Қарағанды облысының спортшылары Қазақстан құрамасының құрамында ескек есуден Азия чемпионатында алты медаль жеңіп алды. Құрлықтық біріншілік Самарқандта өтті. Оған 13 елден 300-ден астам ескекшілер қатысты.
Қазақстандық спортшылардың басты қарсыластары Қытай, Таиланд, Вьетнам және Өзбекстан өкілдері болды.
Нәтижесінде Теміртау қаласындағы ескек есу мектебінің және Ә. Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің, жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілдері алты медаль жеңіп алды. Варвара Белоногова мен Тамара Первушкина «сегіздік» және «төрттік» сапында екінші және үшінші орындарға ие болды, ал Ирина Чудина квартетте күміс алды. Жалғыз жүлдегер жігіт Алексей Красновский болды, ол тағы үш жерлесімен қола жеңіп алды.
– Бұл медальдар өте құнды, бәсекелестік пен адал күресте алынған. Біздің қыздар экипаждардың, бүкіл құраманың қуатын күшейтті, – деп атап өтті Қарағанды облысының академиялық есу бойынша аға жаттықтырушысы Владимир Белоногов.
Серік ҚОРҒАСБЕК