Саран қаласында «Таза Қазақстаным, таза Атамекенім» республикалық челленджі аясында экологиялық акция өтті. Оған 100-ден астам адам – кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындардың өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
Челлендждің бастамашысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болды. Қарағанды облысының кәсіпкерлері бұл акцияны белсенді түрде қолдады.
Саран қаласында қатысушылар қоғамдық орындардың бірін ретке келтіріп, аумаққа ағаш көшеттерін отырғызды.
– Бүгін кәсіпкерлермен және қала тұрғындарымен бірге Саранды жасыл желекке бөленген, таза әрі өмір сүруге қолайлы қала етуге үлес қосып жатырмыз. Осындай бастамалар бизнесті де, қоғамды да ортақ мақсат – туған жерге қамқорлық жасау және балаларымыздың болашағын ойлау жолында біріктіреді, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, «A.V. Group» ЖШС-нің бас директоры Владимир Алескеров.
Челлендж әсерлі нотада қорытындыланды: туған жер мен табиғатқа деген сүйіспеншілікке арналған қазақ ақындарының шығармаларынан үзінділер оқылды.
Эстафетаны Балқаш қаласының кәсіпкерлері қабылдап алды. Олар да қала аумағының бір бөлігін көгалдандыруды жоспарлап отыр.
