Ақын-жырау деген болмаған қазақта. Бұдан үш ғасыр бұрын және одан әрі терең бойласа жырау деген сөз ғана ілігер еді қолыңызға. Бұл туралы кезінде Мұхтар Мағауин де жазғаны есімде. «Бес ғасыр белестерінде» ғой деймін, еміс-еміс қапты көкейде. Шал ақынға дейін ақын деген анықтауыш жоқ, жырау бар. Бұл қазақ даласында ақын болмады деген сөз емес, Алтын Орда дәуірінде, Қазақ хандығы тұсында да қалам мен қағазға сүйенген небір алып жүрек иелері өткен Отырар, Тараз, Түркістан т.б. қалаларымызда. Түріктің ұлы ақыны Жүніс Емрелер ұстаз тұтқан Ахмет Ясауидан бастап көкпен тілдескен нағыз ақындардың мұралары там-тұмдап қана жетті бізге. Қадымша, жәдидше (сұлу), шағатайша жазу үлгісімен тараған мұралар, жыр-дастан, қыса-хикаялар ескерілмеген, жиналып-қатталмаған… Бұл – үлкен мәселенің шеті ғана. Бір халықты жадынан, мәдениетінен айырғың келсе, әуелі әліпбиін, жазу үлгісін, тәлім-тәрбиесін бұз, басқа арнаға ауыстыр – сол жеткілікті. Біздің дала тудырған ұлы мәдениет әуелі араб экспансиясына ұшырады. Жарайды, онымен бүлінген нәрсе шамалы еді, сонымен-ақ қалыптасып қалған әліпби кейін Кеңес үкіметі тұсында неше мәрте өзгертіліп, қолдан «түзетілді». Көне жазуын күржілер (грузин) ғана сақтап қалды. Отырар, Сайрам, Сығанақтағы үлкен кітапханалар түбегейлі жойылды. Әрідегі мұралар, көшірінді кітаптар беріге жетпеді. Жеткендері өртелді. Әйтпесе, қазақ жазба әдебиеті Абайдан басталады деу… Күндердің күні ұрпақ санасы жетілгенде, басқаша сараланарына бәс тігуге бармыз. Абай өлең үлгілерін алған Мәуләна Атаи Ясауидің аталасы, Түркістан маңында туып, өмір сүргені дәлелденіп жатқанда…
Қысқасы, ол заманның ақыны мен жырауын салыстыруға келмейді. Олай болатыны, көшпелі өркениетте жыраулықтың мәртебесі ақындықтан әлдеқайда биік. Ақын – ізгілік таратушы, мүмкін сана-сезімнің қуат көзі. Жырау – әрі ақын, әрі ат сүрінген жерден ақыл табатын ақылман, жұрт алдында топтың көсемі, қызыл тілдің шешені және ең бастысы, Доспамбетше айтса, «алмаға ат байлаған» хан кеңесшісі, ұлт ұраншысы (идеолог), қажет жерінде қолбасшы. «Бес ғасыр жырлайдыны» оқып отырғанда, кез келген жыраудың толғауынан бұған ондап мысал келтіруге болады. Мәселен, Асан қайқы абыздың әз Жәнібек ханға барып, сарайдың төрінде «Ей, хан, мен айтпасам – білмейсің, айтқаныма көнбейсің, қымыз ішіп қызарып, мастанып неге терлейсің» деп өктем сөйлеуі. Шалкиіздің би Темірге айтқаны. Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен, есіл де менің кеңесім» дегені. Я болмаса, «сақ етер тиді саныма, сақсырым толды қаныма. Жара бір қатты, жан тәтті, Жара аузына қан қатты» деп ұрыс даласындағы күйін толғаған Доспамбеттің жорық жырлары. «Айдаса – қойдың көсемі, сөйлесе – қызыл тілдің шешені» Қазтуған жырау. Бұл жыраулардың соңы Махамбет десек, қателесеміз. Заманына қарай түрленіп отырды. Мәселен, Абай заманындағы Шортанбай, Мұрат Мөңкеұлдары бастаған зар заман ақындары болса, мына Бейбіт замандағы бұлардың көрінісі – Тілеген жырау Әділ десек, артық айтқандық па? Тілеген ақын, жырау, жыршы, шешен, әңгімеші, аңшы, көкпаршы, ең бастысы, ХХІ ғасырдың толыққанды қазағы. Атқа мінгенде жайнап шыға келетіні – сол жорық жырауларынан қалған қан емей не дейсіз? Қазір тымақты алшысынан киіп, қайқайып атқа мінетін санаулы ақындардың бірі. Кім мінбей жатыр атқа? Астындағы арғымаққа қопалдау көрінетіні болмаса. Табиғатында болмаған соң жараспайды. Тілеген жырау тақым көтерсе, қона кететінін білеміз. Оның мәнісі солай, ат тақымға бітеді, ит босағаға бітеді дейтін үлкен әкем. Қазақтың осы сөзі – сөз.
Тілеген ағамды кейінгі он жыл мұғдарында танып-біле бастадым десем, қателеседі екем. Ағам туралы тереңірек ойлай бастағанда, есіме оқушы кезімде көрген айтыстар түсті. Нақты есімде жоқ, қайбір аламанда бір ақынмен айтысқаны, қарсыласы өзінен жастау болса керек, соңына таман соған бата сыпатты сөз қатты. «Құрығыңа түлкі сарымасын» деген жалғыз-ақ жол жатталып қалыпты жадымда. Ескі сөзге қанып, ат пен итті қызықтап далада жүрген қазақ қана түйсіне алатын сөз. Кейіндері әңгімелесіп жүргенде, тағы бірнеше тіркес жаттап қалдым. «Көлеңкесіне ит жатпайды», «тілінің тікені бар» деп әжем айтып отыратын дейді.
Сол 5-6 сыныпта оқитын шағымда айтысқанын теледидардан көрдім дедім ғой. Шамасы 8-9 оқыған тұсымда Жарық кентінде көкпарда жүрсем, бір алпамсадай ұзын сары көкпар тартып келіп, шабандоздардың арасында әңгімені жіберіп отыр. Алаңда көкпар қызып жатыр. Біз кезек күтіп тұрмыз, қай жеңгенімен шығуымыз керек. Бір уақта әлгі әңгімесін қайыра салды да, «атты әкелші, әй, айтыстағындай қылып бір созып тастайын» деп аттанып, топқа қойды да кетті. «Мынау кім еді?» деп ойланумен болдым. Көкпардан ауылға қайтып бара жатқанда есіме түсті Тілеген Әділов екені. Солай, жас та болсам Тілеген ағамның көкпаршылық қырын тұсынан көріп өсіппін. Бір жігіттей тартатынын да білем. Көкпарда жүріп басын жарып алғанын, аң қуып ат-матымен құлап, аяғын сындырғанын да естігем. Ежелгі жыраулардан қалған қан дегенім тегін емес жоғарыда. Анығында, көкпар жігіттердің ат үстіндегі шеберлігін сынап қана қоймайды, кескілескен ұрысқа тәрбиелеудің бір тәсілі сияқты да көрінеді кейде. Бұған білек пен тақымнан бұрын жүрек керек. Тепкілесіп, кескілесіп, жұлқыласып, қаржысып жатқан жүз аттылының ішінен серкенің ұшпағына ілігіп көр, батылың жетсе.
Абай қазақ қабылдап, бойына сіңірмесе де, толық адам тұжырымын әкелді. Толық адам өзі ғой, негізі. Қазір толық адам тұрмақ, толыққанды қазақ таппай қалдық. Мана Тілеген ағаның Құдай берген қасиеттерін тізбелей келе, ең бастысы толық қазақ дедік. Атқа мінсе жарасқан, топқа кірсе тағы жарасқан нағыз қазақтың жоқ іздеп жүргені де осы қасиетінен бе дейміз. Жүсіпбек Аймауытов: «Естеріңізде болсын, қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», дегені ғасырлық сөз. Қазіргі кез келген қазақ бойтұмар ететін қасиеттер. Тілеген жыраудың іздеп жүрген жоғы да осы: халықтың рухы, ұлттың асыл қасиеттері мен негізгі қалыбы мен танымы. Екі-ақ ауыз сөзге сыйғанымен, осы атаулар жер дүниені толтыратын ұшан-теңіз ұғымдар екенін жіліктеп айтуға бір кісінің ғұмыры жетпейді ғой. Соған Тілеген ағаның өресі жетіп тұр. Ендеше кезекті өзіне берейік:
***
Қара тасын қына қаптаған,
Қасқыры тыныш жатпаған,
Қарсағы иттей үретін,
Қояны қойдай өретін,
Бұғылының саласын,
Үңіректің жағасын,
Кетемін қалай жыр етпей,
Ақ селеу шөбі жібектей,
Бүлдіргені жүректей,
Сарымсағы білектей,
Шортандының бойында
Кіретін көкпар ойынға,
Жанымды жүрген жүдетпей,
Тау торым қалды сол елде
Табаны жалпақ күректей.
Ұшса жер апшысын қуырған,
Өкпесін аңның суырған,
Ұшатын бап тілетпей,
Сығымы сықса тесетін,
Шеңгелі пышақ кесетін,
Балдаққа қол тіретпей,
Шыдамай білек майысқан,
Балақ бауы қайыстан,
Сарысудың бойында
Құсым қалды-ау түлектей.
Сарысудың бойында
Сарыала тазы жүгірткем,
Садақтай белін бүгілткем,
Сүр салып күбі түбіне,
Пістіріп күні-түні де,
Сары қымыз сапыртқан,
Сал-серіні шақыртқан,
Сарыала қазы туратқан,
Сары азбан асау тулатқан,
Сары судың бойында
Сарыала қамшы қолға алып,
Арлы да берлі толғанып,
Қазан толы сорпаны,
Ши түбіне төңкеріп,
Жүгімді нарға өңгеріп,
Сарыала атқа ер салып,
Өнерден өлең енші алып,
Тағылының төсінен
Бұқпаға қарай жөнелдім,
Кенелмес жерде кенелдім,
Соқырдың анау шетіне
Қазығын қақтым көгеннің,
Ақында, әнші, шебердің,
Ортасы деп бар өнердің,
Аяғын маң-маң бастырып,
Ақ көбігін шаштырып,
Бөрілі сайдың бойына
Сары атан өлең шөгердім.
Жәнібек ӘЛИМАН