Әлбетте, баспасөз беттерінде медициналық қызметкерлер туралы әңгіме, очерктертер немесе мақалалар жазылып жатса, көбінесе дәрігерлер жайында ғана айтылады. Ал енді, медициналық көмек көрсетуде үлкен рөл атқарып, дәрігерлердің тағайындаған емдік шараларын іске асыратын медбикелердің еңбегі ашық айтыла бермейді және назардан тыс қалып жатады.
Медбике немесе мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Қазіргі денсаулық саласындағы маңызды мәселелердің бірі ретінде жоғары білікті медбике мамандарын дайындау мәселелері әрдайым айтылуда. Ондай мамандарға медициналық білім мен біліктіліктен бөлек, ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, белсенділік пен ісін жетік білгені қажет етіледі.
Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім үдерісіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Қазіргі уақытта медбикелердің ісін модернизациялау жұмыстарының қарқыны жоғары. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру.
Алдағы мақалаларымның бірінде ауданымыздың Көктіңкөлі ауылында тұрып жатқан ауыл дәрігері Сүлейменов Майдан Қалабекұлы туралы жазған едім. Осы жолы медицина саласындағы мейірімді мамандық иесі, отыз жыл бойы тапжылмастан бір орында Ақадыр кенттік ауруханасындағы емхананың жалпы тәжірибелік медбикесі болып жұмыс атқарып жүрген Макишева Гүлнара Хамитжанқызы туралы болмақ.
Гүлнара Хамитжанқызы кентіміздің төл тумасы, қарапайым отбасынан шыққан. Әкесі Хамитжан Серікұлы 85 жасқа қараған қария. Өмір бойы Ақшатау кен-байыту комбинатының тасымалдау базасында (қазіргі уақытта «NOVA Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды) автокөлік жүргізушісі, бригадир болып еңбек еткен. Сол жерден жасының келуіне байланысты зейнеткерлікке шығады. Әлі күнге дейін сиыр мен қой – ешкі малын қолда ұстап, олардың жем-азығын, суын беріп, өзі жайғайды екен. Зайыбы Шайкүл екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Балаларының алды алпысты алқымдаса, кенжелері елу жасқа келіп қалған.
«Әкеден – ақыл, анадан – мейірім» деген сөз бар. Осы орайда әкелері өзінің тәрбиелеп, өсіріп отырған ұл-қыздарына:
– Балаларым, ең алдымен білімге ұмтылыңдар. Екіншіден адал еңбек етіңдер. Біреудің ала жібін аттамаңдар. Сонда ғана бақыттың түбіне жетесіңдер, – деп ақыл қосып отырады екен.
Гүлнара мейірбике отбасындағы ортаншы бала болып өсті, алдында үш ағасы болды. Кенттегі М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебінде оқып, оны 1992 жылы бітіреді. Облысымыздың Балқаш қаласына барып, медициналық колледжге оқуға түседі. Екі жылдан соң медбике мамандығының иесі болады.
Дипломын қолға ұстаған бетте, туған ауылы Ақадырға келеді. Жас маман бірден сол уақыттағы аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне медбике болып жұмысқа қабылданады. Осы бөлімшеде он жылдан астам жұмыс атқарған соң, емхана медбикесі болып ауысады. Осы міндетін ол күні бүгінге дейін мінсіз атқарып келеді.
Медициналық мекемелерде медбикенің орны ерекше бағаланатыны белгілі. Олар ең алдымен аға медициналық персоналға көмек көрсетеді, міндеттері айтарлықтай көлемді. Басында хирургия бөлімшесінде жұмыс атқарып, үлкен тәжірибе жинаған Гүлнара Хамитжанқызы емхана медбикесі болып ауысқанда өз бетімен жұмыс атқара алатын маманға айналғаны сөзсіз. Өйткені, бұл жерде ол аурухананың ішінде емес, үйлерді аралап медициналық көмегін көрсетуі керек. Елдімекенде 62 көше болса, соның 24 көшесі оған бекітілген. Көшелердің біразы елдімекеннің шет жерлерінде, халық сыртынан атап қойған ПМК, Кооператив ауылдарында орналасқан. Онымен қоса Экспедиция ауылының көшелері де бар. Мейірбикеге бекітілген көшелерде мүмкіндігі шектеулі науқастар да, түрлі аурумен есепте тұрған адамдар да жеткілікті. Міне, осылардың үйлеріне дейін барып, емдік шараларды іске асыру оның тікелей міндеті. Оның үстіне төсекке танылған науқастарға дәрігердің нұсқауымен инъекциялар жасау, система қою, жараларын таңу, дәрі-дәрмектерін уақытылы ішкізіп отыру оңай шаруа емес. Емдік шаралардың ішінде сырқаттың беталысын білу үшін сараптама жасауға қанын, зәрін алу да қажет ететін кездері болады. Осы кең ауқымды жұмыстың бәріне тәжірибелі маман үлгеріп жатады.
Жас мөлшерлеріне байланысты түрлі аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында скрининг жүргізілетіні баршамызға аян. Осы тұрғыда көше, үйлерді аралап емханаға шақырылған адамдарды жеткізу де медбикенің басты міндеттерінің бірі.
Гүлнара Хамитжанқызымен сұқбаттасқан кезімде ол өзінің таңдаған мамандығы туралы былайша толғады:
– Бала кезімде әке-анам, бауырларым суық тиіп сырқаттанып қалғанда әрдайым жандарынан табылатынмын. Дәріханадан алынған дәрі-дәрмектің сыртқы қорабындағы нұсқауларын оқып, уақытына қарай ем қабылдауына күш салумен әлек боламын. Сырқатына жеңілдік келіп, айыға бастаса үлкен шаруа бітіргендей, тура өзім емдеп шыққандай ішімнен қуанып, масаттанып қалатынмын. Осындай шатқа бөленгенде, өскенде медицина маманы болсам деген арманым кеудемде ұялайтын. Сол балалық шақтағы арманым мектеп бітіргенде мені Балқаш қаласындағы медициналық колледжіне жетелеп алып келді.
Колледжде оқып жүргенімде маған оқу орнының директоры Аманжол Нұрбекұлының, оқытушы Сәуле Қабдешқызының оқыған лекциясы, өткізіп отырған тәжірибелік сабақтары қатты қызықтыратын. Ұстаздарымызбен қоса қаланың аурухана, емханаларына барып сырқаттармен тікелей емдік шараларды жасауды үйреніп жататынбыз. Манекен арқылы жүрек-өкпе реанимациясын жасауда алғашқы көмек көрсетуді үйрететін. Кілең 5-ке оқымасам да, колледжді жақсы бағалармен бітірдім, – деп сөзін аяқтады.
– Жұмыс барысында есте қалатындай қандай оқиғаны айтар едіңіз? – деген сұрағыма:
– Біздің жұмыс әрқилы жағдайларда жүреді. Кейде тіпті, сырқаты асқынған адамдарды жедел жәрдем автокөлігімен Қарағанды қаласындағы облыстық ауруханаларға жеткізіп жатамыз. Мұндай жағдайларда науқасты сүйемелдеп, жолдамамен жіберген жерге жеткізу бізден талап етіледі. Сондай іссапардың бірінде тасжолмен келе жатқанда бір жол апатының үстінен түстік. Жүк көлігі жолдан шығып кеткен, жан-жағында шашылып жатқан тауарлары. Бізді сол көліктің жүргізушісі тоқтатты. Жолдың жиегінде орнынан тұра алмай отыр екен. Бір аяғы күп болып ісіп кеткен, қатты қиналып отырғаны көрініп тұр. Мен дереу мұндай жағдайда болатын алғашқы көмегімді көрсеттім. Тыныштандыратын, ауырсынғанды басатын укол салдым, жарасын бинтпен орадым. Бірге қалаға алып кетейін деп ұсыныс жасадым. Бірақ ол көлігімді, жүгімді тастап кете алмаймын деп бірге барудан бас тартты. Жұмысымыз адамдармен байланысты болған соң оқыс оқиғалар болып тұратыны белгілі, – деп жауап қайтарды.
Гүлнара Хамитжанқызы өзінің біліктілігін арттыру мақсатында бірнеше рет Қарағанды қаласындағы Ұлттық медициналық білім беру орталығының арнайы курстарынан өтіп, «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Жалпы мейірбикелік технологиялар» циклін, «Санат» Республикалық кәсіби даму орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қарағанды облысы бойынша біліктілікті арттыру курсын аяқтаған сертификаттарының иесі атанып отырды. Медициналық қызметкер – мейірбикені оқыту барысында тұрақты түрде семинар, вебинар, шеберлік сыныбы (мастер-класс), лекция оқылып, тәжірибе сабағы ұйымдастырылады.
Мейірбикенің еңбегі әрдайым бағаланып келеді. Елеулі еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Шет ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, аудандық және кенттік аурухана басшыларының мадақтамаларымен, «Қарағанды салалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал енді, өзі қызмет атқарып жүрген ұжым басшысының тарапынан алған алғыстары, бағалай және ақшалай сыйлықтары қаншама!
Ақадыр ауруханасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы Шәкіров Асқар Нұрланұлынан өзінің қарамағындағы медбикесі туралы сұрағанымда:
– Медбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Олар емдік шараларын жүргізгенде әрбір науқасқа мейірімділік танытып, тезірек айығуына жәрдемші болады.
Емхананың жалпы тәжірибелік медбикесі Макишева Гүлнара Хамитжанқызы біздің ұжымда отыз жыл бойы еңбек жасап келеді. Бас кезінде хирургия бөлімшесінің медбикесі болса, 2007 жылдан бері емхананың жалпы тәжірибелік мейірбикесі. Жұмысына ұқыпты, жоғары дәрежедегі маман. Үнемі біліктілігін арттырып отырады. Жұмысындағы жоғарғы көрсеткіштері үшін аудан, облыс басшыларының марапаттарын алған. Ұжым мүшелерінің арасында беделі зор, – деп бағасын берді.
Гүлнар Хамитжанқызы бір қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірген. Тұңғышы Мәдина 29 жаста. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетін орыс тілі және орыс әдебиеті пәндері бойынша бітірген. Қазіргі уақытта сол қаланың №103 жалпы орта білім беретін мектепте ұстаздық етеді. Жұбайы Олжас Маратұлы екеуі Алмаз, Дарын есімді ұлдарын тәрбиелеп өсіріп отыр. Ұлы Ислам 26 жаста. Қарағанды қаласының жекеменшік фирмасында жұмыс істейді.
Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне деген адалдық пен науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Өйткені, ол күндіз-түні науқастардың жанынан табылады.
Мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруына тікелей байланысты екені анық.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген жақсы нақыл сөз бар. Ендеше біз бүкіл саналы өмірін мейірбикелікке, науқастарды емдеуге арнап келе жатқан, өз ісінің нағыз шебері атанған Макишева Гүлнара Хамитжанқызына алдағы уақытта да денсаулық саласында елеулі табыстар, берекелі істер тілейік!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті