Қарағанды қаласы бұрын хабарлағанымыздай, кейінгі кезде республикалық және облыстық турнирлер өткізілетін шахмат астанасына айналып барады. Жақында тағы бір айтулы жарыс ұйымдастырылды. «Аманат» партиясының ақ залында осы саяси ұйымның қалалық филиалының ұйытқы болуымен әуесқой шахматшылар арасында партияның бастауыш ұйымдарынан командалық жарыс болып өтті. Оған 15 команда қатысып, қалалық филиал мен «Чатуранга» шахмат клубының жүлделерін сарапқа салды.
Жарыстың салтанатты ашылуында партияның қалалық филиалының тұрайымы Юлия Бадина, шахмат клубының директоры Салтанат Каршанова жарысқа қатысушыларды құттықтады. Турнирдің бас төрешісі болып шахмат клубының жаттықтырушысы, спорт шеберіне кандидат Геннадий Пак тағайындалды.
Сонымен, құрамында төрт ойыншыдан бар жаңағы 15 команда швейцариялық жүйемен жарысты бастап кетті. Әр партияға әдеттегідей 10 минут уақыт беріліп, әр жүрістен кейін 2 секунд бонус қосылып отырды. Салған беттен Қазақстан теміржолы мен ардагер шахматшылардын құралған «Барыс-1» командасы суырылып алға шықты. Олар қарсыластарына бет қаратпай 4:0 есебімен жеңіске жетіп, өзара кездесулері 2:2 есебімен тең аяқталды. Турнир тағдырын ардагерлердің Техникалық университет командасымен кездесуі шешті. Күтпеген жерден 1:3 есебімен жеңіліс тапқан ардагерлер командасы 2- орын алып, 80 мың теңгенің қомақты жүлдесіне ие болды. Бұл ардагер ойыншылардың кезекті ірі табысы екендігін атап өту керек. Командада белгілі шахматшылар С.Игнатьев, С.Корабельников, П.Руденко және осы жолдар авторы ойнады. 1-орынға ақырғы сында сүрінбеген теміржолшылар (капитаны С.Кабов) ие болып, 100 мың теңгені олжалады. 3-орынға (70 мың теңге) филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ю.Самохин бастаған университет шахматшылары ие болды.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер шахматшылар клубының жетекшісі
Суретте: жүлдегер ардагерлер командасы