Қарағанды облысында биыл «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасымен 67 мың адам тұратын 41 ауылдық елді мекен қамтылды. Жолдар ретке келтіріліп, су құбырлары мен әлеуметтік нысандар салынды. 2025 жылға 31 ауыл мен кентте жаңғырту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Аппараттық кеңесте «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының жүзеге асырылуы талқыланды.
– Бүгінгі таңда 28 жобасы бойынша жұмыстар аяқталды, бесеуі аяқталу сатысында. 2025 жылға он жоба ауыспалы болады, – деді аппараттық кеңесте экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева. – 2025 жылға «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 31 ауылдық елді мекенді қамту жоспарлануда. Білім беру, ТКШ, мәдениет және спорт салаларында, сондай-ақ жолдарды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Биыл орындалған жұмыстардың көпшілігі кентішілік жолдарды жақсартуға бағытталған. Бұқар Жырау ауданының Доскөй және Үштөбе ауылдарында клуб салынды. Ақтоғай және Бұқар Жырау аудандарында — Сарышаған, Мұстафин кенттерінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылады.
Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің мәдениет үйін жөндеу жұмыстары аяқталуда. Осакаров ауданы Тельман ауылында су құбыры іске қосылады.
Келесі жылы Қарағайлы кентінде ДСК, Нұра кентінде өнер үйінің құрылысы жалғасады. Көкпекті ауылында клубты аяқтау қажет. Сарышағанда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша тазарту ғимараты бар су құбыры сорғы станциясын кеңейту жүргізілуде, сондай-ақ мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұқар Жырау ауданының Трудовое ауылында су құбыры желілерін реконструкциялауды аяқтау жоспарланған.
Жобалардың жай-күйі туралы аудан әкімдері де баяндады.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік ортаны жаңғырту екенін атап өтті. Ол барлық жобалардың уақтылы тапсырылуын қамтамасыз етуді және жұмыстардың сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/907506?lang=kk