Экономика өсімі 13 пайыздан асты

Инвестиция – игілік. Яғни тартылған инвестиция көлемі артса, аймақта жаңа кәсіпорындар іске қосылады. Өз кезегінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыста бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері аймақ экономикасына 680 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға артық.

Жыл санап облыста өнеркәсіптік өндіріс пен инвестиция көлемі өсіп келеді. Биыл екі жаңа кәсіпорын іске қосылды. Бұл кәсіпорындар полиэтилен құбырлары және су жылытатын газ қазандықтарын шығарады. Бұлардан бөлек тағы сегіз жоба жүзеге асады. Аталған жобаларға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады. Соның арқасында 2 600 жаңа жұмыс орны құрылады. Ірі жобалар қатарында мыс және ферросилиций өндіретін зауыттарды атап өтуге болады.

Жыл басынан бері экономика өсімі 13,1 пайызға жетті. 2,8 трлн теңгеден астам сомаға өнеркәсіп өндірісінің өнімі өндірілді. Өнімнің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Яғни 2,2 трлн теңгенің өнімі шығарылды.

Сондай-ақ Qarmet-ке жаңа инвестор келгелі тоқтап тұрған шахталар қайта жұмысын бастады. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен алып кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір металлургиялық комбинатта шойын, болат және жалпақ прокат өндірісі ұлғайды. Былтыр сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеген еді. Қазір жеті шахта іске қосылып, көмір өндіруге кірісті. Ал ұңғыма кенжарларының саны 11-ден 45-ке дейін ұлғайды. Осы кенжарлардың арқасында шахталар ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет етеді.

Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігіне айрықша назар аударылып отыр. Қазір кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында позициялау жүйесі енгізілді. Аталған жүйе кеншінің қай жерде жүргенін нақты біліп отыруға көмек береді. Бүгінде бұл жүйе «Қазақстан» және Күзембаев атындағы шахталарда енгізілді. Ал келесі жылы барлық шахтада іске қосылады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *