Биыл Жеңіске – 80 жыл. Осыған байланысты «Қанша соғыс ардагері айтулы датаны қарсы алады?» деген сұрақпен Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесіне хабарластық. От кешіп, жеңісті жақындатқандардың саны сиреп бүгінде арамызда аймақ бойынша сегізі ғана қалған екен…
Солардың бірі 1923 жылғы 1 қаңтарда Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған Сұңғат Сәттіғұлов ақсақал.
Сұңғат Сәттіғұлов қан майданға 1942 жылдың маусым айында аттанып, Сталинград түбіндегі шайқасқа тап болады. Алдында Алматы қаласында жаяу әскер училищесінде оқып, дайындықтан өткен. Минометшілер взводын басқарып, жан алып, жан беріскен қиян-кескі ұрыстарды бастан кешіреді.
Өткен жылы Мәскеуде орналасқан «Үшінші мыңжылдықтағы білім» аймақаралық қоғамдық қорының жұмыс тобы (жоба жетекшісі Алексей Стороженко) Мәскеу үкіметі –сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментімен бірлесе отырып қарағандылық Ұлы Отан соғысына үш қатысушының естеліктерін Ұлы Жеңістің алдағы 80 жылдық мерейлі мерекесі алдында кинолентаға жазып алған еді.
– Сұраққа жауапты жайлап бастағанымен кейде ауытқып кетіп отырды. Енді қалай, оның жасы 101-ден асқан, соған қарамастан оқиға болған күндерді, ұрысқа қатысқан әскери бөлімшелердің рет санын, командирлерінің аты-жөнін осы күнге дейін ұмытпаған екен, – дейді түсірілімді жүргізуге көмектескен облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Аман Жанғожин.
Сталинград түбіндегі шайқас 200 күн мен түнге созылып, ақыры неміс-фашист басқыншыларының 330 мың әскерінің қоршауға алынуына ұласты емес пе?! Бұл осы соғыстағы ұлы бетбұрыс болды. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград операциясы аяқталып, жау берілді.
Бірақ, мұны Сұңғат радиодан естіп білді, өйткені кескілескен ұрыстардың бірінде, 1942 жылдың 9 желтоқсанда ауыр жараланып, Саратов госпиталінде емделіп жатқан. Емделіп шыққаннан кейін де қайсар қазақ жауынгері алдыңғы шепке сұранған, сөйтіп тағы бір ірі шайқасқа қатысып, туысқан белорусь елін, оның астанасы Минск қаласын азат етеді.
Тек 1947 жылы ғана туған жеріне оралады. «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерекелік медальдармен марапатталған.
1947 жылы Алматы облысындағы Шамалған құрылыс техникумында білім алады. Техникумды бітіргеннен кейін ауылдық құрылыста бригадир болып жұмыс істеген, ардагер Солтүстік Қазақстан облысындағы өнеркәсіп нысандарының құрылысында жұмыс атқарады. 1956 жылы Сұңғат Смағұлұлы Қарағанды қаласына қоныс аударады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ