Біздің ауылдың майдангерлері

Мемлекет құрғанына 23 жыл ғана болғанда, мұқым Еуропаның дамыған елдерін тұқыртқан фашистерді біздің Қаһарман кеңес армиясы өлімші етіп жеңіп қана қоймай, Жеңіс туын Берлинге апарып-тігер жолда гитлершілдер олжалаған елдерге де азаттық әперді. Жауынгерлер саны мен соғыс-техникасының саны немістерден екі есе аз бола тұра, КСРО-ның фашизмді жеңуі – «Бірлік бар жерде – тірлік бар» екенін әлемге әйгіледі!

Отан соғысы жарияланғанда, мыңдаған қазақстандық әскери комиссариаттар арқылы майданға аттанып, атажаумен шайқасты, көпшілігі шәйіт болды. Қарағанды облысының шалғайдағы Қу (бұрынғы Егіндібұлақ) ауданы Арқалық ауылынан 90-ға жуық 18-дегі жігіттер мен отыз-қырықтағы отағалары майданға аттанып, жартысына жуығы соғыста шәйіт болды. Хасеновтер шаңырағының 4 азаматы қаза тапты. Елге сау оралғаны, мүгедек боп оралғаны бар, жеңіспен жеткен 37 жауынгер халық шаруашылығын қалпына келтірісті, мамандық алып әлеуметтік салада қызмет атқарды, мал өсіріп, ауылдың экономикасын нығайтты.

Міне, осы Арқалық ауылының соғыста шәйіт болған, соғыстан соң бертінге дейін ауылға еңбек сіңіріп өмірден озған ҰОС қатысушылары есімдерін биыл ауылдың Егінбай Нәзірұлы Слямов бастаған азаматтары базальт тақта-тасқа жаңалап ойып-жазып, алаңға күнұзақ сөнбейтін «Мәңгілік алау» орнатып, 9 мамыр күнін жеткіншектерге өнеге, елге Жеңіс мерекесі етіп өткізуге дайындап қойды, құтты-қайырлы болсын!

Бүгін-ертең мына фотодагы биік ақ тұғырға орнатылмақшы базальт тақтада майдангер әкем Асқаров Қожаның, інісі Асқаров Насыр ағатайымның есімдерін, кезінде «Қожекеңнің баласы!» деп еркелететін майдангер аталардың аттарын көріп, Жеңіс күні орнатылуын күтпестен, қалалық «Арқа ақшамы» газетіне жіберіп отырмын: «игіліктің ерте-кеші жоқ» деген!

Аталар ерлігін жастарға өнеге ету үшін олардың аттарын көрнекілеп қымбат тасқа жаздырған бауырларыма рахмет! Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың:

Біз, қазақ деген, мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз.

Еліміздің шетін жау баспасын деп,

Басымыздан сөз аспасын деп,

Найзаға үкі таққаг елміз,

дегеніндей, адамзаттың қас-жауы – фашизмді жер бетінен жоюға қатыспаған, 1941-45 жылдарғы соғысқа жауынгер аттандырмаған бір де бір қазақ отбасы жоқ екен!

Иә, біз бейбітшілік сүйгіш халықпыз, дұшпанның әрекетін көрсек, батырлық рухы оянатын ер халықпыз. Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын, ардақты жерлестерім!

Назипа АСҚАР,

журналистика ардагері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *