6 қазан, жексенбі күні таусеруеннен келе жатып, жол бойында топтасып тұрған көп қарғаны кездестірдік. Қазақ халқының ежелден табиғатпен тынысы бір. «Қаз қаңқылдаса, жаз келер, Қарға қаңқылдаса, күз келер», – деген, яғни алтын күздің күлімдеген күні азайып, күз күшіне енеді деген сөз.
Қазақ халқы қарғаға да қарап ауа райын болжаған. Қарға ерте көктемде қарғын суға шомылса, күн жылынады. Жаз кезінде аузын ашып қарқылдай берсе, найзағай ойнайды. Қыста ағаш басына қонақтап, қарқылдаса аяз боларын, топтасып шуласа, қар жауарын, бастарын әр жаққа қаратып, бейғам отырса, күннің желсіз, ашық боларын, ағаш діңгектеріне жақын қонақтап отырса, күннің желді боларын білдірген. Жақсылап назар аударып тыңдасаңыздар қарғалар беске дейін санай алады. Күнделікті өмірде біз қарғаларға аса көңіл аудармаймыз. Көңіл аударып қарасақ, қарғалар өлгендерінің артынан аза тұтатын құстар. Жақындары қайтыс болғанда бірден басы-қасына жиналып, біраз уақыт оның жанынан кетпейді.
Олардың бұл әрекеттері қарғаның неден өлгендігін білу үшін, ұғыну үшін де болуы мүмкін. Қарғалардың осы құбылысын көшеде, көбінесе жолда келе жатып, өлген қарғалардың маңайында отырғандарын байқауға болады.
Қара қарға деп қарамай, түсіністікпен, зейін салып қарасаңыздар көптеген табиғаттың сырын түсінуге болады. Қазақ халқы табиғат құбылыстарына қарап, болашақта болар ауа райын болжап отырған.
Сәкен КЕЛДІБАЕВ