ДОС
Жалғыз досым бар менің кешірімді,
Жүрекке жазам сенің есіміңді.
Сол ғана шеше алатын тағдырымды,
Сол ғана бере алатын несібімді.
Менің жалғыз досым бар мейірімді,
Сол ғана тазалайтын пейілімді.
Сол ғана аша алатын құпиямды,
Сол ғана баса алатын күйігімді.
Менің жалғыз досым бар ұлықтайтын,
Менің әрбір ісімді сұрыптайтын.
Мен оны талай жерде ұмытқанмын,
Бірақ ол мені ешқашан ұмытпайтын.
Менің жалғыз досым бар асқақ, айқын,
Сол жайлы сыр шертеді аспан,ай,түн.
Мен оны қаншама естен шығарғанмын,
Бірақ ол мені ешқашан тастамайтын.
Менің жалғыз досым бар пәк,тым ол паң,
Кейде соған жібімейд қатты қолқам.
Мен, бірақ сол досыма қатты сенем,
Мен, бірақ сол досымнан қатты қорқам.
Сол досым жайлы бүгін жыр қылайын,
Жылжып күнім барады, сырғып айым.
Менің жалғыз досым бар серігі жоқ,
Ол өзіңсің, жаратқан бір Құдайым!
ЖОҚ ІЗДЕУ
Желсе…..
Жер танабын қуырған,
Шашасы терге жуылған.
Шоқтығы Алатаудай,
Қабырғасы Қаратаудай.
Қос көзі жұлдыздай,
Терісі құндыздай.
Бұтынан Бұлан өтетін,
Қолтығынан Құлан өтетін.
Қос құлағы ашасындай бақанның,
Қос танауы ауызындай апанның;
Сауырына Сарыарқа сыятын,
Бауырына Жаңарқа сыятын;
Екпінітас құлатқан,
Жанардан жас құлатқан.
Жортса…
Жотадан жотаға жоситын,
Кісінесе кісі шошитын,
Ту құйрығы бір тұтам
Қазанат іздеп келемін.
Тәнімді самалға сергітіп,
Ас орнына жел жұтып,
Алақаныма Бөрі бұршақ салғанымда,
Бүгіліп,бөрі құрсақтанғанымда,
Сүрінгенімді білдірмейтін,
Дұшпанымды күлдірмейтің,
Бармағын бүкпейтін,
Жауымды бүктейтін,
Қауіптің қара бұлты тұрса да,
Қабырғасы сынсада,
Қабағын шытпайтын,
Туымды жықпайтын,
Мұзға салсаң, –
Табанына сыз батпайтын,
Шоққа салсаң, –
Табандап міз бақпайтын,
Мен үшін қан қақырған,
Көз ілмей таңды атырған,
Жауырыныма қадалған жебені
Тісімен жұлатын,
Өлгенде тәнімді
Жеркенбей жуатын,
Ауызымды толтырып айтуға тұратын
Азамат іздеп келемін.
Қаладан далаға қонып,
Даладан қалаға қонып,
Қазанат іздеп,Азамат іздеп қаңғырып,
Күнді түнге, таңды, міне, таңға ұрып,
Таба алмай жүрмін,қарағым,
Таба алмай түбі қаламын,
Қиялдай-қиялдай мен осы
Қияли болып барамын.
ТҮСІМДЕ
Түсімде……
Күллі күріністердің ішінде…
Бақыт Беделхан
Түсімде,
Ішімнен емес, сыртымнан
Көсмесіп, жан-садақа деп ұлтымнан,
Арымды төмен түсіріп құлқыннан,
Не деймін, қамқоршысы боп халықтың,
Кедейдің балығын тартып алыппын,
Қылтандап… қан ағып жатыр ұртымнан.
Түсімде,
Өңімдегіндей түр-тұлғам,
Жағасы жейдемнің тозып,қырқылған.
Етігім тегісі кетіп, жыртылған.
Қоқыстан бөтелке теріп, табыстан,
Бас жазып,қан жүгіртіп, намыстан,
Айырылғам әдет-ғұрпымнан.
Түсімде,
Барымта қылып түнде мен,
Ұрлықтан жегенім – семіз кіл дөнен,
Байлардың тойын басқарып жүрмін күнде мен,
Қасқаға жағынып бас-басын,
Шақшасын мақтап әндетіп,ақшасын
Алмақ боп, сүйеніп жаққа,тілменен,
Дос болып,би билеп сайтан – жынменен,
Түсімде өзгеріп жүрмін мүлде мен.
Түсімде,
Терісін илеп жылқының,
Жейдемнің бүтіндеп жүрмін жыртығын,
Ұйқы жоқ, жүрекке бермей жыр тыным,
Оянсам, жанардан аққан жасыма
Суланып жығылып жатыр кірпігім,
Түс болып, тезегі болғай түлкінің.
ҚАРА ШАНА
Қара жерге қар түсіп қарашада,
Жауған қарға мәз болып бала-шаға.
Қырбық қардың үстімен сырғып барад,
Қара бала сүйреткен қара шана.
Ойнасам ба қосылып бала құсап,
Жаяр дейсің кім маған дара құшақ.
Уақыт сырғып,барады уақыт сырғып,
Қара бала сүйреген шана құсап.
Қара шана із салып бара жатыр,
Салған ізін қар көмер қарада тұр.
Әппақ қармен сырғыған сол шананы,
Қарсы алдынан күтіп тұр қара тақыр.
Қара тақыр дегенім қара жер ғой,
Қара жерге тіреліп қалады ақыр.
Тотығарсың,
бозарып ағарасың,
Мейлі жаның шөліркеп қаталасын.
Табақтас боп жүргендер тарылса егер,
Кім бере қояр дейсің адал асын.
Бұл тірліктің ақ қары таусылғанда,
Қара жерге сенде ертең қадаласың.
Қара шілік қалтырап дала сұлық,
Қара суға мұз қатқан,қара суық.
Ойнап жүріп білмеді күн батқанын,
Қар мен терге су болып қара шұлық.
Қарасы үйдің көрінбей қалған кезде,
Қараша үйге жүгірді аласұрып.
Әлгі бала білмеді күн батқанын.
Ымырт жайлап, жапқанын түн қақпағын.
Аттамаған ешкімнің ала жібін,
Таптамаған бала ғой мұң батпағын.
Қалаға тұр тұмсығын тұн матырып,
Аспандағы ай сұлық, сырға тұнып.
Дүниенің шанасын сүйреп жүріп,
Бізде бір күн алармыз күн батырып.
КІСІКИІК
«Сол кезден-ақ мұңлы кісікиік ем…»
Серік Сағынтай
Ісі биік…
Ізетпен тұратұғын кішірейіп.
Түсінейік…
Өзегі өрт боп жатқан,іші күйік,
Сағымдар арасынан сені іздеймін,
Елден жырақ бөлінген кісікиік.
Елден жырақ бөлінген тұйық кісі,
Сен едіңғой бауырдың иықтысы.
Әлде қашан исінген жүрегімді
Иіткісі келеді, иіткісі,
Мен сені сағындым ғой Киік кісі.
Кісікиік боп барам менде, бірақ,
Жүйткіп-жүйткіп шаршадым желмен шұбап.
Көк аспанға киіктей шапшығанмен,
Кете алмаспыз ажырап жерден, бірақ.
Кісікиік –шаршадым қала жақтан,
Бір дүбір естіледі дала жақтан.
Алтуайттың бауырынан киік көрдім,
Есіл жаққа есілтіп бара жатқан.
Күйігін басамын деп қанша мына,
Киігін бауырындағы аңсадыма.
Жыланды жылап-жылап жатып қалды,
Өзіңді күте-күте шаршады да.
Қайран киік ойларым жамыраған,
Үркіп-қашып даңғаза дабырадан.
Түсіме қасқа киік кіреді ылғи,
Есілден елге қарап маңыраған.
ТАРҒЫЛ МЫСЫҚ
Тереземнің алдында тарғыл мысық,
Түніменен тынымсыз мияулайды.
Сары мұңға шомылып, тағдыр қысып,
Жылы жерін ол байғұс қия алмайды.
Тарғыл мысық паналар тал түбінде,
Ол да айтады өзіндік сағынышты.
Ұласады зарының арты түнге,
Кім ұғынар сорлының зарын ішкі.
Түскен нанын жанына қорек етіп,
Тышқан аулау, қойған ол әлекті де.
Жан біткенге қарайды елең етіп,
Анасынан бірдеңе дәметті ма?
Солай-солай жылжытып күнді ілгері,
Мияулауы өзіне қызықты ма?
Менің бірақ ұққаным сол түндері –
Мияу тірлік қажытқан мысықтыда.
АҒАМА
Жер-Ана куә маған,аспан ана,
Таңылдық,тамыр салдық тас қалаға.
Тербетіп сізді өсірген, бізді өсірген
Аман ба біздің ауыл, Асқар аға?
Терлігін тер шірітер қара тайдың,
Елеусіз жолда қалған тағадаймын.
Ауылытыныш па,аға, бір ақынның,
Бауыры бүтін бе, аға, Манатайдың?!
Кеткендей жылай-жылай етің де өліп,
Дүние сырт айналған бетін беріп.
Жатырма Саржан қашқан сап-сары боп,
Сап-сары сағынышым секілденіп.
Мен неге ауылымнан алшақтаймын,
Ішімді тырнайды ылғи қарсақ-қайғым.
Өксіп-өксіп жылағым кеп тұрғаны-ай,
Басына шығып алып Қарсақбайдың.
Балаң ем елден жырақ көші кеткен,
Ел десе ақылы ауып,есі кеткен.
Басына шығаршы, аға, Тесіктастың,
Алқынып аласұрсын тесік өкпем.
Құлын ем, құлыншақ ем қара құлақ,
Ел жайлы көп айтпадың аға, бірақ.
Жасындай қос көзімнің оңашада,
Жатыр ма жылап ағып Арабұлақ?!
Ақын ем аты шыққан атырапқа,
Келемін қарсы шауып ақыры отқа.
Апарда Тасқазғанға тас қаздыршы,
Шылансын маңдай терім топыраққа.
Көз жасын көлғып төкті аспан ана,
Ел жайлы жаза алмадым дастан, аға.
Атыңның артына,аға, мінгестіріп,
Ауылға ала кетші, Асқар аға.
ТӘТЕ
Тәте, мына өмірден сен кеткелі
Ішіме бір мұң қатып, шер кетпеді.
Сан-сақ ой сұрақтарын төпелетіп,
Күн-түн демей тұрады тергеп мені.
Жауабы жоқ көп қойып сұрақты ерге,
Көз жасымды көрсетпен, бірақта елге.
Тәте,сені сағынып сарғайғанда,
Өзің жатқан көп келем қырат белге.
Өзің жатқан қыратты бетке аламын,
«Абайлашы, – дегендей тек, – қарағым».
Самайымнан өтсе егер самал сипап,
Сенің алақаның ба деп қаламын.
Өлең болды балаңның жастанғаны,
Өзің жайлы жазылар дастандары.
Тәте, сенің секілді түбіт шәлің
Анау бір ақ түбіт бұлт аспандағы.
Хабардарсың ба, тәте, қал-жайымнан?
Сөз төгіліп жүрмін сол таңдайымнан.
…Іңір болды, қой, тәте,үйге қайтам,
Кім сипай қояр дейсің маңдайымнан….
ДОСТАСУ
Тарқады бітті базарлы мына сауық күн,
Келерін білмей қай жерден қандай қауіптің.
Екінің бірі дос болып маған көрініп,
Бекерден-бекер борбайлап босқа шауыппын.
Сазарған беттен, сұқсаңда пышақ, қан шықпай,
Шыдайсың енді кеудеңнен жатса жан шықпай.
Қара түн, неге үңілдің маған қыңсылап,
Желіні сыздап, күшігі өлген қаншықтай.
Жанарда жас жоқ, жылайын десем,құп-құрғақ,
Муза кеп түртті бүйірден мені тұр-тұрлап.
Айна көліме айналып қонар ма екенсің,
Төбемнен ұшып, суылдап барад сұқсыр бақ.
Тарпыған тарғыл тасты да тарпаң тарланым,
Талғамым…
Абадан еді-ау атылып шыққан арманым.
Біреуді дос деп ауызымды аша бергенде,
Шайнаулы менің кетеді ылғи бармағым.
Өз жағама жатқанда өзім қылқынып,
Мөп-мөлдір болып жүректе жатыр жыр тұнып.
Қып-қызыл тасқа сүйретіп қызыл құйрығын,
Неге ылғи мені алдайсың, құрғыр түлкі үміт.
Жып –жылы мына төсектен неге безіндім,
Қара сұр түннің жалын жастанып, көз ілдім.
Кірпігім құлап байлана енді бергенде,
Ояндым шошып даусымнан өзім өзімнің.
Мені аңдып тұрған бір Алла ғана, сезем мен,
Ілініп…орақ ай ғана үңіліп тұрған төбемнен.
Араз ем мүлде, тағы да міне, достастым,
Байырғы досым, ежелгі досым –өлеңмен.
ҚОБЫЗ
Жаңқаш Ықыласұлына
Абдан ел оғлан ерін алқалаған,
Қызығы қызырлы елдің тарқамаған.
Жаппастың жолыменен Жаңқаш келед,
Қорқыттың қыл қобызын арқалаған.
Қарынын тойдыратын қанағаттап,
Күй болып саған қонған ғаламат бақ.
Ықыластың баласы шырылдап жүр,
Ықыластың күйлерін аманаттап.
Үш күндік жерді қарғып үш аттаған,
Асау күй аяғынан тұсатпаған.
Шомылып қоңыр мұңға Жаңқаш отыр,
Қобызын Қойлыбайдың құшақтаған.
Дүрлігіп дүлдүл күйден дүбір өніп,
Аспанның омырауын іңір еміп,
Жанақтан қалған қобыз жаңғырық боп,
Жаңқаштың қолында тұр күңіреніп.
Бөрінің жылағаны – ұлығаны,
Өксиді қара қобыз, құмығады.
Боздайды ботасы өлген боз інгендей,
Қобыздың қасиетін кім ұғады?
Бірісің азаматтың арқасы бар,
Тағдырдың жартасы бар, жаңқасы бар.
Қобызбен сырласатын сен ғанасың,
Бір ұқса қыл қобызды Жаңқаш ұғар.
АНАМНЫҢ АЙТҚАНЫ
Құстай ұш деуші едің –
Ұшып келемін,
Қонараға тұғыр таба алмай.
Төменге түспеуші едім –
Түсіп келемін,
Қажыған, қаусаған адамдай.
Аттай шап деуші едің –
Шауып келемін,
Барымды салып көсіліп.
Барлығын дос деуші едің –
Қауіптенемін….
Жүргендей біреу өшігіп.
Еңсеңді тік ұста деуші едің –
Еңкейіп көргем жоқ,
Дүние тұрсада шаңғытып.
Қолымда шар болат семсерім –
Намысты бергем жоқ,
Тіс сынып,тұрсамда қан жұтып.
Жасыңды көрсетпе деуші едің –
Көрсетпей келемін,
От ойнап лапылдап көзімде.
Даусыңды сағынып мен сенің –
Егіле беремін…
Өзіңді сағынған кезімде.