Ұлы Отан соғысындағы Ұлы жеңіске 80 жыл толуына орай, қолыма қалам алып мына тамаша туынды туралы ой толғауды жөн көрдім. Себебі, бұл портреттегі кейіпкерді қарағандылықтар білікті дәрігер, ортопед-травматолог, хирург ретінде жақсы біледі, бұл әрине Мақажанов Хафиз Жаңабайұлы.
Қарағандылық танымал хирург – Хафиз Жаңабайұлы Мақажанов 1915 жылы Павлодар облысы шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Алматы медицина институтына оқуға түседі.
Ұлы Отан Соғысы басталысымен Х.Ж.Мақажанов мезгілінен бұрын 5 курста оқып жүрген кезде соғысқа шақырылады. Соғыста өткен 4 жылдың алғашқысын полк дәрігері боп бастап, кейін госпитальдің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарады. Соғыстан аман-есен оралған соң, 1947 жылы Қарағандыда хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасты.
Х.Мақажанов травматолог-ортопед, дәрігер, Қазақ ССР Еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол соғыстан оралған соң бейбіт өмірде де, медицина саласына көп еңбек сіңірді. Ол Орталық Қазақстанның хирургия және травматология қызметінің дамуына зор үлес қосты. Қарағанды облысының көптеген аудандарында ауруханаларда хирургия бөлімшелерінің ашылуына үлес қосты.
Х.Мақажанов 1-2 дәрежелі Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Денсаулық сақтау үздігі» төс белгісімен, «Жоғары мектеп үздігі» медальдармен марапатталған. Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазір біздің қаламызда Х.Мақажанов атындағы клиника бар ол науқастарға аяқ-қол, сынықтарын, буын, бұлшық ет т.б. емдеу үшін қызмет көрсетіп келеді. Клиниканың алдында хирургтың құрметіне ескерткіш те қойылды. Ол ескерткіш (2015 жылы) профессордың 100 жылдығына орай орнатылған болатын авторы Қарағандылық суретші М.Аманбаев.
Мақажанов 1987 жылы қайтыс болды.
Бұл тамаша портреттің авторы талантты суретші Төлеуғали Кеңесбаев.
Төлеуғали Алмазұлы Кеңесбаев Қазақстанда ұлттық өнердің қалыптасып өркендеу кезеңінде еңбек еткен суретші. Кеңесбаев Төлеуғали 1944 жылы Қытай Халық Республикасының Шихо қаласында дүниеге келген. Кейіннен 1955 жылы отбасы Қазақстанға (Шығыс Қазақстанның Семей өңіріне) көшіп келді ол мектепті осы жақта оқып бітірді. Төлеуғали ағамыз 2014 жылы дүниеден өтті.
Төлеуғали Алмазұлы 1966 жылы Алматы көркемсурет училищесін тамамдаған, ұлттық эстетиканың алғашқы дәні де осы кезеңде себілген еді. Оның училищеде алған кәсіптік білімі, Мәскеу полиграфиялық институтында жалғасын тапты сонымен қатар еуропалық және әлемдік өнерде де білімін толықтырды. Бұл институтты тамамдаған жас маман суретші-иллюстратор мамандығын алып кітап графикасының маманы болып шықты.
1974 жылы жоғарғы оқу орнын тамамдаған соң Қарағанды қаласына оралады да, бірден республиканың суретшілер өнеріне кіріседі, 1975 жылдан бастап алдымен қалааралық, содан соң республикалық көрмелерге қатыса бастайды.
Суретшінің сүйікті тәсілі – линогравюра. Сол арқылы ол индустриальды табиғат көріністерін тарихи пайымдауларды, портрет жанрын аша түседі. Замандастарының және тарихи тұлғалардың күрделі де өзгеше ерекшеліктерін кейіпкерлердің қимыл әрекеті арқылы ерекше әсерлі бейнелейді. Бұл оның бойына біткен табиғи қасиеті.
70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басы оның творчествасының шыңға шырқаған шағы еді. Ол линогравюра техникасында Қарағанды қаласына арнап көптеген туынды салды «Хирург Х.Ж.Мақажановтың портреті» және тағы да басқа шығармалар. Мұндай тарихи тұлғаларды сомдаған кезде, жалпы портретті салғанда кез-келген суретші түр ұқсастығын бере алуы мүмкін, ол оның ішкі жан-дүниесін, көрегендігін, батырлығын, данышпандығын кейіпкердің образын ашу үшін ол суретші философ, психолог талантты шебер болу керек, бұл қасиеттің барлығы Төлеуғали ағамыздың бойынан табылды, ол көп оқитын, ізденетін, зерттейтін, талантты суретші болды.
Бұл туынды линогравюра техникасында орындалған сондықтан осы техникаға қысқаша тоқталар болсам, линогравюра – гравюраның линолеумда жасалатын түрі. Линолеумге қиып салынған сурет тақтайша бетіне түскен суретке қарағанда оңай, себебі ол жұмыс жасауға ыңғайлы. Орамнан кесіп алынған линолеумнің бір жапырағын түзу жазылу үшін аздап қыздырып, содан соң пресстің астында ұстайды. Дайын болған линолеум бетіне қылқалам арқылы тушьпен сурет салып алу қажет. Қажет емес сызықтар тіс тазалайтын ұнтақ және желімнің қосындысымен сыланып бітеледі. Линогравюралар бір түсті немесе түрлі түсті болады.
Суретшінің сүйікті техникасы линогравюрада сәтті шыққан туындының бірі ол «Хирург Х.Ж.Мақажановтың портреті» біз осы туындыға тереңнен тоқталайық.
Осыдан бірнеше жыл бұрын суретшінің жұбайымен кездесіп сұқбаттасқан болатынбыз, дәлірек айтсам 2019 жыл еді… Бұл портретті салу жайлы ұсыныс суретшінің жұбайы Гүлжан Қаппарқызынан түскен екен, көзі тірі кезде Гүлжан апаймен сұқбаттасудың сәті түскен еді, сол кездегі сұқбаттан үзінді.
Гүлжан Қаппарқызының айтуы бойынша, Хафиз Жаңабайұлы нағашы туысы болып келеді бірнеше мәрте дастархандас, дәмдес болған жандар, күндердің бір күнінде Гүлжан апай:
– Төлеуғали «Хафиз ағаның портретін салсаң… ол кісі де қанша жүрер дейсің… мұндай тарихи тұлғалар ел есінде қалу керек деген» ұсыныс айтады. Осы ұсыныспен Төлеуғали ағамыз Хафиз Жаңабайұлына барған кезде, ол кісі қарсы болмайды бірақ дәрігер, хирург жұмыс басты адам, ылғида жүгіріп, асығып жүретін суретшінің алдында отыруға мүлде уақыты жоқ еді, сол себепті де Төлеуғали ағамыз бұл портретті негізінен фотосуретке қарап салды, әрине Хафиз ағамызбен кездесті, әңгімелесті, шахмат ойнап отырып, шай ішіп отырып, әңгімелесіп отырып зерттеді, клинакаға барып кабинетін көріп жұмыс орнымен жете танысты әрине көп еңбек етті. Сол қажырлы еңбектің арқасында осындай тамаша туынды жазылып шықты. Суретші бұл портретті жарты жыл салды. Бұл портретті Хафиз Жаңабайұлы өзі көрді, әрі өте жақсы сәтті шыққан туынды «маған қатты ұқсайды» – деп бағасын да беріп кетті. Хафиз Жаңайбайұлы мінезі қатал, өте талапшыл маңғаз адам болған екен, әрі қазақ балаларына жаны ашып қолынан келсе қол ұшын созып көмегін аямаған, олардың әрі қарай өсіп, жақсы адам болуы үшін ешқашан аянған емес ылғида кеңесін айтып көмектесіп тұратын еді. Дәрігер ретінде де, жалпы өмірлік кеңесін де беріп отыратын, – деп аяқтады сөзін Гүлжан апай.
Ал Төлеуғали ағамыздың мінезіне келер болсақ, өте жұмсақ, кең пейілді, ешқашан дауысын көтеріп сөйлемейтін, қамқоршы әке, сүйікті жар бола білді. Домбырада да ойнап үйде отырып ән салғанды да ұнататын. М.Мақатаев, Қ.Аманжоловтың жырларын жатқа білетін. Балаларын қатты жақсы көрді, олардың әрқайсының жеткен жетістігіне қуанып марқайып отыратын, ешкіммен артық жұмысы жоқ, тек өзінің суретін салып отыра беретін, – деп еске алған еді жұбайы Гүлжан Қаппарқызы. Бүгінде Гүлжан апамыздың өзі де бақилық болып кетті.
Х.Мақажановтың қарағандылықтар мен қазақстандықтар үшін жасаған еңбегі өте зор, сондықтан да біз еліміз үшін еңбек еткен осындай тұлғаларды ешқашан естен шығармауымыз керек.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары