Аймақта картоп пен көкөніс жеткілікті

Қарағанды облысы 5 азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз етіп отыр. Бұлар – бірінші сұрыпты ұн, макарон өнімдері, картоп, жұмыртқа және сиыр еті. Қазіргі таңда облыста басқа да өнімдер көлемін өндіруді ұлғайтуға көңіл бөлінуде. Яғни жергілікті өндірушілерді қолдау және халықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету – аймақ билігінің алдындағы басым міндетке айналды.

Қазір облыста 150 азық-түлік өндіруші кәсіпорын бар. Бұлардың басым бөлігі сүт, ет, астықты өңдеумен айналысады. Облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, жоғарыда аталған бес өнім түрінен басқа да азық-түлікті өндіру көрсеткіші жоғары.

Облыс кәсіпорындары аймақ тұрғындарын 8 өнім түрімен 90,7 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Яғни дүкен сөрелеріндегі бірінші сұрыпты нан, құс еті, ашытылған сүт өнімдері, сүзбе, май, сәбіз, қырыққабат, пияз – өзіміздің өнімдер, – деді басқарма басшысы.

Талдау нәтижесі облыс орталығы мен жақын маңдағы елдімекендердегі дүкендерде тұрған нан-тоқаш және ет өнімдерінің барлығы жергілікті өндірістікі екенін көрсетті. Сондай-ақ бүгінде отандық тауарларды сату үшін әлеуметтік сөрелер құрылды. Бұл өнімдерде арнайы логотиптер бар.

Бірақ проблема да жеткілікті. Мәселен кәсіпорындардағы технологияны жаңғырту қажет. Логистика, тасмылдау желісі ақсап тұр. Сонымен қатар жоғары білікті мамандар жетіспейді.

Жарнама, маркетинг мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Мысалы шұжық өндірушілердің көбісі өз өнімдерін жарнамалау ісіне жүрдім-бардым қарайды. Ал жарнама болмаған соң тұрғындар өздеріне таныс өнімдерді жиі алуға тырысады.

Сондықтан жергілікті тауарлардың өтімді болуы үшін логистика мен маркетингті күшейту маңызды болып тұр.

Бұл орайда мемлекет көмегі қажет-ақ. Яғни өндірісті субсидиялауға көңіл бөлу керек. Соның арқасында өнім сапасы артып, бәсекелестік те күшейеді.

Диқандар облысты картоппен толық қамтамасыз етіп отыр. Алайда біраз бұрын осы картоптың бағасы шарықтап кеткені белгілі. Қазіргі таңда картоп бағасы едәуір төмендеді. Бұл бағытта бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуіне жол бермеу бойынша жұмыс қолға алынды. Нақты айтқанда, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауылшаруашылығы құрылымдарымен белгіленген бағамен сауда орындарына картоп жеткізуге кепілдік беретін меморандумдар жасауды тапсырды. Сондай-ақ, үстеме бағаны көтеріп қоюдың жолын кесу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг жүргізуді жалғастыруды міндеттеді.

Бүгінде облыстағы ауылшаруашылығы кәсіпорындарының қоймаларында 53 мың тонна картоп бар. Ал тұрақтандыру қоры мен сауда желілерін қосса, жалпы қор 61,6 мың тоннаға жетті. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл – халықтың маусымаралық қажеттілігін жабу үшін жеткілікті.

Қазіргі уақытта форвардтық келісімшарттар бойынша 3,2 мың тонна картоп, басқа да көкөністердің қажетті мөлшері жеткізілді. Сондай-ақ айналым схемасы бойынша көкөніс жеткізу жалғаса бермек.

Бұған дейін облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Қарағанды қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, соның ішінде картопқа бағасына үстеменің 15 пайыздан асуына жол бермеу үшін сауда желілерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Бүгінгі таңда екі кәсіпкер картоптың сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір сауда нүктесіне қатысты тексеру жүріп жатыр.

Сонымен қатар экономикалық тергеу департаментіне сауда орындарының үстеме баға шегін сақтамау фактілерін зерттеу тапсырылды. Барлық бұзушылық бойынша шаралар қабылданады.

Яғни облыста картоп, көкөніс қоры жеткілікті. Тек қымбатшылықты тудырмау үшін бағаны бақылау шараларын күшейту қажет. Ал бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *