САРЫАРҚАНЫҢ СЕРІ САМАЛЫ

Тілеген Әділовтің «Жалғыз Досым бар менің» атты жыр жинағына Беташар сөз

Тілегенді алғаш айтыскер ақын ретінде таныдым. Кейін іштесе келе оның санаткер ғалым, ғажап ақын Ғазиз Ештанаев ағамның туған бауыры екенін білдім. Жатырқауы жоқ жайдары жігіттің басқа айтыскерлерден өрнегі бөлек, тереңнен тепсініп шыққан құнарлы құймалары, сонау бағзы жыраулардың дырау сарындарынан дем тартқан өлең өрімі ұнайтын. Сөйтсем, ол жазба поэзияға да қолтаңба қалдырып жүрген ақын екен.

Қай бір жылы Қарағанды қаласындағы орталық кітапханада менің кешім өтті.

Ақсораң құздың қиясынан дүреген Серік ағам мен ақ сұңқарлардың ұясынан түлеген Жанат бауырым ұйымдастырған сол шараны осы Тілеш жүргізді.

Кештің соңы Тілеген шаңырағындағы – Ақсұңқарұлы шер төккен, Аманжол Әлтай жыр төккен, Дәуренбек Әркен ән төккен әдемі отырысқа ұласып еді.

Сол жолы Бұғылы-Тағылының аңсарлы перзентін түстеп танығандай болдым. Ене-даланың көне серілерінше сөз саптаған ақын жігіт дала жайлы, саятшылық хақында сөз қозғалса, дүниені ұмытып жанып кетеді.

Әсіресе, Қарқаралының Тұяқ аңшысы, Бұғылы-Тағылының Қалила аңшысы туралы әңгіме айтқанда, қоясынан құтылып, қызылға ұмтылған шөгелше шүйлігеді, шіркін! Небір тарланбоздар жортқан топырақ қой, неге өшсін олардың іздері?!

Міне, содан бері көмейінен Сарыарқаның сері самалы ескен бауырмен сәлем-сауқатымыз үзілмей араласып келеміз. Қолыма оның осынау ілкі жыр жинағының қолжазбасы келіп түсіп парақтай бастағанымда сол самал кеудемді керней жөнелгені жасырын емес.

Ағеден ақын өзінің шын көксеуі, іздеп жүрген асыл мұраты не екенін бүкпесіз жайып салады:

Қос құлағы ашасындай бақанның,

Қос танауы ауызындай апанның;

Сауырына Сарыарқа сыятын,

Бауырына Жаңарқа сыятын;

Екпіні тас құлатқан,

Жанардан жас құлатқан.

Жортса…

Жотадан жотаға жоситын,

Кісінесе кісі шошитын,

Ту құйрығы бір тұтам

Қазанат іздеп келемін! – Әрине сарабдал оқырман ақын іздеп жүрген

Қазанаттың ар жағынан – ұлтымыздың семік шалған қыран-қанат өрлігі мен мүжік шалған тұлпар-тұяқ рухын жоқтап отырғанын бірден ұға қояры анық. Және ол жалаң пафос, құр баяндау, құрғақ тіркестермен емес, өзі айтқандай, «шығы сәскеге шейін кеппеген» түкті топырағының құнарлы тілімен, мұнарлы мұңымен мөлт ете қалған…

Ауылды жырламаған ақын бар ма?! Кім өзінің тамыр тартқан топырағын ұмытқан?! Топырағын ұмытқандар мен туған елінің хақысын жеп құныққандар ергіз – екі дүниеде оңар ма?! Осы тұста санамды ой қапты, шынында, ауыл туралы таңдаулы жырлардан антология құрастырған жөн-ау деген. Тілеген өлеңдеріндегі ауыл да бәрімізге етене таныс. Бірақ ақын жанары өзгелердің көзіне түспеген суреттерді, бөгденің көңіліне оралса да, тіліне көшпеген сезімдерді суреттей алуымен бағаланады емес пе. Сондықтан оның көшіп кеткен аулына оралған бір сәтін сипаттаған:

Біздің  ескі  үй  бос  қалған  қаңырап  тұл,

Қайран  менің  ойларым  жамырап  кіл,

Менің  қозы  күнімді  еске  салып,

Көрші  үйдің  қозы-лағы  маңырап  тұр, – деген мұңды шумақтарына өз сырың, төл шыныңдай сенесің.

Өйткені дәл осы шындық менің де, бәлкім, оқырман, сенің басыңда да бар. Бірақ тілімізге тап осындай уытымен, кейпімен оралмаған… Осы жырды алғаш оқығанда, құдды, қасыма Николай Рубцов келіп:

Тина теперь и болотина

Там, где купаться любил…

Тихая моя родина,

Я ничего не забыл, – деп өңезе үнмен өлең оқып тұрғандай бір әсер пайда болғаны. Бұл, әрине, санадағы сәулелердің шағылысуы арқылы жүректе пайда бола кеткен оқыс сезім шығар. Әйтпесе, Тілегеннің ауылы Кольцовтың да, Есениннің де, Рубцовтың да деревняларына еш ұқсамайды. Тұнығы ылайлана, ырысы шайқала бастаған қазіргі құрдымның алдында тұрған қазақ ауылы… Шерменде ақын содан да:

Мен неге ауылымнан алшақтаймын,

Ішімді тырнайды ылғи қарсақ-қайғым.

Өксіп-өксіп жылағым кеп тұрғаны-ай,

Басына шығып алып Қарсақбайдың, – десе, сенің де көзің дымданып,  көңілің мұңданып сала берері хақ. Бұл жерде жалқының (лирикалық кейіпкердің) иләһи жан-азасы – жалпының (ұлттың) руһи мұң-азасымен телғабыс түскен десек жаңсақ кетпеспіз.

Ақын не нәрсені жырласа да сендіріп айтуы керек. Егер сендіре алмаса, ақындығында нәгүмәндық, туындысында кембағалдық бар болғаны.

Бұл орайда, Тілегеннің – туған жері, анасы, алыста қалған ауылы жайлы туындыларындағы сырнайлы саз, кернейлі әуен Жаратушы Иеге жалбарған мінәжат жырларына да хас. Мынау ұшы-қиырсыз ғаламда фәниге еріксіз келіп, бақиға ырықсыз кететін пенде шіркіннің ақырғы деміндей, аһы ұрғы лебіндей сенің де көкірегіңді қарс айырып өте шығар. Ғұмыр сонысымен де өткінші, өмір сонысымен де мәңгілік емес пе?..

Ей, тарлан көк, тарлан  көк!

Сені  қайдам….

Менде әлі  арман  көп.

Терің  сіңген терлігіңді иіскейін,

Одан басқа дәтке  қуат  қалған жоқ.

…Ауыздықты  қаршылдатып  шайнайсың,

Бармағымды  менде  шайнап алғам көп… – Осынау жырдағы өзекқапқан өкініш сарыны жалғыз Тілеш ақынның көкірегін тырнаған шер емес, дүние жәрмеңкесінде отырықшы отамандардан оңбай ұтылған Ұлық Ұлыс мұрагерлерінің зариғапты сыры ғой… «Буыршынды  бөле  қуған  айырдан, Қарағайға  қарсы  біткен  бұтақты, Азуымен  қарш-қарш  шайнап  айырған бураларынан» айырылған құтсыз келенің қайғылы хәлі-дүр…

Алайда құты қашқан келе ақи-тақи құздан құлап құрымапты. Себебі бұл далада:

Аяғын  маң-маң  бастырып,

Ақ  көбігін  шаштырып,

Бөрілі  сайдың  бойына

Сары  атан  өлең  шөгердім! – деп жүрген Тілеген-оғыландар бар.

Өйткені оның тамыр-діңі замананың қандай дауылы жұлқыласа да жұлынып кетпестей болып түкті топырағына байланған! Ол содан да:

Қамшысы  бір  есердің көзге  тиіп,

Қасымның  жырларымен  ұшықтадым, – деп, қандай соққыдан да аман сақтап қалатын дәруі Қара Өлеңнің қазығынан айналған!

Ол сондықтан бір кезде Иманжүсіптей аршылан «бауырынан жұмарлап түлкіні алған»; «сексен көлі жоқ демесең, – Көкшетаудан кем емес; қарағайы жоқ демесең, – Қарқаралыдан кем емес; ала бұлтпен аймаласпады демесең, Алатаудан кем емес» Бұғылы-Тағылының шыңына шығып қасқайып тұрып:

…Қылаулап  жауған  қырбыққа

Дәлекісі  жүз  аунаған,

Ашалы  тұяғы  айналып

Қақпанға  сыймайтұғын,

Салалы  мүйізі  шайқалып

Шатқалға  сыймайтұғын,

Бұғылының  бұтасында

Бұғынып  Бұлан  бұзаулаған,

Бүгелігі  бармақтай,

Бозторғайы  тарғақтай

Сенен  артық  жер  жоқ  маған,  егіз  тау,

Менен  артық  сүйе  алмайды  сені  ешкім! – дегеніне күмәнсіз иланасың…

Әрине азғана Беташар сөзде байқағаныңның бәрін түбіжіктеп жаза алмайсың. Дегенмен:

Дабылыңды  қақшы, қара  өлең,

Кеудемнен  ұшсын  көгершін.

Нартайдан  қалған  нар-өлең,

Қай  жерге  барып  шөгерсің? – деп, көңілі күпті, көкірегі мұң мен аңсарға, үміт пен күдікке жүкті ақынға айтар өтініш, артар аманат бар.

Талайын айтыста талай сынаған Тілеген ендігі жерде сахнаның сәттік салтанатынан бас тартып, байыз табуы; беймезгіл тұсына келіп кісінеп жүрген Қара Өлең атты пыраққа бабадан қалған «қызыл ерді» салып, «құйысқанын қысқартып, төс айылын бек тартып», атқа қонуы тиіс. Сонда ғана оның көбесі сөгілері, көмбесі көрінері күмәнсіз. Біз, алдыңғы толқын ағалары оның осы сапары баянды боларына сенеміз…

Светқали НҰРЖАН

29.08.24 жыл

Көздіойық қонысы

 Маңғыстау уәлаяты

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *