Мейрамның мерейлі биігі

Кеңес ағаны Қарағандыға келгеннен бері білеміз. Арқа түгілі, кеңбайтақ Қазақстанға аты мәлім, танымал тұлға. Талантты театр актеры, белгілі өнер иесі. Осы Кеңес аға Жұмабековтің ұлы Мейрамды да сонау студент кезінен білемін. Бәріміз оқыған ҚарМУ-дің филология факультетіндегі орыс бөлімінде оқыды. Жақынырақ танып, араласқаным – 2005 жылдан бастап. Осынау жиырма жылдың жүзінде ағалы-інілі болып, сый-құрметпен келе жатырмыз. Енді кейіпкерімнің ғұмырдариясына шолу жасап көрейін.

Мейрам Кеңесұлы Жұмабеков – 1975 жылы сәуірдің 28-ші жұлдызында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасындағы бастауыш сынып мұғалімі Шмейлина Зинаида Федоровнаның тыңғылықты оқытуының нәтижесінде кітап оқуға құмарлығы артқан. Ортаңғы сыныптарға өткенінде өлең жазуды бастаған. Алғашқы жауқазындай балаң жырлары сол оқушы дәптеріне қонған екен. Осы кезде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Колосова Раиса Владимировнаның көп көмегі тиеді. Балауса жасқа өмірлік бағыт беріп, арман-қиялына қанат байлаған. Әрине, оған дейін де бала Мейрамның отбасында алған тәлім-тәрбиесі, әдебиетке деген қызығушылық сезімі қалыптасып қалған еді. Әкесі Кеңес Нарымбайұлы Жұмабеков – белгілі актер, драматург, Қазақстанның еңбек  сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Анасы Майра Ғафизқызы Ержанова – педагог, ұстаз. Осындай білімді де білікті, өнерлі ата-анасының арқасында кішкене Мейрам әдебиетке ерте жақындап, болашақ мамандығын бала күндерінде-ақ таңдап қойған секілді. Мектеп бітірісімен сол арманын арқалап, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсуге келеді де, бағы жанып, студент болып қабылданады. 1992-1996 жылдар аралығында осы оқу орнында оқып, ойдағыдай аяқтап, сосын магистратурасын жалғастырған. Филология магистрі болып шыққан. Бакалавриатта да, магистратурада да көптеген көрнекті ғалымдар, ұлағатты ұстаздар дәріс берген. Атап айтқанда, Матяш С.А., Тэн А.Н., Савченко Т.Т., Смағұлова Р.Ш., Тоқсанбаева Ш.А., Смағұлов М.К., Баяманова Р.Г., Алибекова Г.М., Ветренко Т.Е., Цой Е.П., Попов А.Н., Любонская Л.П., Горбунова Г.З. тағы басқа да оқытушылар мен профессорлар құрамы арманшыл жастың білім мен ғылым көкжиегін кеңейте түсіп еді. Магистратурада жүргенде ғылымға түбегейлі бет бұрып, болашақ кандидаттық диссертациясының тақырыбын дайындап, ғылыми жетекшісі ретінде филология ғылымдарының  кандидаты, доцент Бралина Сәуле  Жәлелқызы (Сихымбаева) бекітіледі. Мейрам Кеңесұлының зерделі ғалым болып шығуына осы Сәуле Жәлелқызының еңбегі ерекше болды десек, артық айтқандық емес. Сәуле апайдың үнемі қадағалап, көп тапсырмалар беріп, оны орындатудың нәтижесінде 2004 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының жанындағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында филология ғылымдарының кандидаттық дәрежесін алуға диссертация жазып, соны сәтті қорғап шыққан. Сол қорғаудағы Ғылыми Кеңесте Қазақстанға белгілі марғасқа ғалымдар:  С.Қирабаев, Ж.Ысмағұлов, С.Қасқабасов, Б.Құндақбаев, Ә.Нарымбетов, А.Ісмақова және тағы басқалар  жақсы пікірлерін білдіріп, жас ғалымға үлкен сенім артып, жауапкершілік жүктеген. Мейрамның орысша жазып, қорғаған ғылыми тақырыбына қызыққан белгілі қазақ фольклортанушы ғалымы Едіге Тұрсынов та қатысқан. Бұл ғалым Ғылыми Кеңестің мүшесі болмаса да өз тарапынан қызығушылық танытып, диссертантқа тақырыбына байланысты сұрақтар қойып, жылы пікірін білдірген екен.

Ғылыми еңбегін қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алғаннан соң жас ғалым Бөкетов университетінің Ғ.Ә.Мейрамов атындағы орыс тілі және әдебиеті практикалық курсы кафедрасында  оқытушы, аға оқытушы, доцент болып қызмет атқарды. 2005-2007 жылдар аралығында филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2007-2018 жылдары 11 жылдай журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметінде жемісті еңбек етті. Осы мерзімде журналистика кафедрасы үлкен жетістіктерге жетті. Басқасын айтпағанда, екі елеулі еңбекті атап өтуге тиіспіз. Біріншісі – Мейрамның өз ұсынысымен кафедрада «Қоғаммен байланыс» деген жаңа мамандық ашылды. Бұл мамандық – қазіргі технологиялық жаңа заманда және еңбек нарығында зор сұранысқа ие екендігі белгілі. Екіншісі – «Журналистика» мамандығында магистратураның ашылуы.

Жұмабеков Мейрам Кеңесұлы әдеби шығармалардың авторы және Абай, Шәкәрім, Қасым Аманжолов, Серік  Ақсұңқарұлы және басқа да қазақ ақындарының поэтикалық шығармаларының аудармашысы ретінде танымал. 2003 жылы Қарағанды қаласында өткен Қасым Аманжолов атындағы Бірінші облыстық поэзия байқауының лауреаты атанды.  2012 жылы Арменияның Ереван қаласында өткен Сильва Капутикян атындағы  халықаралық әдеби байқауда  үшінші орынға ие болды. 2015 жылы Алматыда өткен «Алтын көпір» деп аталған халықаралық аудармашылар байқауында екінші орын алды. 2016 жылы Калининград қаласындағы «Алыстан алысқа» дейтін халықаралық байқауда  екінші  орын иеленген. 2016 жылы «Ұлы Жеңіс батырлары – 2016» деп аталатын  Екінші Бүкілресейлік әдеби байқауының жеңімпазы болды. 2017 жылы  Мәскеу қаласында өткен XVII Халықаралық Пушкин байқауында Австралия, АҚШ-ты қоса алғанда, жақын және алыс шет елдердің қатысушыларының арасында лауреат атанған.

Өзінің жеке шығармашылық әлемінде «Көк гүлдер» (2015 ж.), «Өмір сүру бақыты» (2018 ж.) кітаптарының авторы.

Қазіргі уақытта Мейрам Кеңесұлы – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің журналистика кафедрасында қауымдастырылған профессор болып еңбек етуде. «Журналистің кәсіби этикасы», «Заманауи журналистиканың жанрлары мен формалары», «Спорт журналистикасы», тағы басқа бірнеше пәннен студенттер мен магистранттарға дәріс береді, сабақ жүргізеді. 50-ден астам ғылыми мақалалары жарық көрген, оның ішінде халықаралық жоғары деңгейдегі скопус базасына енген үш мақала, РИНЦ-те бес мақала, ККАСОН-да үш мақаласы бар.  Бұларға қоса, екі оқу құралы және бір оқулық  дайындаған.

…Сонау бір жылдары кафедра меңгерушісі болып жүргенінде, мен ол кезде қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы едім. Бір күні Мейрам мені шақырып: «Біздің кафедрада жарты ставкалық жұмыс бар. Қазақ әдебиеті пәнінен. Осыған келісесіз бе?» деді. Мен өзім әдебиетші, филолог едім және істеп жүрген жұмысым бір ставка болғандықтан, қосымша істейін деп келісім бердім. Сонан журналистика бөліміне қазақ әдебиетінен сабақ бере бастадым. Ол жақтың студенттері де мені жылы қабылдады (әрине, сол кезде осыдан 10 жылдан аса уақыт өткенде осы кафедраға келіп жұмыс істейтінімді, Мейрам бауырыммен күнде аралас-құралас бір жерде қызмет қылатынымды білген де, сезген де жоқпын…).

Сөйтіп, арада он бір жыл өткенде, бұл кезде мен Қарағанды «Болашақ» университетінде қызмет істейтінмін. Тағы да бір күні Мейрам мені Бөкетов университетіне қайтадан жұмысқа шақырды. Бұрынғыдай филология факультетінің журналистика бөліміне. Тек 0,5 ставка емес, бұл жолы толық штатқа шақырды. Бұрын аталмыш кафедрада қосымша істегенім есіме түсіп, газет-журналдарда тәжірибе жинақтап, баспасөз-редакция жұмыстарынан хабарым бар екенімді ойлап, шақырған жерге жұмысқа келдім. Бұл – 2014 жылдың қоңыр күзі еді… Міне, сонан бері он бір жылға жақын уақыт өтіпті. Бір кафедрада болашақ журналистерге дәріс оқып, әріптес болып, аға-інідей араласып, сый-құрметпен ғұмыр кешіп келеміз. Бұл – Мекеңнің үлкенге де, кішіге де жаны қалмай жақсылық жасап жүретін бауырмал жүрегі, яғни, азаматтық hәм кісілік қыры. Екінші бір қыры – іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті, адамдармен жұмыс істей білу, кімнің болсын тілін таба білу шеберлігі. Үшінші, төртінші… деп әрі қарай айта беруге болады. Зерделі зерттеуші-ғалым, ұлағатты ұстаз, қауымдастырылған профессор, кәсіби аудармашы, әуесқой спортшы (волейбол, футбол, шаңғы, шахмат, т.б. спорт түрлерінен өтетін жарыстардың жеңімпазы), журналист-публицист, жазушы. Осылардың бәрі бір-бір төбе, бір-бір қыр десек те болады.

Халық даналығында: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», «Нағыз жігітті жұрт мақтаған» дейтін қанатты сөздер бар. Осы тұрғыдан келгенде, біздің Мейрам – жан-жақты, білімді де білікті азамат. Қарапайым, ақкөңіл де адал, әзіл-қалжыңды жақсы көретін жайдары жігіт. Журналистика кафедрасын 11 жыл басқарған ұйымдастырушылық қабілеті зор, заманауи іскер, тәжірибелі маман. Шығармашылық әлеуеті де мықты. Ұстаз, ғалым, журналист, аудармашы, спортшы ретінде Мейрам Кеңесұлы Жұмабеков көпшілікке танымал тұлға! Бұған қоса, ел-жұрты қадірлеген азаматтың отбасы да көпшілікке үлгі-өнеге боларлықтай. Құдай қосқан жары – Тоғжан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы. Қарағанды қаласындағы №57, С.Саттаров атындағы мектеп-лицейде мұғалім. Үлкен ұлдары – Нүркен, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде химия мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Екінші ұл – Нұржан, Алматыдағы Сүлейман Демирел атындағы халықаралық университетінің студенті, қаржыгер мамандығында. Үшінші ұл – Нұрәли, мектептің 6-шы сыныбында оқиды. Төртінші ұл – Ғанижан,  балабақшаға барып жүр.

Осындай сегіз қырлы, бір сырлы біздің Мекең осы сәуірде ердің жасы елуге толады. Елудің биігінде халқының сый-құрметіне бөленген бауырымызды, досымызды, әріптесімізді мерейлі жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық-бақыт, шығармашылық табыстар, жақсы жаңалықтар мен жарқын жетістіктер тілейміз! Ұрпақ қызығы мен еңбек жемісін көріп, ғұмырлы болыңдар! Той-тойға ұласып, ұзағынан сүйіндірсін!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

                                       Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті,

                                            журналистикасы  кафедрасының аға оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *