Тарих ақиқаты – «Семсердің жүзі»

«Қазақта тарих болмаған» дегенді де естідік. Ол Кеңес дәуірінің сайқал саясатының ызғары еді. Қазақты бодандықта ұстағысы келген империя өтірік қолдан жасалған тарихты миымызға құйып келді. Сендік. Оған иланбасқа да лаж жоқ еді. Өйткені, мектеп бағдарламасы да сол уақыттың әмірімен жазылып, оқытылды.

Міне, осы кейінгі 30 жылдан астам уақыт тарихымызды түгеңдеуге жол ашты. Тәуелсіздіктің арқасында өзіміздің өткеніміз бен бабаларымыздың жүріп өткен сара да дара жолына басқаша көзқараспен қарай бастадық.

Тың шығармалар жазыла бастады. Ол да бір жеңіс, тәуелсіздік жемісі.

Қолымызға жақында ғана жарыққа шыққан, сиясы кеуіп үлгермеген 
филология ғылымдарының кандидаты, Аймақтық менеджмент академиясының (Павлодар), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, Жазушылар одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлының «Сұр жебе» роман-эпопеясының «Семсердің жүзі» деп аталатын екінші кітабы тиді.

Сақ дәуіріне серуен жасатқан бұл роман біріншіден қарапайым тілмен жазылғаны сүйсінтеді. Балаға да ағаға да ұғынықты. Әсірелеу немесе тілдік қорым мол деп әсіре сөзді қолдана бермейді.

Автордың жылдар бойы жинаған еңбегінің жемісі десек те болады. Шығармада бөлек-бөлек тараумен ел аузынан, тарихи шығармалардан алынған ақиқи дүниелерді қамтуға тырысқан. Зерттеушілер мен тарихшылардың қөзқарасы да осы туындыда менмұңдалайды.

Жатық тіл дегеніміз, балалар әдебиетінде өте керек дүние. Үш бөлімнен тұратын романда ертегі, аңыздар қамтылған.

Мысалы, «Шыңғыс туралы ертегі», «Шырыш туралы аңыз», «Күн ана туралы ертегі»… Автордың өзі де «Ежелгі түркі дәуіріндегі балалар ауыз әдебиетінің балалардың рухани дүниесін кеңейтуге ықпал еткені даусыз. Балалар мен жасөспірімдерді ерлік пен қаһармандыққа баулитын ертегілер, аңыз әңгімелер жастарды сыртқы жауларға қарсы күресуге тәрбиеледі. Бұл дәстүр ежелгі сақтар мен ғұндардан келе жатқан үрдіс еді», – дейді.

Осы айтылғандай романда аналарымыздың ерлігі, бабаларымыздың өрлігі әспеттеледі. «Сақ сарбаздарының анты» деген ғақлияда «Алып Тарғытай: «Ата-бабаларымыздың әділетті ісін жалғастыра алмасақ бізге мін болады, сонан соң күніміз түн болады. Күніміз түн болса көретініміз мұң болады. Бірлігіміз нығайсын!» деп сарбаздарға үн тастап, алға қарай жүруге, өліспей беріспеуге шақырады.

Бұл да бір елге, жерге деген махаббаттан туған ерік-жігерді жану үшін айтыла салған сөз емес, бұл жігерлендіру анты еді.

«Әділет үшін күресейік!» деген сөздер де, жау табаны атадан қалған жерімізді баспасын, оларды білек күші, найза ұшымен жеңуіміз керек дегенге шақырады.

Ертегі еріккеннің ермегі емес. Түбінде балаға берер даналық бар. Оны түсінген адам ойлы болады. Білімді де білгір болады. Ертегіні тек бұрынғынын айтқаны деп қабылдасақ қателесеміз. Айтар болсақ, ертегі ұғымы арқылы өткенге жетелей түседі. Болған оқиға әсіреленіп, түрленіп жеткенімен, ақиқаты да басым. Ертегіні ешкім ойдан шығара салған жоқ. Түбірінде, тамырында ғасыр қасыреті немесе сол дәуірдің жағдайы мен өмірі көркемделеді. Ұмытпауымыз керек, ұлықтауымыз керек.

Мысалы, кітаптағы «Шыңғыс хан туралы» ертегіде де батырлық пен өрлік туралы сөз қозғалады. Көктен түскен атты сарбаздар, негізінде жер қорғаған батырларға берілген рухтың белгісі.

«О, Көк Құдайы, Көк Тәңірі! Бізге көмек бере көр!» деп айқайлаулары да осының белгісі.

Шыңғысты сарбаздары осы сенімнің, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің арқасында жеңіске жетеді.

Абыз Күлікті пайдалана отырып оқырманына осы оқиғаларды жеткізуі автордың ұтқаны.

«Шыңғыс өте ақылды болған. Ол кедейлерге, жетімдерге, соғыста ұлы қайтыс болған жалғыз басты аналарға, әділдікті сүйетін әділетті адамдарға қол ұшын беріп жүреді екен» деп Абыз Күліктің аузына сөз салады.

Әрине, бұл бір ғана Шыңғысқа берілген баға емес. Бұл ел қорғаған, туған жерді азат еткен батырлар мен қол бастаған басшылар мен хандарға берілген әділ баға.

Бұл шығармада Жезтырнақ та бар. Ол әрине іштен шыққан жаудың прототипі де қорқаулардың да негізгі атауы болуы мүмкін. Әр заманның өз жезтырнағы бар десек, сол замандағы Жезтырнақ атауымен кітапқа енген атаулардың иесі батырлардың жолын тосып жауды жеңуге кедергі келтіреді.

«Сүткөл туралы аңызда» жезтырнақтар ұшып жүреді. Бейбіт елдің шырқын бұзған бұл азғындарға қарсы батырлар найза алып шығады.

Бұл да бір сынақ. Батырларды сынау. Олай болса, жезтырнақты жеңу арқылы оқырманға сол замандағы жаудың қандай болғанын көз алдыға келтіргендей. «Оңай шағылар жаңғақ жоқ» дегендей, жаландатқан қылышы бар жау да жеңіске жетсем деп келеді. Бұл жердегі жезтырнақ нағыз жаудан қорғанған елге тұтқиылдан шабуыл жасап арам пиғылмен өздері құлқынын тойдырушылар.

Әйелдер де жауға қарсы шықты. Әңгіме ауаны да соны меңзейді. Көбіне автор далада қалған халықтың, ерлері жаумен қарсы соғысқа аттанғанда, әйелдер мен балалардың жанкештілікпен қорғануы, айламен жеңіске жетуін де сөз қылады.

Ол ердің атын ел ғана емес, үйіндегі әйелі мен баласы да шығарады дегенге саяды. Ханша сардар да ерлермен иін тіресіп жауға қарсы тұрады. Яғни, аңыз болса да аналарымыздың жерді, елді қорғаудағы ерлігін осы шығармалары арқылы паш етеді.

«Ханша сардар көкке көтерілген алты жезтырнақты отты жебемен атып өлтірді» дегені тек найза мен қылыш қана емес, ханшалардың садақ атқан мергендігін алға тартады.

Айта берсек, ерлік пен өрлік, батырлық пен батылдық, әділеттік те осы туындының басты жазары, басты бергені болып тұр.

Оны біз әр тараудан көріп, оқып, түйсінеміз. «Жайық әруақ  туралы ертегі», «Шыңырау» күйі туралы аңыз» да жезтырнақ пен дию жау болып көрсетіледі.

Негізі  ертегі, аңыздың әпсанасы осы айдаһар, дию, жезтырнақ, мыстан кемпірлерден тұратыны бәрімізге белгілі. Бала кезімізден оқып өстік. Сондықтан да бұл кейіпкерлер кім деп уайымға батпадық. Өйткені әр қазақтың аңыз, ертегісінде олар жағымсыз кейіпкер ретінде жазылып, ажал құшып жатады.

Бұл бір жағынан елге, жерге сұқ көзін салғандар, найза, қылыш алып жаулап алмақшы болғандардың өз ажалымен емес, біздің батырлардың қолынан өледі, ажал құшады дегенді білдіреді емес пе?!

Туындыда жауға қарсы шапқан балалардың да тағдыры жиі айтылады. Бұл дәуір шындығы, соғыстың бұлтартпас ағыны.

«Айбыстан ана туралы аңыз», «Түйекиік туралы аңыз», «Жауырыншы» деп кете беретін жалпы 38 тақырыптың барлығы да туған жерді қорғауды, оны сүюді, құрметтеуді алға тартады.

Оқырманның сүйікті кітабына айналар  «Семсердің жүзі» романы туралы айтпағымыз осы. Тарихқа, өткенге аңыз, ертегі ретінде көз салсақ та, романның өне бойында заман ақиқаты да бар екендігін ұмытпауымыз керек. Ол үшін оқу керекпіз!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *