеует оның бойында үйлесім тапқан болатын. Дәл осы қасиетімен ол қазақ ғалымдарының эталонына айналып, Е.Бекмахан, Қ.Сәтбай, Е.Бөкет сынды алыптардың қатарынан орын алды.

ЖАНЫҢЫЗ ЖӘНАТТА БОЛСЫН, АҒА!

ТЕМКЕҢНІҢ ЖАҚЫНДАРЫНА, ЖАН ЖАРЫ МАЙРА АПАЙЫМЫЗҒА ҚАЙҒЫЛАРЫНА ОРТАҚТАСЫП, КӨҢІЛ АЙТАМЫЗ.

ҚҰРМЕТПЕН, QAZAQ CLUB МҮШЕЛЕРІ: Клубтың қариялар кеңесінің төрағасы  С.Келдібай, ҰҒА мүше корреспонденті Е.Қажыбек, Н.Ошан, А.Хален, Қ.Смағұл, Г.Шабданқызы, клубтың атқарушы хатшысы Н.Сұршаұлы, Е.Кеңесбек, Ә.Жұман, клубтың Астана өкілдігінің төрағасы Д.Нұркейұлы, клубтың Алматы өкілдігінің төрағасы Қ.Әбді, Ж.Иса, Е.Әбілдин, Н.Смағұлов, А. Бәдел, С.Аралбай, Н.Кәрібай, Ж.Жақан, А.Сәрсекей, «Адырна» ұлттық ақпараттық порталының бас редакторы А.Әубәкір және басқалар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *