«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының Шет ауданы бойынша кеңесшісі Ләззат Арыстанбекова: «Қозғаушы күш – қамқор көңіл мен ынта»

«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығын құруға не түрткі болды? Алғаш жұмыстарды қалай қолға алдыңыз?

– Облыс орталығында «Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігі бұрыннан барын білетін шығарсыз. Оны Ләззат Қожахметова ашып, көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға билік пен бұқара арасында дәнекер болып бастап, көптеген істі қолға алған. Осы қоғамдық ұйым 2022 жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыспен Шет ауданында «Көпбалалы отбасыларды қолдау орталығын» құрып, кеңесшілікке мені тағайындады. Мен оған дейін Шет ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығында 8 жыл жұмыс жасадым және Шет аудандық ХҚКО-ның көшбасшысы болдым, Отбасы банкінде де жұмыс істеп жүрдім. Отбасы банкі мемлекеттік банк болғандықтан, мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жасайды. Барлық істеген жұмысым халықпен жұмыс жасау болған екен, біздің ауданда ашыла бастағанда маған ұсыныс жасалды кеңесші болуға, ол ұсыныс ұнап, халықпен жұмыс істеу қолымнан келгендіктен қуана қабылдадым. Отбасы банкінен біраз уақыттан соң шығып кетіп, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында жұмысымды жалғастырып келемін. Жұмыстарды жеңіл қолға алып бастап кеттім, себебі Халыққа қызмет көрсету орталығындағы барлық бағдарлама, eGov қызметтерін жақсы білемін, жоғарыда айтқандай Отбасы банкінің мемлекеттік бағдарламаларын, үйге кезекке қою, балабақшаға тіркеу т.б.

Орталық құрылғалы «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетеді. Отбасы институтын нығайту және әл-ауқатын арттыру мақсатында жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз.

– Ең бірінші қандай жұмыстан бастадыңыздар? Тұрғындар бірден естіп, сіздерге жүгініп кеткен жоқ шығар?

– Алғаш мен жұмысқа орналасқан кезде «Шаңырақ» орталығы бір-екі ай шамасында жұмысын бастап кеткен болатын. Аудан тұрғындары ашылуына да келіп, естіп-біліп, жүгініп жүрді. Ең бірінші маған жоғарыда айтылған күнделікті халықтың тұрмысына керекті сұрақтармен келе бастады. 2022 жылдың тамыз айынан жұмысқа кірдім, сол тамыз айында «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұранмен аудан әкімдігінің қолдауымен аудан орталығында «Мектепке жол» науқаны кезінде ауданымыздың қолдарынан өнерлері тамған көпбалалалы аналарды жинап жәрмеңке ұйымдастырдым. Жәрменкенің мақсаты өз қолдарымен жасалған құрт, май, қымыз, сүт өнімдерін, тоқыма, көрпе және тәттілерін пісіріп сатып, жинаған ақшаларына балаларын мектепке дайындау. Жәрмеңкеміз керемет деңгейде өтті.

– Нақты қызметтерді атап өте аласыз ба?

– Жобаның мақсаты мен міндетіне көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға тиімді қолдау көрсету, көпбалалы отбасылар арасында іскерлік, көшбасшылық бастаманы дамыту кіреді. Белгіленген міндеттерді кешенді шешуге «Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ ықпал етеді. Онда мынадай қолдаулар қарастырылған:

— көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға ақпараттық және құқықтық қолдау мәселелері бойынша консультация ұйымдастыру;

— консультанттардың жұмысы туралы ай сайын есептер беру;

— ақпараттық буклеттер шығару, тарату: 10 дана (қажет болған жағдайда қосымша парақтарды шығару);

— «көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау» шараларын веб-ресурс qaragandy.analary инстаграмм парақшасында және shanraq.kz сайтында жариялау;

— көпбалалы және тұрмысы төмен аналарға жаңа дағды мен мамандыққа баулитын пішу және тігу курстары, қол өнеріне үйрету, әдемілік саласындағы қызметтерге үйрету, аспаздық іс, қазақтың ұлттық қолөнеріне (кәдесыйлар, қазақи костюмдер, көрпе және басқа) жұмыстарын үйрету бойынша сабақтар жүргізу;

— әр сала бойынша консультациялық қызметтер көрсету;

— көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда әлеуметтік көмекке құжаттар ресімдеуге жәрдем беру;

— көпбалалы отбасыларға психологиялық және әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-медициналық, заңдық- консультациялық қызмет және гуманитарлық-қайырымдылық көмек түрінде өмір сүрудің қиын жағдайынан шығуда жедел кешенді қызмет көрсету;

— өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, «Агрокредит» кәсіпкерлікті дамыту қорымен, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығымен және кәсіпкерлердің басқа да қауымдастықтарымен бірлесіп көпбалалы отбасылардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, бизнес-жоспарларды әзірлеуге және қолдауға, өзі өндірген заттарды сату бойынша жәрдемдесу бойынша дөңгелек стол өткізу;

— көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың ата-аналары мен балалары үшін мәдени-көпшілік, спорттық шаралар ұйымдастыру;

— демеушілердің немесе қайырымдылық қорларының қатысуымен қаражат есебінен гуманитарлық/қайырымдылық көмек көрсету;

— мұқтаж, көпбалалы отбасыларға материалдық және өзге де қолдау көрсетуді қалайтын адамдардың/ұйымдардың және мұқтаж көп балалы отбасылардың арасында өзара ықпалдастық ұйымдастыру;

— Қазақстандағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар, оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған әлеуметтік тобына арнап семинарлар өткізу;

— «көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау орталығы» атқарған жұмысын қорытындылайтын форум өткізу;

— шараларды ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету.

– Алғашқы нақты жұмыстарыңыз есіңізде ме? Мысал үшін осындай жұмыс ұйымдастырып, мынадай нәтиже болды дейтіндей?

– Алғашқы жұмыстарым, 2022 жылдың қыркүйек айында «Amanat» партиясы филиалының жанынан құрылған Қостанай облысында өрт кезінде зардап шеккен отбасыларына көмек ретінде гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне өз үлестерімізді қосып, көмек қолын создық.

Жаңа машық меңгерту арқылы отбасы кірісін арттыруға мүмкіндік беру, табыс табу жолдарын үйрету мақсатында «Бет әрлеу, сұлулық негіздіері», «Тігіннің түрлері», «Тойларға арналған салат түрлері» «Шаш қию үлгілері», «Шаш – бүгінгі күндері үздіксіз пайда әкелетін қызмет» салаларына шеберлік сабақтарын әлі де өткізудеміз. Аудан орталығында ғана емес, Ақадыр кентінде, Сәкен Сейфуллин кентінде, Үңірек ауылына да барып өткіздік. «Өнегелі отбасы – мемлекет тұтқасы» атты алғашқы сайысты көпбалалы отбасылар арасында ұйымдастырған болатынмын. Әр мерекеде онлайн, офлайн форматтарында бүгінгі күнге дейін ұйымдастырудамын.

– Қаржы көзі, қаражат мәселесі негізінен қайдан қарастырылады? Халыққа түсінікті болу үшін айтып өтсек?

– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен «Шет ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ қолдауымен жұмыс жасап отырмыз

– Көпбалалы отбасылар негізінен көбіне қандай көмекке мұқтаж? Сіздерге қай жағынан жүгінеді?

– Жүгінген көпбалалы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратқан күніміз болды. Қыстың күні кей отбасыларға көмір түсіріп бергеніміз де бар. Жетпей жатқан жағдайда киім кешектер де үлестірдік. Мерекелер кезінде демеушілермен селбесіп, қап-қап ұндар, күнделікті тұрмысқа керекті заттар да таратамыз. Бастысы, ниет пен ынта болса, демеуші де, тиісті көздерден қаражат та табылатынын айтқым келеді. Бұл жұмыстың негізгі қозғаушы күші ұйымдастыра білу, мұқтаж жандардың жағдайына қарайласу ғана. Қалғаны бірте-бірте кезегімен шешілетініне көзім жетті. Мәселен қолдау орталығында қызмет көрсетілетін отбасылар әлеуметтік тұрғыда былай бөлінеді:

1) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгез қарым-қатынасқа байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдар (отбасылар);

2) отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесіне сәйкес шұғыл және дағдарыс деңгейіне жатқызылған адамдар;

3) көпбалалы отбасы – өз құрамында төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы;

4) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған, өмірлік қиын жағдайдағы отбасы.

– Алғашқы кезге қарағанда қазір жұмыс ауқымы кең шығар? Нақты салалар бойынша жүйелеп мысалдар келтіруге бола ма?

– Иә жұмыс ауқымы кеңеюде. Кәзіргі таңда менімен бірге психолог және заңгер жұмыс жасайды. Жекелеген консультациялармен қатар орталықта мынадай артықшылықтар көзделген:

  1. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялық сүйемелдеу; отбасының қоғамдағы жағдайына талдау және мониторинг жүргізу; жағдайы төмен отбасыларды анықтау; отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
  2. Қолайлы психологиялық ахуалды қамтамасыз ету мен жанжалдың алдын алу және жою үшін отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету; психологиялық тренингтер өткізу.
  3. Алимент, мүлік бөлу мәселелері бойынша заңгерлік тегін кеңес беру. Отбасымен медиативтік, бітімгершілік келісімдер жасау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
  4. Орталық қызметінің нәтижелері бойынша семинарлар, вебинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу.
  5. Отбасы мүшелерін мәдени шараларға қатысуға тарту.

– Сіздердің арқаларыңызда баспаналы болғандар бар шығар?

– Маған үйдің кезегіне тұруға жүгінген көпбалалы аналар кәзіргі таңда ауданымызда мемлекет тарапынан таратылған үйлерге ие болды.

– Орталықты дамытып, ауыл-ауылдарда жұмысын жандандыру ойда бар ма?

– Әрине орталықты дамытудамыз, жоғарыда айтылғандай шеберлік сабақтарды шалғай ауылдарда, орталыққа келе алмайтын көпбалалы аналарға өткізудеміз. Қазіргі таңда сурет сабағын аштық, балалардың жазғы демалыстарында пайдалы сабақ үйренсін деп. Кейбір мерекеде шалғай ауылдардағы көпбалалы отбасылардың балалаларын сайыстарға қатысу үшін онлайн форматтарда да өткізудеміз. Мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірме жұмыстарын жүргізугеде арнайы мамандарын шақыртып елді мекендерге барудамыз. Ауданымыздың ерекше балалаларына да мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау күні әр баланың үйіне сыйлықтарын жеткіземін. Жаңа жылдық меркелердеде сыйлықтарын табыстауға асығамыз. Атай берсе, мұндай қуаныш сыйлайтын әрекеттер жетіп артылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *