Өңірдің өркендеу мүмкіндігі мол

Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс əкімінің бірінші орынбасары Аман БАРЕКЕНОВ осылай деп мəлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі күні Ұлытау-Жезқазған өңірі қоғамның қай саласында болсын, көш бастап келе жатқан аймақтар қатарында. Əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. «Кəсіпкерлік саласы, инвестиция жəне агроөнеркəсіп кешені бойынша көрсеткіштер – соның айғағы» деді ол.

Аман Барекенов өз баяндамасында Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық даму динамикасында ауыл шщаруашылығы мен кəсіпкерлік саласының үлесі зор екеніне кеңінен тоқталды. Бүгінгі күні өңірдегі өнеркəсіп өнімінің көлемі 697 млрд. 322 млн. теңгені құрап отыр екен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 127,9 процентке артқан. Аталмыш бағытта «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен «Жəйрем кен-байыту комбинаты» АҚ жəне «Өркен» ЖШС сияқты өндіріс ошақтарының бəсі басым тұр.

– Облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуына өңірдегі шағын жəне орта кəсіпкерлік салаларының қосып отырғаны үлесі қомақты. Бүгінгі күні аймақта 15 мыңнан астам шағын жəне орта кəсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Олардың 1 577-і заңды тұлғалардың иелігінде болса, 10 323-і – жеке тұлғалардың кəсібі. Мұның сыртында 3 239 шаруа қожалығы бар. Осы кəсіпкерлік нысандардың арқасында аймақтың 16 мыңдай адамы жұмыс істеп, нəпақа тауып отыр. Тауар айналым көрсеткіші 47,3 мдрд. теңгені құрады. Бұл – үлкен жетістік, – деді Аман Сайлаубекұлы.

Брифингте өңірімізде іргелі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылғалы тұрғаны да айтылды. 2022-2026 жылдар аралығында 13 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Мұның төртеуі үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Олар – қара мыс ширатпасын шығаратын Жезқазған гидорметаллургия заводы, Жезқазған мыс заводын газдандыру жобасы, Жезқазған кен-байыту фабрикаларын жаңғырту жобалары мен Жаңаарқа ауданындағы ет өңдеу жəне ет өнімдерін өндіру заводын іске қосу. Бұл жобалар жүзеге асырылғанда өңірде 495 жаңа жұмыс орыны ашылатын болады.

Мұндай ауқымды шаралар ауыл шаруашылығы саласында да қарастырылған.

– Ұлытау облысының ауылшаруашылық əлеуеті зор. Мұнда үлкен жобаларды іске асыру мүмкіндігі бар. Біз осыларды ескере отырып, ауыл шаруашылығын əртараптандыруда ойластырудамыз. Ол ойымыз жүзеге асқан жағдайда өңірде ірі қара – 50, ұсақ малдар 40, жылқы 30 процентке өсетін болады. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 2 есе артып, ішкі жиынтық өнім көлемі жыл сайын 10 млрд. теңгеге жететін болады. Егін шаруашылығы да 5,0 мың гектарға артпақ. Мұның бəрі 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарда межеленіп отыр, – деді облыс əкімінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің дефицитін болдырмау, бағаны тұрақтандыру мақсатында 10 инвестициялық жоба жасалынып жатыр. Құны 15,6 млрд. теңге болатын бұл жобалар арқылы өңірде ет жəне ет өнімдерін шығаратын цехтар, 10 мың басқа арналған мал сою, ет өңдеу орындары бар үлкен кешен, құс етін өндіретін фабрика, көкөніс қоймасы, жылыжай сияқты нысандар салынып, пайдалануға берілмек.

Өңірде туризмді дамытуға да қатысты үлкен жобалар жоспарлануда. Оның ішінде, «Кененбай», «Ащыкөл», «Барақкөл» сияқты демалыс орындарын салу, конақ үйлер мен жол бойында сервистік шағын нысандар ашу жұмыстары күн тəртібінде тұр.

Осындай ауқымды жобаларды тізбелеп шыққан облыс əкімінің бірінші орынбасары журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да толыққанды жауаптар берді.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *