Тарихы өткен ғасырға кеткен Қарағанды қаласындағы орталық саябақтағы талдардың халі мүшкіл. Қала тұрғындары «демалыс орнынан айырылып қаламыз ба?», – деп дабыл қағуда.
Айта кету керек, Қарағанды қаласында бірнеше саябақ бар. Бірақ көлемдісі осы орталық саябақ. Дегенмен, жер көлемі жағынан тағы да бір үлкен бақ болды. 1939 жылы Қазақстан ғылым Академиясының филиалы болып Қарағанды Ботаникалық бағы ашылған болатын. Негізгі мақсаты – Қарағанды қаласын және Орталық Қазақстанды көгалдандыру болатын. Ботаникалық бақта бұрынғы Кеңестер Одағының әр жерінен атақты ғалымдар келіп жұмыс істеп, ғылыми тәжірибелер жүргізген. Өкінішке орай, еліміз егемендік алғасын жоғалтып алдық, құрып кетті.
Қазіргі орталық саябақ сол Ботаникалық бақтың жалғасы және ҚарЛАГ-тың ізі бар. Сондықтан орталық саябақты тарихи-мәдени саябақ деуге негіз бар. Орталық саябақ 1946 жылы ашылған. Аумағы – 149 га, үш көлі, түрлі ағаш пен құстар бар.
Былтыр үшінші көлдің жағалауы жөнделді, үлкен көлде тазалау жұмыстары басталды. Көптеген бала, үлкендерге жаттығу, спорт алаңдары және веложолақ бар. Жақсы безендірілген, мерекеге арнайы безендіріледі.
– Дабыл қағып отырған себебім, саябақта коммерциялық кіріс алуға көп көңіл бөлініп, жасыл желек азайып барады. Мұнда коммерциялық құрылыс салу нормасы сақталған ба? Коммерциялық құрылыстың ара қашықтығына сай келе ме? Кім жауап береді? Саябақтағы ағаштардың мүшкіл халі туралы айтып-ақ жатырмын. Сең қозғалғандай болды. Жақында менің құзіретіме жатпаса да, Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтына хабарластым. Қаламыздағы мәдениет және демалыс саябақтары басқармасына барып, басқармаға қарайтын саябақтар мен саяжолдардағы ағаштарды зерттеп, дендрологиялық жоспар жасап, жаңадан қандай ағаштар отырғызып және бұрынғы ағаштарды қалай аман алып қалу керектігіне ғылыми негізделген жоспар жасап берулеріне хат жолдадық. Кешке қарай маған, хатымыз Алматы қаласындағы институты филиалына жіберілгені туралы хабар келді. Алматыдағылар дендрожоспар, көгалдандыру жоспарын және ұсыныстар беруге институт дайын екендігін, – айтты дейді табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев.
Жауапта саябақ алаңына алдын-ала геодезиялық, геологиялық, гидрогеологиялық барлау жасау керектігі, сонымен қатар көгалдандыру жоспарын түзу керектігі айтылған. Бұл іс онымен бітпейді. Архитектуралық және дендро жоспарлар да жасалуы тиіс. Көп жылғы ағаштарға да баға берілу де жобаланған.
Айта кету керек, облыс орталығындағы тарихи саябақтағы талдарды аман алып қалу үшін және жаңадан ағаш отырғызып күту үшін өте қажет жұмыс.
– Жасыратыны жоқ, қаламызда көктемде және күзде ағаш отырғызу сенбілігінде саябаққа жүгіреді күректерін алып, отырғызатын ағаштары стандартқа сай ма, біздің өңірге биімделген бе? Онда жұмыстары жоқ. Ағаштардың биологиялық ерекшеліктерін, экологиялық қасиеттерін ескермейді. Өкініштісі, отырғызғасын ұмытып кетеді. Қаламыздағы мәдениет және демалыс саябақтары басқармасына қарасты саябақтар мен саяжолдарды аман алып қалу және жаңадан ағаш отырғызып күту үшін, дендрожоспар жасап, ғылыми негізделген көгалдандыру жоспарына тиісті қаражат бөлуді сұраймыз, – дейді Сәкен аға.
Айтып, айтпай не керек, орталық кіреберістен бастасақ, сау ағаштардан, ауру ағаштар көп. Саябақтың батыс бөлігіне барсаңыздар шошып кетесіздер.
Ағашты дұрыс шырпымай, қуыс пайда болған, уақытында қуысты емдемегесін осындай халге жеткен.
Саябақта ағаштарға зиян келтіретін – газ бен түтін. Саябақтың ішінде техника, әсіресе дизельді техника көп жүреді. Әрине күнделікті тазалау үшін, түсінікті. Дегенмен техника жүрісін азайтуға болушы еді. Қоқыс шығару үшін ( қағаз, пластик пакет, бөтелке) үлкен жүк машина, соңынан тиегіш (погрузчик) келеді. Екі дизельді техника кеткесін, көк түтін көпке дейін тұрады, өйткені саябақта тымық, түтін тұрады.
– Қаншама жыл айтылып келеді, ең бірінші саябақ ағаштарын, құстар мен көкжелек санитарлары жорғалаушы жәндіктерді құртып, ауаны ластап жатқан дизель, бензин түтінінен құтылу үшін саябаққа арналған электротехникаларды алдыру керек, – дейді ауыл шаруашылығы ардагері Ниқанбай Омарханов.
Жазды күндері де түтінге тал ысталады.
– Жазда гүлдерді суару үшін МТЗ тракторы су әкеледі, көк трактор кеткесін көк түтін көпке дейін тарқамайды. Гүл суаруға жазғы су құбырын істеуге болушы еді. Жоқ. Қалада мерекелер негізінен орталық саябақта өтеді. Мерекеге дайындық, біткесін жинаған кезде көптеген техника кіріп шығады. Түтін барлығы ағашта қалады. Тоқтату керек. Нәтижесінде қазір сау ағаштан, ауру ағаштар көп және ағаштарда күтім жоқ. Өйткені орталық саябақта орман шаруашлығы мен көгалдандыру мамандары жоқ. Әр істің өз мамандары болуы керек. Ландшафтық дизайнер және дендрожоспар деген жоқ. Қанша ағаш бар және ағаш түрлері белгісіз. Сенбіліктерде кімнің қолына қандай ағаш түседі, отырғыза береді. Ағаш отырғызғанда, ағаш түрлерінің биологиялық ерекшеліктерін, экологиялық қасиеттерін, көбею ерекшеліктерін, топырақтың құрамын, күннің көзін жақсы көретін, керісінше көлеңкені ұнататын ағаш түрлері бар, осыларды ескеру керек, бірақ ескерілмейді, өйткені тағы айтамын, маман жоқ, – дейді Сәкен Келдібаев. Сонымен қатар, ол кісі орталық саябақтағы ағаштардың бірнеше ауруына тоқтала кетті. Мысалы, көптеген ағаш кәрі, күтім болмағасын және газ-түтіннің кесірінен ерте қартайған. Ағаштардың діңінде қына мен мүк көп. Зияны – ағаштарға ауа өтпей қабықтары түсіп қалады. Ағаштарда қуыс көп. Дұрыс шырпылмаған, шырпылған жерге арнайы паста жағылмаған.
«Саябақ – қала көркі! Саябақ – денсаулық кепілі! Саябақты келеші ұрпаққа аман алып қалуымыз керек!», – дейді қала тұрғындары.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ